12.02.2020, 15:44
Оқылды: 108

Бәйтеректе әнші-термешілер клубы ашылды

Бәйтерек аудандық мәдени-демалыс орталығы  жанынан «Мұра» дәстүрлі әнші-термешілер клубы ашылды.

baiterek terme (1)

Мәдени-демалыс орталығы әдістемелік бөлімінің ұйытқы болуымен қолға алынған бұл игі іс мемлекет басшысы жариялаған Еріктілер жылының «Birgemiz:Asyl mura» бағытын іске асыру мақсатында қолға алынды. Дəстүрлі әнге құмар ағайынның бос уақытын мағыналы өткізуге мүмкіндік берер клубтың ашылу салтанатына Орал қаласынан жезтаңдай əнші, Ғарифолла Құрманғалиевтің төл шәкірті, республикалық, облыстық дәстүрлі әншілер мен Әміре Қашаубаев атындағы байқаулардың лауреаты, Құрманғазы атындағы саз колледжіндегі Мұхит класының оқытушысы Серік Әбдірахманов пен Атырау қаласында өткен республикалық «Жыршы-жыраулар» конкурсы мен Орал қаласында өткен «Термелетіп жырлайын...» жыршы-термешілер конкурстарының бас жүлдегері Фархад Оразов арнайы келді.

baiterek terme (2)

 - Тәуелсіздік алғалы етек-жеңімізді жиып, елдігімізді танытып келеміз. Жыл сайын дәстүрлі өнеріміз де өз биігіне көтеріліп келе жатыр. Бүгінгі «Мұра» атты дәстүрлі әнші-термешілер клубының ашылуы ауданда ұлттық өнерге деген қызығушылықты арттыра түседі деген ойдамыз, - деді аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің меңгерушісі Радик Ихласов.

baiterek terme (3)

 -Бір кездері домбыра үні шықпайтын ауданда дәстүрлі әншілер мен термешілерге арналған осынау клубтың ашылғандығы - жақсылықтың белгісі. Бастаған істеріңіз берекелі болсын, - деді Серік Абдрахманов. Жыршы-термеші Фархад Оразов та ұлттық өнерді дамытуға үлкен көңіл бөліп жатқан аудан өнерпаздары мен клуб құруға мұрындық болған жандарға өз ризашылығын білдірді.

Иә, ән мен терме өнерін дамытуды қолға алған клубтың әзірше 37 мүшесі бар.

 

Түгелбай Бисен

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале