20.11.2022, 9:35
Оқылды: 44

Ақжайықтықтардың белсендігі жоғары

Бүгін – еліміз үшін тарихи күн, мемлекетіміздің болашағын айқындайтын сәт. ҚР Президентін кезектен тыс сайлауы еліміздің барлық өңірлеріндегідей, Ақжайықта да таңғы сағат 7.00-де басталды.

WhatsApp Image 2022-11-20 at 07.47.45

Сайлау учаскелерінде сазды әуен ойнап, мерекелік көңіл күй орнаған. Ауа райының жайсыздығына қарамастан, учаскеге келгендердің қарасы қалың. Өз таңдауын жасауға келгендер үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Кабиналарға қалам, көзі нашар көретіндер үшін лупа қойылыпты.

Кезектен тыс ҚР Президентін сайлауда ақжайықтықтардың белсенділігі жоғары екенін атап өткен жөн. Елінің ертеңіне алаңдаған, бейбіт күннің берекесін тілеген жұртшылық таң алакеуімнен сайлау учаскелерінен табылуда.

WhatsApp Image 2022-11-20 at 08.24.21

Аудан бойынша барлық учаскелерде сағат тілі 07.00-ді соққанда, Мемлекеттік Әнұран ойнатылды. Содан соң ең бірінші боп дауыс бергендердің барлығы учаскелік комиссия атынан сыйлыққа ие болды.

Аудан орталығының тұрғыны Сабыржан Нұрекешев жұбайы Шолпанмен аудан орталығындағы №26 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. Ең бірінші болып дауыс берген оған учаскелік комиссия төрағасы Жарас Мирұлы сый-сияпатын табыстады.

WhatsApp Image 2022-11-20 at 07.47.48

«Талай жыл көлік жүргізушісі боп қызмет еттім. Бүгінде зейнеткермін. Жолдасым екеуіміз ұл-қыз тәрбиелеп, немере-жиен сүйдік. Біз үшін ең бастысы – еліміздің тыныштығы, бейбіт өмір. Сайлауға қатысу – әр қазақстандықтың парызы. Өз құқығымызды пайдаланып, еліміздің алда қандай жолмен жүретінін өзіміз таңдауымыз керек», – дейді зейнеткер.

Айта кетелік, бүгін аудан бойынша 47 сайлау учаскесі бар. Барлығы 21281 сайлаушы тіркелген.

Аида Асылбек,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале