24.05.2023, 9:30
Оқылды: 71

Белестіктердің белсенділігі жоғары

Биылғы жыл басында Белес ауылында өткен есептік кездесу кезінде үш мәселе көтерілді. Бүгінгі таңда оның екеуі шешімін тауып, біреуі қарастырылуда.

IMG-20230524-WA0004

2023 жылдың алғашқы тоқсанында атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берген Белес ауылдық округінің әкімі Бақытгүл Жүнісова баяндамасын осыдан бастады. Оның айтуынша, қарастырылып жатқан мәселе – ауылдағы мектеп алдындағы саябақтың қоршауын жаңарту. Соған орай «Белес-Агро» ЖШС-на хат жолданды. Ал шешімін тауып жатқандар: ауыл әкімдігі ғимаратын жөндеу мен мал жайлымына қатысты түйіткілдер.

IMG-20230524-WA0003

Айта кету керек, Белесте жүрегі жылы жан көп. Сол себепті де мұнда қайырымдылық жасауға жіті мән беріледі. «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында мерейлі жасқа толған ардагердерге жүйелі түрде құрмет көрсетіліп тұрады. Жалғыз ілікті қариялардың аулаларын тазарту шаралары да тұрақты түрде жүргізіледі. Есепті кезең ішінде «Белес-Агро» ЖШС көп балалы, мүмкіндігі шектеулі, қамқорлығында балалар бар отбасылар санатына жататын 30 жанұяға азық-түлікпен көмек көрсеткен. Сонымен қатар жергілікті шаруашылықтардың көмегімен Эльвира Махмудова есімді мүмкіндігі шектеулі жалғыз басты анаға екі қой мен мал азығы берілген және көктемде оның ауласына түрлі жеміс ағаштарын егуге жәдем берілген.

Өз кезегінде сөз алған аудан әкімі Марат Тоқжанов жиналған жұртшылықты ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысымен, қолға алынған жобалармен таныстырды.

Жиын барысында «Бәйтерек ауданының құрметті азаматы», еңбек ардагері Адам Имашев белестіктер ауылдық округ әкімінің жұмысын жоғары бағалайтынын атап өтіп, жас ұрпақ тәрбиесіне алаңдаушылық білдірді. Ал ауыл тұрғыны Нұрлан Құлдыбаев болса ауыл маңынан өтетін Деркөл өзендегі су деңгейін көтеруге қатысты ауыл жастарымен қолға алынған іс-шараларды айтып, осы бағытта ой-пікірімен бөлісті.

Есептік кездесу соңында аудандық «Ауыл тынысы» газетінің редакторы С.Әбілхалықов редакциямен тығыз қарым-қатынаста болғаны және баспасөзге жазылу науқанында да белсенділік танытып келе жатқаны үшін белестіктерге алғыс айтып, «Жайық Пресс» медиахолдингінің арнайы сертификатын табыстады.

IMG-20230524-WA0001

- Ақпарат құралдарының, соның ішінде газеттің мән-маңызын түсініп, редакциялардағы тілші қауымының қарайған уақытын жоғалтып, көз майын тауысып жүріп жазған мақала-материалдарын жүйелі оқып, редакциямен жақсы байланыс орнатқан Белес ауылдық округінің тұрғындарына риза болып отырмын, - деді аудан әкімі Марат Тоқжанов.

Қуаныш Қали,

Бәйтерек ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале