27.01.2021, 14:58
Оқылды: 77

Бәйтеректік шаруалар мәселе көтерді

Бәйтерек ауданына қарасты Үлкен Шаған ауылында аудан шаруалары бас қосты. Көп ұзамай басталатын дала жұмыстары мен кәсіпкерлерді толғандырған сұрақтарға жауап іздеу мақсатында өткен жиынға аудан әкімінің орынбасары Мұрат Бәйменов, «Қазақстан Фермерлер Қауымдастығының» БҚО филиалының төрағасы, БҚО мәслихатының депутаты Серік Жарылғапов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Азат Ғұсманова, аудан шаруалары мен түрлі мекеме және ұйымдардың, кәсіпкерлер палатасының, несие серіктестерінің басшылары мен өкілдері қатысты.

IMG_5442

Жиын басында аудан әкімінің орынбасары Мұрат Бәйменов сөз алып, шаруалардың басын қосуға мүмкіндік жасаған аудандық мәслихат депутаттары Нұрлыбек Хайруллин, Есен Сүндетов және Бекболат Шкановтарға алғыс білдірді.

Осындай жиындардың маңыздылығы жоғары екенін атап өткен Мұрат Болатұлы қазіргідей қиын шақта мемлекеттік органдар мен кәсіп иелері бірлесе жұмыстану керектігін алға тартты.

IMG_5524

- Ауданымызда ауыл шаруашылығы жақсы жолға қойылған. Егін алқаптарымыз да кең, соңғы жылдары мал шаруашылығы да жақсы жолға қойылып келеді. Көп шаруа өз техникаларын жаңартып жатыр. Десе де шаруаны толғандырған мәселелер әлі кездеседі. Бүгінгі басқосуымыздың мақсаты да қордаланған мәселелерге жауап іздеу. Кез келген шаруа қожалығы ісін кеңейту үшін несие алатындығы белгілі. Сол себепті біз жиынға несие серіктестерін шақырдық. Жер телімін алу кезінде де көптеген қиындықтар кездеседі. Осы мәселенің мән-жайын түсіндіру деген ниетпен жер қатынастары бөлімінің мамандары келді. Одан бөлек жиынға салық, ветеринарлық станция мамандары да ортамызда. Жиынымыз жемісті болады деген сенімдемін, - деді шара басында аудан әкімінің орынбасары М.Бәйменов.

IMG_5511

Одан соң кәсіп иелері өздерін толғандырған сауалдарын ортаға салды. Егін егіп, бақша салатын шаруалар шетелден жұмыс күшін тарту жағы қиындап кеткендігін айтты. Бұрын шетел азаматтары елімізге бір жылға кіретін болса, биылдан бастап үш, алты және тоғыз айға дейін ғана кіре алады екен. Бұл мәселе тек облыстық деңгейде ғана емес, республика көлемінде қарастырылып жатқандығын айтқан Мұрат Болатұлы аталмыш мәселені қатаң бақылауда ұстайтындығын жеткізді.

IMG_5464

Сондай-ақ жаңа техника алу мәселесі де көтерілді. Оған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Лауаз Уәлиев жауап берді. Оның сөзінше, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту мәселесі бүгінгі таңда оң шешімін тауыпты. Бұдан бөлек кадр тапшылығы да көп кәсіпкерге кесірін тигізуде екен.

IMG_5470

- Ауыл шаруашылығы саласында мамандар тапшы екендігі рас. Түрлі оқу орындарын жастар тәмамдағанымен, ауылға барып, еңбек еткісі келетіндер көп емес. Басты себеп – үйдің жоқтығы. Мемлекеттік «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығы мамандары несие рәсімдей алғанымен, кей ауылдардағы баспаналар көптің көңілінен шыға бермейді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің былтырғы Жолдауында жұмыс берушінің есебінен баспана салу қажет екендігін айтып өтті. Бұл бастаманы қолдаған кәсіп иелері де бар. Егер де бұл жоба сәтті жүзеге асса, жас мамандарды да баспанамен қамту жайы шешіледі, - деді аудан әкімінің орынбасары М.Бәйменов.

Ашық диалог форматында оздырылған жиын барысында бақша егуші кәсіпкерлер наурыз айында карантин күшейіп, шеттен жұмысшы кіре алмай қала ма деген қорқыныштары бар екенін де жасырмады. Оның үстіне сырттан жұмыс күшін тарту жағы қиындай түскен. Шаруалар осы процесті жеңілдетуді сұрады. Жоғарыда айтылғандай бұл сұрақ қатаң бақылауда.

Жиын барысында сөз алған ауданның мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Азамат Хадимов шаруаларға салық төлеу мәселесі жайында кеңінен түсінік беріп өтті. Сонымен қатар А.Хадимов 2023 жылдан бастап, кез келген өнімге салық салынатындығын да атап өтті.

Шаруа жайын кеңейткісі келетін кәсіп иелері қосымша жер алуға келгенде көптеген қиындықтар туындайтындығын да жасырмады.

- Ауданда майлы дақылдар мен күздік бидай егу жағы жақсы жолға қойылған. Аталған дақылдар жақсы өнім беріп отыр. Бағасы да жақсы. Сүтті және етті бағыттағы мал басын өсіруде ілгерілеу бар. Бұл салаларға берілетін субсидия көлемі де жоғары. Десе де жайылым жерлер мен егістік алқаптарының аздығы байқалады. Дәлірек айтсақ, 21 мыңнан астам жайылым жетпейді. Жерді иеленіп алып, оны игермей отырғандардың да кесірі бар. Ал телімді қайтарып алу жағы қиынға соғып тұр. Соған қарамастан түрлі тексерістер жүргізу керек. Бірақ кәсіп иелерін негізсіз тексеруге қойылған мараторий қолымызды байлауда. Бірақ бұл жұмыстарды шама келгенше жасап жатырмыз. Кей шаруалар жерді игермей жатқандығын түсініп, оны мемлекет есебіне қайтарып жатыр. Кейбіреулері бергісі жоқ. Оған қарамастан мемлекетіміз жылдар бойы игерілмеген жерлерді қайтару мақсатында біраз жұмыстар атқаруда. Ол – Елбасының тікелей тапсырмасы. Бұл мәселелерді шешетін боламыз, - деді М.Бәйменов.

Мал өсіруші шаруалар бруцеллез ауруымен күресті күшейту керектігін де тілге тиек етті. Сондай-ақ аталған ауруға қарсы вакцинаны пайдалануға рұқсат сұрады. Бұл сұраққа жауап берген аудандық ветеринарлық станция басшысы Әсет Әубекеров егер мүмкіндік болса, бруцеллезге қарсы вакцинаны пайдалануға болатындығын айтты. Тек егілген малды мықтап қадағалау қажет болады екен.

Жиын барысында көп талқыланған мәселелердің бірі қараусыз малдың егін алқабына кіріп кетуі болды. Бұл жайт ауданымыздың барлық ауылында кездеседі. Қараусыз малмен күресте түрлі шаралар қолданылып жатқанымен, одан пайда болмай жатқандығын да шаруалар алға тартты. Айта кететін тағы бір жайт, осы мәселе аудан әкімінің есептік кездесулерінде де сөз болды. Бұл мәселемен барлық деңгейдегі әкімдер және учаскелік полиция қызметкерлері биылдан бастап мықтап айналысатын болады.

Сондай-ақ мемлекеттік органдар мен шаруалар арасындағы байланысты нығайта түсуге арналған жиында аудандық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Алексей Герасимов тұрғындарды жұмысқа алған кезде не нәрселерді ескеру керектігіне тоқталып, толық мағлұмат беріп өтті.

Шара соңында Қазақстан Фермерлер қауымдастығының БҚО филиалының төрағасы Серік Жарылғапов сөз алып, қауымдастық жұмысы туралы баяндады. Егінді сақтандыру, мал басын асылдандыруда қандай жаңашылдықтар бар екендігіне кеңінен тоқталған ол егін шаруашылығы жақсы жолға қойылған ауданда ескірген техникаларды арнайы орынға тапсырып, орнына елімізде құрастырылған жаңа техниканы қалай алуға болатындығын айтты.

Сонымен қатар С.Жарылғапов әр шаруаны толғандырған мәселелерді шешу үшін бірлесе жұмыстану керектігін де жеткізді.

Алғаш рет оздырылған жиында әр шаруаға қажетті ақпараттар берілді. Енді келесі жиналыс Рубежин ауылында өтетін болады.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале