28.01.2022, 10:40
Оқылды: 93

Бағаналары тозып, сымдары үзіле береді

Қазіргі таңда Тасқала ауданы бойынша күн тәртібінде тұрған негізгі мәселелердің бірі – жарық мәселесі. Бір өкініштісі, аталмыш мәселе бір емес, бірнеше жыл бойы шешімін әлі күнге таппай келеді. Әсіресе, ауылдық жердегі тұрғындар «жарық мәселесі» десе қолдарын бір сілтейтін болыпты. Соған қарағанда, қанша жерден айтылса да «жақсылығын» көрсетпеген жарықтан ауыл тұрғындарының күдері үзілген сияқты.

InShot_20220128_103930685

Бұл қатарға аудан орталығынан 50 шақырымдай қашықтықта орналасқан Оян ауылының тұрғындарын жатқызуға болады. Күз түсіп қаттырақ жел тұрса болды, жанып-сөніп бастайтын жарықтың мәселесі қыс өтіп, көктем туғанша жалғасады екен. Нағыз күн салқындап суық түскен кезде үйлерін жылыта алмай ауыл жұрты әбден әбігерге түсетін көрінеді.  «Жарықтың болмауы біз үшін әдеттегі мәселеге айналғалы қашан. Күз түсіп, кішкене жауын болса өшіп қалатын жарыққа әбдн көндігіп алдық. Оны дәл қазір ешкім жөндеп бермесі анық. Расымен де, барлығына қаражат қажет. Дегенмен, жылдағы бір мәселе осы болды. Ауданнан келген сала мамандарына біздегі өзекті мәслемен жақсы таныс.  Жарық сөніп қалса, үй іші салқындап кетеді. Бәрінен бұрын кішкентай баласы бар немесе үлкен кісілері бар үйлерге қиындық тудыратыны рас», - дейді Оян ауылының тұрғыны Абылай Қалимоллаев.

Ауыл әкімі Мұхтар Таңатжанұлы да өз кезегінде жарық мәселесі ауа райына байланысты қиындық тудыратынын жасырмады. «Расымен де, қатты жел тұрып, боран соқса ауылда жарық өшіп қалады. Жылдағы айтылып жүрген мәселе. Бұл жалғыз бізді емес, көпті алаңдатқан мәселе екенін ескерсек, ауданға қарасты өзге округтерде де дәл осындай жағдай. Сондықтан дәл биыл немесе келер жылы бұл мәселе шешіледі деп уәде бере алмаймын. Барлығына түсіністік танытып отырған халқыма алғысым зор. Округ бойынша үш электрик жұмыс жасайды. Кез келген кезде уақытпен санаспай қолдарынан келген жұмыстарын жасап жатыр,- деп пікірімен бөлісті аталмыш ауылдың әкімі.

Жарық мәселесімен қай округке хабарлассақ та айтатын нәрселері бір болып шықты. Мысалы Атамекен ауылдық округінің әкімі Әлібек Өренұлы да ояндық әріптесінің сөзін қостады. «Ауылдағы электр жүйелерінің бағаналары тозып, сымдары үзіле береді. Ауылда 4 электрик жұмыс жасайды. Барлығы да бұрыннан келе жатқан мамандар. Жалақылары аз болса да, соған шыдап отырған жігіттерге сабырлық тілеймін. Жарықтың тұрақты жанатын уақыты болса, ол – жаз мезгілі. Қыстың бораны түгілі, күздің қатты желінде өшіп қалатын жарық мәселесі халықтың мазасын алғаны рас.», - дейді Әлібек Сәрсенов. Электр жүйелері ескіріп, тозығы жеткендіктен ауа райына байланысты жарық мәселесіне бас ауыртқан басқа ауылдардың да жағдайы мәз емес.  Аудан орталығынан 90 шақырым жерде орналасқан Мереке ауылдық округінің де айтар уәжі осы. Ауылдық округ әкімі Мэлс Нәріковке хабарласқанымызда жарық мәселесіне келгнде ауылдастарының қынжылатынын жасырмады. «Ауыл бойынша бес көше болса, соның ішінде екі көшеде жарық бағаналары жаңартылған. Қалған үш көшеде электр жүйелері әбден ескіріп, тозығы жеткен. Ауа райының қолайсыз күндері жарық сөнерін алдын ала біліп отырамыз. Қазіргі кезде жөндеуді қажет ететін көшелерге сметалық жобаны дайындап, алдағы уақытта ауданға тапсыруды жоспарлап отырмыз. Дегенмен ол ортақ бюджетке байланысты болғандықтан тез арада шешіледі деп ойламаймын. Себебі жалғыз біз емес, ауданға қарасты қанша ауылда дәл осындай жағдай. Ауылдық округтің ішінде осындай жағдай болған соң, қыстақтарда бұл мәселе қандай жағдайда екенін өзіңіз-ақ түсіне беріңіз»,- дейді Мэлс Жасанғалиұлы. Мереке ауылдық округі ауданнан шалғай орналасқан десек, Достық ауылдық округі небары 25 шақырымдай жерде. Шекарада орналасқан ауыл тұрғындары үшін де жарық мәселесі жаңа тақырып емес. Себебі жыл сайын қайталана беретін бір мәселе болғандықтан, оның дұрыс шешім табарына халық күмәнмен қарайтыны тағы бар. Бұл орайда ауыл әкімі Хафиз Маратұлымен хабарласқан едік. «Аталмыш мәселе күн тәртібінде тұрғаны рас. Жөндеу жұмыстарын ұзақ уақыт көрмеген электр жүйелерінің тозығы жеткен. Округ бойынша екі жаңа трансформатор қойылды. Оның біреуі Ынтымақ елді мекенінде, екіншісі шекара қызметкерлерінің заставасында. Бір жылдары Ынтымақ елді мекеніне жүретін электр сымдарының 9 шақырымын жөндеген. Сонымен қатар Аққұдық қыстауына қарай 5 шақырымдық сым ауыстырылған. Күзгі желдің өзінде үзіліп жататын сым қыстың айқай боранына шыдасын ба? Округ бойынша екі электрик бар. Алайда олар кәсіби мамандар емес. Жалақылары төмен, жұмысы ауыр, әрі қауіпті болғандықтан бұл орынға адам тұрақтамайды. Екі жылға жуық уақыт ішінде алты электрик ауыстырдық. Барлығы өз еркімен жұмыстан шығып кетеді. Қазіргі кезде ауылдық округ бойынша барлығы 53 генератор қойылды. Оның ішінде мемлекеттік мекемелер де, тұрғын үйлер де бар»,- дейді ауыл басшысы Хафиз Ахметов. Ауылдық округтердің жағдайын айтып аудандық электрсеть бөліміне хабарластық. «Жарық мәселесінің күн тәртібінде тұрғаны баршаға белгілі. Қай округке бармайық, әр кездесу сайын халықтың айтатыны «жарық жоқ», «ауа райы бұзылса жарық өшеді», «жарық жоқ, үй салқын» т.б. уәждер айтылып жатады. Барлығында түсінеміз. Алайда айта кетейін аудан бойынша электр желілерінің  68-70 % тозған. Оны аз уақыт ішінде жөндеп береміз деп айтпаймыз. Себебі ол мүмкін емес. Биыл Тасқала-Бірлік және Тасқала-Жігер бойы жөндеуден өтпек. Оның өзі шамамен 70 миллион теңгені құрайды»,- дейді Қали Машанов.

Қыс келсе қараңғыда отыру кейбір ауылдар үшін таңсық жағдай емес. Мәселеге қатысты сала басшыларына халықтың айтар шаруасы бір болғанмен, бүгінге дейін шешімін таппай келеді. Қыс мезгілінде қараңғылықтың ерте түсіп, таңның жәй ататындығы жарығы жиі өшетін ауыл тұрғындарының еңсесін түсіріп тұрғандығы айтпасада белгілі...

Марат Сапаров, Мерей ауылының тұрғыны:

Мерей ауылдық округіне қарасты Аққайнар ауылы жарық көзін көршілес Байтерек аулынан алып отыр. Кей кездері жарық 1 аптаға дейін болмай қалады. Себебі қарлы боранды күндері Аққайнар ауылы мен Усихино ауылының арасында жол қатынау мүмкіндігі жоқ. Ауыл тұрғындары Байтерек ауданының РЭС қызметкерлерін өздері алып келуіне тура келеді. Жарық көзі былай тұрсын, ең бастысы су болмай қалады. Ауыл маңайындағы бөгеттер суға толмай терендету жұмыстарын қажет етеді. Малды қысы жазы үйден суарады. Жарық болмағандықтан төрт түліктің де қамы мүшкіл болып тұр.

Айым Руслан, Достық ауылының тұрғыны:

Үйде жарық сөнсе, үйдің іші қараңғыланып жәйсіз сезіле бастайды. Сабақтан кеш шығып, тонып үйге келеміз де қараңғы жерде отырамыз. Оның үстіне қазір сабақ оқып, үй тапсырмасын орындайтын кезде де жарық керек. Ол аздай көп нәрсені ғаламтордан алып, қосымша ізденгің келеді-ақ. Бірақ жарық болмаған соң, байланыс та үзіледі. Жарық қашан жанар екен деп күтіп жүреміз. Ол жанса да, қуанышымыз ұзаққа бармайды. Әрі кетсе 15-20 минуттай тұрып қайтадан 1-2 сағатқа сөніп қалады.

Әсемгүл Серікқалиқызы,

Тасқала ауданы 

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале