4.05.2021, 0:06
Оқылды: 128

Бау-бақша салуға кірісті

Ақжайық ауданы өзінің жағырапиялық орналасуы жағынан бау-бақша, шаруашылығына қолайлы. Осы жердің пұшпағымен ағып өтетін Жайық, Көшім, Бағырлай өзендері, Орал – Көшім суару-суармалау жүйесі сияқты су көздері осы салаларды дамытуға толық мүмкіндік береді. Алайда соңғы жылдардағы су тапшылығы саланың дамуына теріс әсерін тигізді. Бірақ соған қарамастан ақжайықтық еңбеккерлер несібелерін мал өсірумен қатар жерден де іздейді. Өйткені атам қазақ «Баптағанға жер жомарт» деп тегін айтпаса керек.

3CD059E3-6EF1-4BDA-A063-A60620B83969

 Кеңестік кезеңде  ауданның аумағында 18 орында 92 гектар жерде алма бағы өсірілді. Алайда қоғамдық формацияның ауысуы тұсындағы ауыл шаруашылығы саласында   жекешелендіру үрдісі жүргізілді. Кеңестік шаруашылық құрылымдарының дүние-мүлкі жекеге берілді. Сонда бағы байланған   алма бақтары иесіз қалды. Кейбірінің иелері бола тұрса да, бақ түгілі есік алдына гүл өсіріп көрмегендіктен, алма ағаштарға күтім жасай алмады. Жайқалған жасыл   бақтар осылайша жойылып кетті. Сол алма бақтарды қалпына келтіру, жаңа бақтарды салу жұмыстары енді қолға алынуда. Бұл бағытта инвестордың бастамасымен ірі кооператив құрылып, іске кірісті. Қазіргі уақытта  аудан бойынша 3 шаруа қожалығында («Атамұра», «Сабит», «Мұнайконтакт») 18 гектар алма бағы өсірілуде. Оған қоса биыл жеміс бағын өсіруге екі  кәсіпкер («Амир» шаруа қожалығы – 20 гектар, «Нұғманов» жеке кәсіпкерлігі – 10 гектар) жер алып, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуде.

– Ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдары, әсіресе, Алмалы, Тайпақ ауылдық округінің  шаруалары бау-бақша өнімдерімен өңірімізді,  Атырау облыстарын қамтуға үлестерін қосып жүр.   Өткен  жылы 51 шаруа қожалығы 448,4 гектар жерге қарбыз-қауын егіп, 6502,9 тонна өнім алды. Сонымен қатар   аудан бойынша 65 отбасы 15,6 гектар жерге ұйымдасып картоп, көкөніс, бақша отырғызды. Соның басым бөлігі Чапаев, Бударин ауылдары тұрғындарының еншісінде. Ұжымдық бақшада картоп, көкөніс және бақша дақылдарының бірнеше түрі өсіріліп, күзде тәуір өнім алынды. Тұрғындар өздерін жергілікті жерде өсірілген, экологиялық тұрғыдан таза өніммен қамтамасыз етіп, артылғанын нарыққа шығарып сатып, кіріс тапты, – деді аудандық ауыл кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Руслан Қайырманов.

Биылғы жылы Чапаев, Бударин, Тайпақ ауылдық округтерінің  тұрғындары бақша салуға ұйымдасып кірісуде. Аудан бойынша ұжымдық бақша егістігінің көлемін 2 гектарға ұлғайтып, 17 гектарға жеткізу, 1782   түп жергілікті ауа райына бейімделген жеміс ағаштарын алдыртып, жеке тұрғындарға, мекеме, ұйымдарға отырғызуға беру жоспарланды.  Қазіргі уақытта бағбандар алдағы егістікке жерлерін даярлау, қажетті тұқым, жанар-жағармай, тыңайтқыштар, дәрілік заттар, құрал-саймандарын дайындау үстінде. Алайда аудандағы картоп, көкөніс, бақша егіп, бақтар салуға қолайлы әрі мүмкіндіктері мол Бударин, Қабыршақты, Жамбыл, Жаңабұлақ ауылдық округтерінің тұрғындары осы әлеуетті толық пайдалана алмай келеді.    

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале