27.11.2026, 17:00
Оқылды: 4

Бәйтерек ауданында әйелдерге арналған арт-тимбилдинг өтті

Егіндібұлақ ауылында «Әйел күші – бірлік пен шығармашылықта» атты арт-тимбилдинг өтті.

image-27-11-26-03-37-4

 «Яңарыш» қоғамдық бірлестігі мен ауылдық аналар кеңесі, кітапхана бірлесіп ұйымдастыруымен болған іс-шараның басты мақсаты – ауыл әйелдерінің өзара сыйластығын нығайту, шығармашылық қабілеттерін дамыту және күнделікті күйбең тіршіліктен бір сәт сергіп, жақсы көңіл күй сыйлау.

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында болған ерекше форматтағы кеште қазіргі қоғамдағы әйелдің орны мен рөлі баяндалды. Бұл бағытта жиналғандар өз ой-пікірлерін білдірді.

Кештің шығармашылық бөлімінде қатысушыларға арома-саше дайындаудың қыр-сыры таныстырылды. Әрбір қатысушы өз талғамына қарай хош иістер мен сәндік элементтерді таңдап, шын ықыласпен әсем бұйымдар жасады. Өзіндік ерекшелікке толы әрбір бұйым сыйлық ретінде қатысушыларға тарту етілді.

Кездесу соңында қатысушылар өз әсерлерімен бөлісіп, осындай мазмұнды іс-шараның ұйымдастырылғанына ризашылықтарын білдірді.

–Әйел – отбасының ұйытқысы, ұрпақ тәрбиелеуші ана, қоғамның белсенді мүшесі. Сондықтан әйелдерге қолдау көрсету, олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін құрметтеу, қауіпсіз орта қалыптастыру – баршамызға ортақ міндет. Бұл бағытта біздің ауылдық округта айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Өзім бұл кездесуден үлкен әсер алдым. Күнделікті күйбің тірлікпен жүретін ауылдастарымның жүздерінен қуаныш көру, арт-тимбилдингте олардың бір-біріне қолдау көрсетіп, ортақ іске жұмылуы – үлкен жетістік. Осындай кездесулер арқылы ауыл әйелдерінің арасындағы ынтымақтастық артып, жаңа идеялар мен жақсы бастамаларға жол ашылады деп сенемін,-деген ауылдық аналар кеңесінің төрайымы, ауыл кітапханашы Данагүл Алхамова мұндай мазмұнды кездесудің өтуіне атсалысқан «Яңарыш» қоғамдық бірлестігінің басшысы Юлия Яфароваға,  шеберлік сабағын өткізген арт-студия жетекшісі Алина Бектеневаға және уақыт бөліп келген ауылдағы нәзік жандыларға шынайы алғысын айтты.

Қуаншы Қали,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале