27.09.2022, 9:15
Оқылды: 83

Беделі биік тұлға еді

Желден жүйрік жылдар-ай десейші! «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту»,  «Қызыл Жұлдыз» ордендері мен 12 медальдің иегері, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген зоотехнигі, соғыс және еңбек ардагері Жақия Исатаевтың туғанына 100 жыл толды.   

 IMG-20220927-WA0001

Жәкең бес жасында әкесі қайтып, анасы Қалыштың қамқорлығымен ержеткен жан. Ұлының сыныбы жоғарылаған сайын ол кісі мектебі бар ауылға көше беріпті. Барған жерінде білім ұясына кіші қызметкер болып орналасып, жалғыз тұяғының оқуын қадағалап, оны көзінен таса қылмаған. Жақия сабаққа алғыр, ынталы болуымен қатар, домбыра тартып, өлең  де айтқан. Тіпті 15 жасында аудандық көркемөнерпаздар байқауының жеңімпазы атанып, оған оқуын Алматыда жалғастыру ұсынылыпты. Мұны анасы  құптамаған соң, мектептен кейін Шымкент қаласындағы мұғалімдер даярлайтын оқу орнының студенті атанады. Кешікпей Ұлы Отан соғысы басталып, жалындаған жас жігіт ел қорғауға аттанған. Сол бойда анасы мектептегі жұмысын доғарып байланыс бөлімшесіне пошташы болып орналасады. Ондағы ойы – ұлының майданнан жазған хаттарын тезірек қолына алу көрінеді.

...1942 жылы Сталинград түбіндегі жойқын шайқастардың бірінде  Жәкең ауыр жараланып, 17 ай тар төсекке таңылған. Майдангер жігіт елге оралған соң бірден еңбекке араласады. 1945 жылы Мәскеу қаласындағы директорлар даярлайтын мектепті тәмамдаса, кейінірек Тимирязов атындағы академияны зоотехник мамандығы бойынша  бітіреді.

1952 жыл – Жақияның өмір парағына алтын әріптермен жазылған бетбұрыс кезеңі болды.  Сонау алыстағы Оңтүстіктің орда бұзар отыздағы ұлы Орал облысы, Тайпақ ауданы, Тайпақ қой совхозының директорлығына тағайындалады. Осы кезде аталмыш кеңшардың құрылғанына 20 жыл толып жатса, Жақия Исатаев оның тізгінін ұстаған тоғызыншы басшы еді. Әрі совхоздың асыл тұқымды қаракөл кеңшарына айналып, тікелей Мәскеуге қарағаны да осы уақыт. Тіпті тайпақтықтардың елтірі өңдеу ісі бойынша  Самарқан қаласында өткен дүниежүзілік III симпозиумға қатысып, жеңімпаз атанғаны да ел есінде. Шаруашылықтың аты алысқа тарап, Мәскеу төрінде өткен Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесінде (ВДНХ) 4 алтын, бір қола медаль жеңіп алғаны және бар. Бас зоотехник болып қызмет атқарған Қайрош Нұғманов пен Бақытжан Сағымбаев та ғылым кандидаттығын осы шаруашылықта жүріп  қорғады.

Иә, Жәкең жергілікті кадрларды тәрбиелеу ісіне ерекше көңіл бөліп, оларды арнаулы орта, жоғары оқу орындарына жолдамамен жіберіп отырды. Сондай қамқорлықты көргендердің бірі – өзіммін. Кеңшарда екі жыл жұмыс істегеннен кейін мені арнайы жолдамамен  Бөрлі ауыл шаруашылығы техникумына жіберді. Кейін Орал пединститутында білім алып, туған өңірімде 47 жыл еңбек еттім. Бүгінде Ақжайық ауданының құрметті азаматымын. Мұның бәрі сол ардақты жаннан алған тәлім-тәрбиенің шапағаты деп түсінемін. Тағы бір есімде қалғаны – ол кісі облыс орталығына қызмет бабымен келген кезде ауылдың студент ұл-қыздарымен жолығуға  уақыт тауып, қал-жағдайларын біліп тұратынды. 1962 жылдың қазан айында Жәкең өз қаражатына бір топ ауыл жастарын Алматыдан Оралға келген театр қойылымына алып барғаны да ұмытыла  қойған  жоқ.

Біз білетін іскер басшының тағы бір айрықша қасиеті –қызмет бөлмесінде байланып отыруды жаны сүймейтін. Әсіресе, техниканың жүріп-тұруы қиын қарлы, боранды һәм лайсаң мезгілдерде ақтабан арғымағына ер салып, ферма басшыларын жанына ертіп, малды ауылдарға аттанатын-ды. Әрі оба, төбе, бейіт, сай-сала, жалпы жер атауларының тарихын жақсы білетін зерделі жан еді. Бір көргені мен естігенін жадында сақтап, еш ұмытпайтын. Ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтің өзі осынау ардақты азаматты төрге оздыруы біраз жайды аңғартса керек.

Айта кетелік,  Жәкең 85 жасында ата-тегі туралы «Оразкелді бұғышының шежіресін» жаздырып, ағайындарына ескерткішке ұсынды. Сол жылы өзі де дүние салды. Бүгінде айшықты ізі қалған Базаршолан ауылындағы бір көшеге Жақия Исатайұлының аты берілсе, Орал қаласында тұрған үйіне ескерткіш-тақта орнатылды. Дара тұлғаның ғасырлық тойы аясында өткізіліп жатқан іс-шаралар өз алдына бөлек әңгіме.

Әленғали Керейтегі,
Ақжайық ауданының құрметті азаматы,
Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале