14.02.2024, 17:05
Оқылды: 29

Ауған соғысына қатысқан жауынгерлерге мерекелік медаль берілді

Бүгін Қаратөбе ауданындағы Ғ.Құрманғалиев атындағы мәдени-демалыс орталығында Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай «Ауғанның от-жалыны» атты салтанатты шара өтті.

 Ауған ардагерлері (3)

Сазды бағдарлама Ауғанстан жерінде азаматтық борышын өтеген және қаза болған жауынгерлерді еске алуға және бүгінде арамызда жүрген Ауған соғысы ардагерлерінің ерен ерліктерінің құрметіне арналды.

Шарада сөз сөйлеген аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрлан Меңдешов, Қаратөбе ауданының қорғаныс істер жөніндегі бөлімінің бастығы, подполковник Қуат Мателиев бүгінгі күннің тарихына қысқаша тоқталып, жерлес батыр ерлердің ерлігін атап өтті.

15 ақпанда кеңес әскері шектеулі контингентінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толып отыр.

Бұл күн – Отанды қадірлейтін, оның тарихын құрметтейтін, ерлік пен жауынгерлік күшке ие нағыз ерлердің мерекесіне айналды. Бұл күні ерлік пен батылдықтың өлшеусіз үлгісін көрсеткен барлық жерлесіміз, Ауғанстанның отты жолдарымен өткен ержүрек жауынгерлер алдында тағзым етеміз, - деген аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Құмарұлы Ауған соғысының ардагерлері Ерболат Сағынбайұлы мен Нұрбек Бөлекбайұлына және жуырда дүниеден өткен Батырбек Құсанұлының жұбайы Рысгүл Ахметқызына «Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл» мерекелік медалі мен алғысхат табыстады.

Ауған ардагерлері (8)

Сонымен қатар дүниеден озған Ауған соғысының ардагерлері Аманжол Зейноллаұлының, Болат Самсенұлының, Төлеген Қуанұлының жақындарына мерекелік алғысхаттар берілді.

Ауған ардагерлері (5)

Салтанатты жиын аудандық мәдени-демалыс орталығы көркемөнерпаздарының патриоттық тақырыптағы «Ауғанстан», «Память», «Виват», «Қазақ офицерлері», «Афганский вальс», «Туған жер», «Аманат», «»Елім-ай» сынды әсем әндерімен жалғасты.

Серікбай Хасанов,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале