20.10.2020, 9:27
Оқылды: 1066

Аңқасы кепкен төрт түлік, шығынға батқан шаруалар...  

Биылғы жыл біздің өңір тұрғындарына әлемдегі індет, жағалай қойылған шектеулер, дәрі-дәрмектің тапшылығы, антисептік пен тұмшаны былай қойғанда ауылдағы ағайын үшін қуаңшылығымен есте қалары сөзсіз. Әсіресе облыстың оңтүстік аудандарында судың болмауы, мал азығының тапшылығы шаруаларды біраз сергелдеңге салуда.

Janakala

Жақында іссапармен Жаңақала ауданында болып, шаруалардың шарасыз күйін көзімізбен көріп келдік. «Шөпті бір амалын тауып, айшылық алыс жерлерден болса да жинап алудамыз. Ал еңбектеніп баққан малымызға ішерге судың болмауы шаруамызды қатты шайқалтып отыр. Алдағы жылда да осы жағдай қайталанар болса, мал басын азайтатын шығармыз», – дейді жаңақалалық шаруалар.

Janakala (1)

Мал бағуға әбден бейімделген Жаңақала ауданының тоғыз ауылдық округінде бүгінде 518 шаруа қожалығы тіркелген. Соңғы мәлімет бойынша ауданда 70 мың бастан астам ірі қара, 182 мыңнан астам қой-ешкі, 28 мыңдай жылқы, 600 бастан астам түйе бағылуда.

Janakala (2)

Кезінде шөбі шүйгін, суы мол аудан аумағындағы көлтабандарға соңғы үш жыл бойы су түспеген. Аудан аумағында орналасқан 16 көлдің тек екеуінде ғана су бар, қалған 14 көл түгелдей кеуіп қалған.Ауданды негізінен сумен қамтитын Жайық өзенінің аянышты жайы көпке мәлім. «Жығылғанға – жұдырық» демекші, қыста қардың дұрыс түспеуі, көктемде жауын-шашынның аз болуы да жағдайды одан әрмен қиындата түсуде. Кеңес заманында салынып, кейін күтімсіз қалған суландыру жүйелері, яғни каналдар мен су реттегіш қақпаларының әбден тозығы жеткен. Аталған ауданды тіршілік нәрімен толық қамту үшін жылына 330 миллион текше метр су қажет. Бірақ қазір бұл көлемнің тек 25-30 пайызы  ғана жеткізіліп отыр.

Janakala (4)

Жергілікті билік өкілдерінің ұсынған мәліметіне сүйенсек, ауданның суландыру жүйесінің негізін Көшім, Үлкен және Кіші өзендері құрайды және оларға алынатын су көлемі Ресей Федерациясы аумағында орналасқан су қоймаларындағы су қорына тікелей тәуелді. Ауданға «Жайық – Көшім» суару-суландыру жүйесі арқылы келетін судың жалпы қажеттілігі 251,2 млн. текше метрді құрайды. Оның 101,2 млн.  шаршы метрі көлтабандарға, ал 150 млн. текше метрі өзен көлдерге жұмсалушы еді. Бұл суару-суландыру жүйесінің бойында 6 ауылдық округ, 18 елді мекен, 296 шаруа қожалықтары және Жалтыр, Еділсор, Қоғалы, Қисыққамыс, Соркөл секілді бес көл орналасқан. Ал Қараөзен суару-суландыру жүйесі бойынша судың жалпы қажеттілігі 46,2 млн. текше метрді, Кіші өзен суару-суландыру жүйесі бойынша судың жалпы қажеттілігі 30 млн. текше метрді құрайды.

– Аудандағы орын алып отырған жағдай бізге етене таныс. Соңғы жылдары бұл мәселені шешудің әртүрлі жолын да қарастырып келеміз. Аудан ақсақалдарымен, су мамандарымен ақылдасып, өкілетті құрылымдарға ұсыныстар да жолданды. Оның бірі «Дөңгелек» су қоймасынан Көшім өзеніне берілетін су көлемін ұлғайтып, Пятимар су қоймасының деңгейін көтеру. Бұл өз кезегінде Көшім өзені және Сәңкібай магистральды каналы бойында орналасқан елді мекендерді суымен қамтамасыз етуге септігін тигізер еді. Сондай-ақ «Дөңгелек» су қоймасынан Тайпақ магистралды каналына су жіберу арқылы Қарақұдық магистралды каналын суландыру да мәселіні шешудің бір жолы болмақ. Үшінші жолы Үлкен өзеннен берілетін су көлемін төмендетпей Мәстексай, Мұқыр, Сарыкөл ауылдарына күзгі-қысқы мезгілге су жеткізуді қамтамасыз ету болып отыр, – дейді аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин.

Janakala (6)

Едіге Текебаев есімді жаңақалалық азамат 2011 жылы «Ғабдығали» шаруа қожалығын құрыпты. Бүгінде қожалық меншігінде 250 бас ірі қара малы өсірілсе, соның 100 басы қазақтың ақбас тұқымынан. Сондай-ақ 1000-нан астам қой, азын-аулақ жылқы өсіруді қолға алған. Шаруашылықтың 10 мың гектар жері бар.

– Меншігіміздегі жеріміздің тең жартысы шабындықты құрайды. Бірақ соңғы жылдары судың тапшылығынан ол жерлерге шөп шықпай қойды. Биыл мал азығын келісім арқылы Орал қаласы маңынан дайындап, тасудамыз. Бұрындары Соркөлге су құйылатын еді. Ол уақытта су келетін каналдың бойындағы шаруалар тіршілік нәрінен таршылық көрмейтінбіз. Соңғы екі жылда судың тапшылығы қатты сезілді. Бүгінде әр жерді бір аралап, қай маңда су болса, сол жерге көшіп-қонып амалдаудамыз. Азаптанып көшіп барған жерімізде де су ұзаққа жетпейді. Шыны керек, қазір малшыларымыз қоныстанатын дүңгіршекті тіркеп алып, мал қамайтын жиналмалы орындарымызды тиеп, судың артынан қуып жүрген жайымыз бар. Әркез көшіп-қонып жүргесін малшылар да тұрақтамайтын болды. «Мал тұқымын асылдандырып, санын арттыруымыз керек» деген сөз алқалы жиындарда жиі айтылады. Біз де соған ниеттіміз. Ішерге су келіп тұрса, мал азығын үй маңындағы шабындықтан дайындасақ, шаруамызды неге дөңгелетпеске? Бірақ жыл өткен сайын мал өсіру қиындап барады. Дәл осы жағдай қайталана беретін болса, мал басын азайтуға немесе мүлдем жоюға тура келеді, – дейді Е.Текебаев.

Аталған шаруашылық иесі су мәселесіне келгенде қол қусырып қарап отырмағандығын да айтты. Ол өз қаражатына мал қыстағынан құдық та соқтырыпты. Тереңдігі 30 метрді құрайтын (одан тереңге соқтыру мүмкін болмай тұр) қазылған құдықтан ащы су шыққан. Оның сыртында 5-6 метр тереңдікте бірнеше құдық соқтырған. Жердің беткі қабатына жақын жерден шығатын су басында тұщы болғанымен көп ұзамай алғауланып кетеді екен. Соңғы жылдары шаруа осындай 4-5 құдық қаздырған. Әр құдықтың өзіндік құны 1 миллион теңгеге шығыпты.

– Қазір мал азығын жинау науқанының қызған шағы. Дегенмен бір тракторымыз тіркеме тіркеп, мал суару үшін сол құдықтардың арасында жүруге мәжбүр. Суы ащы құдықтан сорылған суды тұщы сумен араластырып беріп отырмыз. Ащы су ішкен малдың да қоңы нашар болады. Сөйтіп күн көрмесек, басқа амал жоқ, – дейді шаруа.

Janakala (8)

Қожалықтың қыстағы орналасқан Делгір елді мекенінің басында болғанда құдыққа телмірген табынды көрдік. Мал баққан шаруа ащы су мен тұщы суды араластырып болғанша мал астауға ентелейді. Құдықтың басындағы малдың азынаған дауысынан құлағың тұнады.

Сол маңда орналасқан Ақсай қыстағындағы «Қазбек» шаруа қожалығының жағдайын көріп, жағамызды ұстадық. Әдетте «Жылқы су ішкен жерден су іш. Жылқы қасиетті, ол лай суға бас салмайды» деген ата-бабаларымыздың сөз тіркесін жиі естиміз. Ал аталған қыстақтан осы киелі сөзге кереғар көрініс көрдік. Суы түгесіліп, лайы шыққан көбіктің қақ ортасында белуардан балшыққа батып жылқылар тұр. Көбік түбінде қалған бір-екі елі судың бетін малдың қиы басқан. Шөл қысқан шарасыз жануарлардың лай суды ішкенін көріп жанымыз ашыды.

– Қожалықты құрғаныма жиырма жылдай уақыт болды. Алғашында тауарлы мал өсірсек, 2015 жылдан бері қазақтың ақбас тұқымдас ірі қарасын баптауды қолға алдық. Қазір бағымда 200 бастың үстінде ірі қара бар. Қожалық орын тепкен жерге су бұрындары Көшім каналы арқылы Жайық өзенінен келетін еді. Көктемгі сумен айналадағы көбіктер толып, жаз бойына таршылық көрмеуші едік. Өзен-көлдер суға толғанда шабындықтарға суы шығып, мал азығын іргеден дайындап алатынбыз. Артылғанын аудан тұрғындарына сататынбыз. Ол кездері әр бума шөптің құны 2,5-3 мың теңгені құрайтын. Соңғы екі-үш жыл бойына судан қатты қиындық көріп отырмыз. Шөпті де 100-150 шақырым жерден дайындап, тасудамыз. Биыл басқа аудандардан тасымалданатын мал азығының құны да шарықтап кетті. Бүгінде өзге өңірлерден әкелінген бір бума шөптің құны 8500-9000 мың теңгені құрауда. Бізді мазалап тұрған мәселе – малдың суы болып тұр. Каналдар мен көбіктердің бәрі түгелге дерлік құрғады. Қазір әлсін-әлсін құдық қазып, өлмешінің күнін кешудеміз. Әсіресе жазғы, күннің ыстығында малға су тауып беру қиынға түсті. Келер жылы су келмейтін болса, мал өсірудің еш пайдасы болмай тұр. Түсінеміз, бұл мәселе аудандық немесе облыстық атқарушы билік тарапынан шешіле салатын шаруа да емес. Су тапшылығы барлық жерде де бар. Тіпті біз «су жібермейді» деп ойлап отырған Ресейдің өзінде де тіршілік нәрі тапшы шығар. Бірақ су мәселесін түбегейлі шешпей мал басын сақтап қалу қиынға соғады, – дейді «Қазбек» шаруа қожалығының жетекшісі Болат Тұманов.

Жылдар бойы қордаланып келе жатқан түйткілдің әзірге түбегейлі шешілер түрі жоқ. «Биылғы жылдың да көбі өтіп, азы қалды. Амалдап, қыстан да шығармыз. Келер жылы мұндай қиындыққа тап болмау үшін билік басындағылар қазірден бастап қамданса екен», – дейді жаңақалалықтар. Шаруаларды зар жылатқан мәселе қайтып шешімін таппақ? Ауылдағы ағайын айдың-күннің аманында төрт түлігінен айырылса, жағдайлары не болмақ?! Аудан тұрғындарын осы сауалдар мазалайды.

P.S Газетіміздің осы номері беттеліп жатқанда жергілікті әкімдік тарапынан ақжолтай хабар естідік. Облыс әкімінің орынбасары Аманжол Алпысбаевқа хабарласқанымызда бұл мәселенің шешімін тапқанын мәлімдеді. «Оңтүстік аудандарды сумен қамту мақсатында жыл басында 2 млрд. теңге қаражат қарастырылды. Бүгінгі таңда республикалық бюджеттен қосымша 1 млрд. теңге қаражат бөлінді. Алдағы уақытта Үлкен өзен мен Кіші өзендерді сумен қамту үшін бөлінетін қаржы көлемін арттыру туралы ұсынысымыз да Үкімет тарапынан қолдау тауып, шешім қабылданды. Бұрын өзендерге Ресейден су жіберу қазан айының аяғына дейін ғана жүзеге асырылушы еді. Енді бұл мерзім қараша айының соңына дейін ұзартылды. Алдағы 1-2 аптада Ресейден жіберілген су өңір аудандарындағы өзен-көлдерге жетуі тиіс. Сондықтан бұл мәселе шешімін тапты деп айта аламыз», – деді А.Алпысбаев.

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале