30.07.2021, 19:36
Оқылды: 42

Белгілі актер Бәйтеректе

Бәйтерек ауданына танымал театр және кино актері Аман Ғұмаров келді.

IMG_30072021_193102_(1020_x_680_пиксель)
Кезекті сапарында туған жеріне ат басын бұрған актер өлке тарихымен танысып, аудан жастарына шеберлік сағатын өткізді.
Өңіріміздің Жаңақала ауданы Қызылоба ауылында туғанымен, Аман Ғұмаров бар өмірін Янайкин ауылында өткізген. Сол мекенде мектепті тәмамдап, арман қала Алматыға да Бәйтерек топырағынан аттанған. Қазіргі таңда талантты жас Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында «Музыкалық театр артисі» курсының кураторы және актер шеберлігінен дәріс береді.
Өлкеге келген Аман Ғиссаденұлын аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев қарсы алды.
-Өзіңдей талантты жастардың көп болғаны – қуаныш. Қалың жұрт Мұхтар Әуезовті алғаш сомдаған актер жерлесіміз деп мақтанады. Көпшілікке тамаша көңіл-күй сыйлап, көрерменді қызықты образдармен баурап алатын шеберлігің де көпке аян. Болашақта да ел қуанар рөлдерің көп болсын, - деді кездесу барысында Ерікқали Ғұмарұлы.

IMG_30072021_193122_(1020_x_680_пиксель)
Емен-жарқын әңгіме құрып, болашақ жоспарымен бөліскен актер ел ықыласын жеткізген аудан әкімшілігі мен ел ағаларымен кездесуге мүмкіндік сыйлаған жастарға ризашылығын білдірді.
Кейін өнер иесі аудандық тарихи өлкетану музейінде болып, ел тарихымен танысты.
Сонымен қатар аудандық «Шың» музыкалық драма театрының актерларымен және аудан жастарымен кездесті.
Басқосу барысында Аман Ғұмаров көрерменді қызықтырған сұрақтарға жауап беріп, өнер жолындағы хиқаяларымен бөлісті.
-Өнердегі алғашқы қадамым Бәйтерек ауданы сахнасында басталды. Елге оралып, өзім сынды арман қуған жас өнерпаздардың алдында отыру – үлкен мәртебе. Көрсетіп жатқан құрметтері үшін аға-апаларыма шексіз алғыс білдіремін. Алдағы уақытта белсенді жұмыс жасап, жерлестерімді жаңа бастамалармен, жаңа образ және жаңа рөлдермен қуантуға тырысамын, - деді кездесу соңында актер Аман Гумаров.

Аружан Аманжол,
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале