13.11.2026, 17:13
Оқылды: 25

Бәйтерек ауданы әкімі ауыл тұрғындарымен кездесті

 Аудан әкімі Марат Тоқжановтың Щапов, Янайкин, Көшім ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, биылғы он айда атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Аудан басшысы ауыл тұрғындарын жан-жақты қолдау, ауылдық тауар өндірушілерін аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігіне және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған   «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге сәтті асырылып жатқанын айтты. «Бүгінгі таңда 2026 жылдың қаржысы кешіктіріліп беріліуіне байланысты, 2025-2026 жылдарды қоса есептегенде жалпы сомасы 2 303,8 млн.теңгені құрайтын 130 жоба «Aqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тапсырылды. Оның ішінде 94 азаматқа жалпы сомасы 1 695,7 млн.теңге көлемінде несие берілді. Сонымен қатар 15 жоба (262,8 млн.теңге) мақұлданып, 21 жоба (345,3 млн.теңге) көлемінде қаралу үстінде.

image-13-11-26-04-55-6

Айта кету керек, «Ауыл аманаты» бағдарламасы табысты жүзеге асып жатқан округтардың бірі – Көшім. Ауыл әкімі Ауған Алмурзиннің сөзінше, 2025-2026 жылы "Ауыл аманаты" бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 36,7 млн теңге несие алынды. Олар көкөніс пен бақша, құс шаруашылықтарын дамытуға бағытталды. 4 жоба автокөлік жөндеумен байланысты.  Одан бөлек «Өркен плюс» АШӨК 31,5 млн теңгеге  ауыл шаруашылық техникасын алса, «Колесово» АШӨК 300 млн теңгені томат өндіру және сүт өңдеу жұмыстарын дамытпақшы. Ал таяуда 7,2 млн теңге несие алған Өркен ауылының тұрғыны жиһаз цехын ашпақшы.

Көшімдегі кездесуде тұрғындар тарапынан сұрақ аз болған жоқ. Әсіресе өркендіктер белсенділік танытты.  Мәселен, Жұмазия Елемесова ауыз су, кітапханашысы Индира Нұрланқызы жылу,  Светлана Аяпбергенова көшені жарықтандыру мәселелерін көтерді. Аудан басшысы орын алған барлық мәселені шешу жөнінде  құзырылы құрылым өкілдеріне, ауыл әкіміне  тапырма берді.

image-13-11-26-04-55-3

Щапов ауылдық округі Орал-Атырау тас жолының бойында орналасқан. Сол себепті қараусыз малдың жолға шығуына жол бермеу керек. Ауыл әкімі Біржан Нұрбайыровтың мәлімдеуінше, жыл басынан бері қараусыз жүрген мал иелеріне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408-бабы бойынша 21 әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ округ аумағында бұралқы иттерді аулау жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Нәтижесінде жыл басынан 43 иесіз ит ауланды.

Янайкиндегі жиында мектеп жанынан балалар спорт алаңының абаттандырылғаны тұрғындар үшін қуанышты жайт болғанын аталып өтілді. «Биыл 2025 жылғы салықтық түсімдердің қалдық қаражаты есебінен 5 миллион 165 мың теңге бөлінді,-деді округ әкімі Сәуле Аққайырова.- Аталған қаражаттың 1 миллион 715 мың теңгесі жергілікті қоғамдастықтың шешімімен осы балалар спорт алаңын абаттандыру жұмыстарына бағытталды».

Қыркүйекте «KAZMEAT Ақжайық» ЖШС тарапынан балабақша ғимаратын жөндеу жұмыстарына 1 млн 450 мың теңгеге демеушілік көмек көрсетілді. Осы серіктестік көмегімен мектепте шахмат үйірмесі де ашылды.

Кездесу соңында аудан әкім ауыл тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Гүлажан Серікқызы,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале