6.04.2021, 17:00
Оқылды: 57

Бәйтерек ауданында 800 адам екпе алды

Екпе - карантин шырмауынан құтылып, локдаунсыз өмірге оралудың әзірше жалғыз жолы болып отыр. Бүгінде медицина мамандары, күштік құрылым қызметкерлері мен педагогтар алғашқылардың бірі болып, ресейлік «Спутник V» вакцинасын алуда. Кезек күткендер қатарында қарапайым тұрғындар да баршылық. Бәйтерек ауданы, Дариян ауылындағы №2 аудандық ауруханасына келіп екпе алғандар саны 200 адамнан асқан. Бұл туралы аурухана басшысының орынбасары Жаннетта Бисембаева мәлімдеді.

20210406_172238

- Жеке басының, туыстары мен бала-шағасының амандығын ойлаған жан екпе алуы керек. Әрине бізге келген әр адам вакцина дозасын алып жатқан жоқ. Алдымен екпе алушымен сауалнама жүргізіледі. Өйткені дәрігерлер азаматтардың созылмалы сырқаттары жайында білуі керек. Қан қысымы мен дене қызуын өлшеуді де ұмытпаймыз. Толық сауалнамадан өтіп, денсаулығы сыр бермейтін жандарға ғана вакцина салынады, - дейді Жанетта Бисембаева.

Аурухана басшысы орынбасарының сөзінше, көп адам екпенің қандай жанама әсері болатындығын сұрайды екен.

- Екпеден кейін он адамның біреуінде дене қызуы болуы мүмкін. Оған еш алаңдаудың қажеті жоқ. Екі компонеттен тұратын вакцинаның екіншісі екпесі 21 күннен кейін салынады. Вакцина алған адам бірден үйге жіберілмейді. Күту бөлмесінде дәрігер бақылауында болады. Ол жерде олардың дене қызуын өлшейді. Мұның бәрі пациенттің ағзадағы өзгерістерін қадағалау үшін жасалатын процестер. Қазір вакцина алғандардың ішінде 13 шекарашы, 13 медицина қызметкері, 50 мұғалім, 117 диспансерлік есепте тұрғандар және 9 ауыл тұрғыны бар. Соңғы күндері екпе алам деушілер саны артуда. Бұл көрсеткіш өсетін болады, - деді Ж.Бисембаева.

Бұдан бөлек екпе салу науқаны Переметный ауылындағы орталық аудандық ауруханада да жүріп жатыр. Емдеу орнының басшысы Тимур Мусағалиев қазіргі таңда 600-ден астам тұрғын екпе алғанын айтты. Бұл көрсеткіш көбейе түспек.

АТ ақпарат
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале