30.06.2026, 12:00
Оқылды: 15

Бәйтеректе есірткіге қарсы ауқымды профилактикалық акция өтті

Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай Бәйтерек ауданында ауқымды профилактикалық шара ұйымдастырылды. Аудан әкімдігінің қолдауымен, ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Яңарыш» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен өткен акцияның негізгі мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және есірткінің зияны туралы ақпараттандыру болды.

image-30-06-26-10-24-7

Шара аудан орталығындағы шеруімен басталды. Ұлттық ұланның 5517 әскери бөлімінің жезді оркестрі сүйемелдеген шеруге жастар, мемлекеттік қызметкерлер, құқық қорғау органдарының өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты. Қатысушылар қоғам назарын есірткі мәселесіне аударып, зиянды әдеттерге қарсы ортақ ұстанымдарын білдірді.

image-30-06-26-10-24-6

Жиында сөз сөйлеген Бәйтерек ауданы әкімі аппаратының басшысы Б.Ахметжанов есірткінің қоғамға төндірер қаупіне тоқталып, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырудың маңызын атап өтті.

image-30-06-26-10-24-3

– Есірткі – жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның қауіпсіздігіне қатер төндіретін кесел. Сондықтан жастардың спортпен, өнермен және қоғамдық жұмыстармен айналысуына қолайлы жағдай жасау маңызды, – деді ол.

image-30-06-26-10-24-4

Орал қаласы Полиция басқармасының Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің аға жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Н.Аубакиров қазіргі таңда синтетикалық есірткінің кең таралуы мен оның интернет арқылы насихатталу қаупіне назар аударды.

image-30-06-26-10-24-5

– Есірткі қылмысына қарсы күреске тек полиция емес, ата-аналар мен қоғам болып жұмылуымыз қажет. Ортақ күш-жігер ғана бұл қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді, – деді тәртіп сақшысы.

Ал Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы жөніндегі кеңесінің мүшесі Ә.Мырзахметова отбасылық тәрбиенің рөліне тоқталып, ата-аналарды балаларымен тұрақты қарым-қатынас орнатуға шақырды.

image-30-06-26-10-24

Шара барысында жастармен жұмыс жүргізуге белсенді қатысып жүрген еріктілер марапатталып, оларға Алғыс хаттар табысталды.

Іс-шараның тәжірибелік бөлімінде Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің Кинологиялық орталығы мен Жедел қимылдайтын арнайы жасағының қызметкерлері арнайы көрсетілім ұйымдастырды. Қатысушылар құқық қорғау органдарының кәсіби дайындығымен танысып, қызметтік иттердің мүмкіндіктерін тамашалады.

Мәдени бағдарлама аясында Freedom Riders рок-тобы мен FIRST DRUM SCHOOL KAZAKHSTAN ұжымы өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар тұрғындарға ақпараттық-танымдық материалдар таратылып, түрлі сыйлықтар ұтысы өткізілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралардың басты мақсаты – жастардың назарын салауатты өмір салтына аударып, есірткінің зияны туралы түсіндіру жұмыстарын күшейту. Өйткені қоғамның қауіпсіздігі мен ұлт болашағы әр азаматтың жауапкершілігіне тікелей байланысты. Бәйтерек ауданында өткен акция осы бағыттағы жұмыстардың маңызды бөлігіне айналды.

 

Гүлім Орда,

Бәйтерек ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале