11.02.2022, 15:45
Оқылды: 52

Бақыттың кілті – балада

Ерлі-зайыптылардың сан жылдар бойы сарыла күтетін үміті. Ол жұмыр жердің бетіне келмес бұрын ананың жатырында емес, шыны құтының құрсауында жатқан. Соған қарамастан олардың өмірге табиғи жолмен келген балалардан еш айырмашылығы жоқ. Бүгінгі әңгімеміз экстракорпоральді ұрықтандыру жайлы өрбімек. Осы тұрғыда өзгелерге қуаныш сыйлаушы, кәсіби акушер-гинеколог Нұрсая Атабаевамен сұхбаттасудың сәті түскен-ді.

 reproduktologiya

– ЭКО деген не және оның көмегі қандай? Оған қандай адамдардың жүгіне алатыны жайлы айтып өтсеңіз?

«ЭКО – медицина тілмен айтқанда «экстракорпоральді ұрықтандыру», ал көпшілікке түсінікті тілмен айтқанда «табиғи жолмен балалы болуға мүмкіндігі жоқ ерлі-зайыптылардың  аталық ұрығы мен аналық жазушасын алып, жатырдан тыс ұрықтандырып, эмбрионды жатырына салады. Бірнеше күн сақтап, әйелдің жатырына салу арқылы балалы болу мүмкіндігін беретін, бедеуліктің кез келген түрін емдей алатын әдіс табиғи  жолмен пайда болған баладан  айырмашылығы – ер мен әйелдің аталық ұрығы мен аналық жасушасы адам ағзасының ішінде емес, сыртында қосылады. Мемлекеттің «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында бұған дейін квоталар бөлініп, өзінің пайдасын тигізді. ЭКО жасауға арналған талаптар мен квота алу қазіргі таңда жеңілдетілді. Тасқала ауданы бойынша биылғы жылы квота арқылы екі адамның кезегі келіп тұр.

 – ЭКО – қазіргі жұптарға таныс ұғым. Оған не себеп?

- Әр отбасында сәбидің іңгәлаған дауысы естіліп, балалардың шуылы шығып жатса, ол –  зор бақыт! Өкінішке қарай, түрлі себептерге байланысты бала сүйе алмайтын ерлі-зайыптылар аз емес. Осының салдарынан талай шаңырақ шайқалып, екі жаққа айырылысып жатқаны да – бүгінгі күннің ащы шындығы. Алайда заманауи техника мен технологияның дамуының нәтижесінде бедеу еркектер мен әйелдерге арналған жасанды жолмен ұрықтандыру, яғни ЭКО-ны (экстракорпоральді ұрықтандыру) қолға алып жатқаны анық.

 – Жалпы ерлі-зайыптылардың бала сүю қабілетінің болмауының басты себептері неде?
– «Бедеулік әртүрлі ауруларға, салауатты өмір салтын сақтамауға байланысты туындайды. Оның бастысы түсік жасату болып тұр. Біздің орталыққа бала көтермеуге байланысты келген әйелдердің 80 пайызы бұрын түсік жасатқандар болып шығады. Тіпті қатарынан 4-5 рет іштегі шаранасын алдырып тастағандар да аз емес. Себебін сұрасаң көбісі әлеуметтік және отбасылық жағдайға әкеліп соғады. Бұдан бөлек, жатыр мен жатыр түтікшелеріндегі патология, жыныс мүшелерінің қабынуы, эндометриоз, етек­кірдің бұзылуы, гормондық бұзылыстар тағы көптеген факторлар да бедеулікке себеп болады. Еркектің белсіздігі ұрпақ өрбіту жүйесіндегі қабынулар: аталық бездің, қуықасты безінің қабынулары әсер етеді. Сондай-ақ қазір тамақтың да құрамы өзгерді. Оның үстіне экология да бүлінді. Мұндай сыртқы факторлардың де тигізетін ықпалы бар. Тіпті, ұялы телефонды шалбардың қалтасына салып жүру де ер­кектің белсіздігіне ұшыратады деген де пікір бар»

– Балалы болған бір бақыт....

– Кейіпкеріміз 8 жыл бойы бала көтере алмағандықтан, ЭКО жасатуға шешім қабылдаған. Медицинаның мүмкіндігі мен технологияның дамығанына дән риза. Әрі жасанды жолмен сәби сүюді елден жасырып, ұялатын ештеңесі жоқ деп санайды. "Бұл – қазіргі заманда қалыпты жағдай. Бармаған, қаралмаған жеріміз жоқ. Соңында жолдасым екеуіміз ақылдасып, экстракорпоральді ұрықтандыруға тәуекел еттік. Бір жыл бұрын егіз ұлымды босандым. Мұны ешкімнен жасырмаймын. Тек аты-жөнімді ашық көрсетуге жолдасым қарсылық білдіріп отыр. Мәселе оның денсаулығында болмаса да, ашық жария еткенді қаламайды. Алайда менің жеке пікірім сол. Бала сүю бақыты үшін ондай моральдық күйзелісті ысырып тастау керек. Кей отбасыларды білемін, денсаулығында кінәрат болса да "жасанды жолмен тауып алыпты" деген сөзден қорқады", – дейді аты-жөнін жазбауды өтінген кейіпкеріміз.

 – «Дін тұрғысынан алып қарағанда бұл қаншалықты дұрыс әдіс? Дәрігер маман ретінде ғана емес, жалпы өзіңіздің көзқарасыңызды білуге бола ма?»

   – «Алла тағаланың қалауы болмаса, ол бізге мұндай мүмкіндік бермес еді. ЭКО жолымен балалы болудың өзі Алла тағаланың берген сыйы деп түсінер едім. Мен де Құдайдың бар екеніне, бір екеніне және соңғы нүктені медицина емес, Алла тағала қоятынына сенемін. Егер ол қаламаса, адамзат  мұндай әдіс-тәсіл ойлап таба алмас еді. Егер Жаратушы қаламаса, мың жерден ЭКО жасатсаңыз да бала көтере алмайсыз. Алдыма келген әрбір адамға «Баланы құдайдан сұраңыз, құдайдан тілеңіз, біз тек себепші ғанамыз. Біз тек алған білім мен көрген тәжірибе дамыған технологиямыз арқылы көмектесе аламыз» дегенді айтамыз.

Гүлмира Мақанова,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Суреттің дереккөзі: inform.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале