14.03.2023, 11:00
Оқылды: 133

Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмас

Тасқала аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық мәдени-демалыс орталығында «Менің әкем ең жақсы адам...»  атты әкелер форумы өтті. Шараның мақсаты отбасы құндылығын дәріптеу, әке абыройын биіктету, ұрпақ тәрбиесін дамыту. Форумға аудан әкімінің орынбасары Талғат Шакиров,  аудан әкімі аппаратының басшысы Ержан Тұрмағамбетов, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айгүл Қасымова және білім беру ұйымдарының басшылары, мектептегі әкелер клубының төрағалары мен мүшелері қатысты. Форум шымылдығы аудандық балалар музыка мектебі оркестрінің орындауында «Өтей батыр» шығармасымен ашылып, форумда аудан әкімінің орынбасары Талғат Асқарұлы құттықтау сөз сөйледі.

«Отбасы – адам баласының алтын діңгегі, шағын мемлекеті. Оның әр мүшесінің алар орны ерекше. Әке – сол отбасының асыраушысы және қорғаны. Әкеге құрмет көрсетуді ерте жастан үйретіп, тәрбиелесе, ол отбасының берекесі мен бірлігі жоғары болмақ. Халқымыздың ежелден келе жатқан «Әкеге қарап ұл өсер», «Әке – асқар тау», «Әке көрген оқ жонар» деген даналық ойлары бар. Осы арқылы әкенің абыройы жоғары, орыны төрден екенін көрсетеді. Бүгінгі форум отбасындағы әкенің міндеттері мен жауапкершіліктерін алға қойып, балаларды ұлттық рухта тәрбиелеп, әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді кеңінен дәріптеуге шақырады. Шарада көтерілген мәселелер мен айтылатын ойлар әр әкеге, жастарымызға келтірер пайдасы зор деп есептеймін», - деді аудан әкімінің орынбасары.

Еркін нұсқада ұйымдастырылған форум барысында ауданымызға үлгілі әкелер мен елдің атұстар азаматтары өздерінің ойларын ортаға салып, ұсыныстарын білдірді. Солардың бірі отбасында 5 ұл, 1 қыз тәрбиелеген қазыналы қария,  зейнеткер - Өтеген Ахметов болды. Зейнеткер «Қазақ отбасындағы әкенің орны» тақырыбында танымды ой айтып, көрерменге ой салды.

ахметов өтеген1

«Қазақ халқы әуел бастан әкеге деген құрметі жоғары болған халық. Біз көптеген нәубет пен қиындықты көзіміз көріп, ерте есейіп, балғын балалық шақ пен мәпелеген әке тәрбиесін көре алмадық. Әкеміз фашист басқыншыларына қарсы соғыста қаза болғаны біз үшін мақтаныш болса да, кеудемізде кішкене өкініш пен әкеге деген аңсарымыз басылған емес. Біздің болашағымыз үшін жанын берген сол әкелердің қаны бүгінгі бейбітшілік таңы іспеттес. Әке тәрбиесін көрмесек те, балаларымызға жақсы әке, үлгілі отағасы болуға тырыстық. Олардың ел сыйлар азамат болып өсіп, өнуі сөзіміздің дәлелі. Қазақ отбасындағы әкенің орны жайлы әр түрлі оқиғалар, дәлелді деректер жетерлік.  Әке өзінің іс-әрекетіне салмақты болып, сөйлеген сөзі дұрыс болса, қанымен жаралған ұл-қызына жауапкершілігі жоғары болмақ, - дейді Өтеген ақсақал.

Содан кейін сөз алған отбасында 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеуші үлгілі әке,  «Сәулет» мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі Нұрболат Шапиков. Спикер «Әке бейнесінің тарих сахнасындағы орны» тақырыбында әке ұғымының бастауы мен өткеніне тоқталып, тарих шежіресінен сыр шертті. «Тарих парағында «Үлкен отбасы» деген сөз бар. Бұл бірнеше отбасының бір жерге шоғырланып, төрінде қазыналы қариясы отырып, бәріне бағыт-бағдар беретін үлкен отбасы. Бүгінде ел ішінде мұндай отбасылар саны аз-ақ. Сонымен қоса ел ішінде «Он үште отау иесі» деген даналық ой айтылады. Бұл деген баланы отбасы болуымен қоса, бір іске деген жауапкершілікті арқалау деген ұғым. Хандарымыздың заңдар жинағында он үшке толған баланың жауапкершілікті өз мойына алатындығы айтылады. Осы жауапкершілік арқылы әкенің ізбасары дайындалады. Біздер осындай жауапкершілікті ерте бастан сезіндік. «Әке» деген асыл сөздің тарих қойнауынан бүгінгі күнге дейін болмысы бұзылмай, туы жығылмай келуі батыр да, батыл әкелеріміздің арқасы екені белгілі, - деді Нұрболат Маселұлы.

Тарихшы әкенің сөзін, ұл-қызына рухани тәлім-тәрбие беріп жүрген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Думан Ғазез жалғаған болатын. Спикеріміз күні кеше облыс орталығында өткен облыстық әкелер форумына қатысып келген еді. Мемлекеттік қызметкер әке отбасында екі ұл, екі қыз тәрбиелеуде. Елге үлгілі әке жиналғандарға «Әке – рухани әлемге жетелеуші жан» тақырыбында сүбелі сөз сөйледі.

«Рухани әлем – әке қаны, ана сүтімен берілетін тылсым дүние. Оның ішінде әкенің әрекеті басым болып келеді. Мен барымша ұл-қызыма жақсы тәрбие беруге тырысып келемін. Біздің әулетте рухани әлем кітаппен байланысты. Өздеріңіз білетін ұлым Қасымжомартәлінің оқуын үздік аяқтап, оқушы кезіннен жақсы болып жүруі бізге мақтаныш сезім ұялатты. Ұлымыз екеуміз бірлесе кітап оқып, бірлесе өлең жаттап жүрдік. Кейіннен ұлым Қадыр ақынның үш жүз өлеңін жаттап, аймақтық жеңімпазы болып, бізді таң қалдырды. Бұл үйдегі ата-ананың қарайлап, ұстаздарының бағыт-бағдар беруінің жемісі екені белгілі. Қазақта «Атадан жақсы ұл туса, есіктегі басын төрге сүйрер» деген жақсы сөз бар. Әрбір әулетті елдің абыройын, ата-ана мәртебесін асқақтатар ұл-қыздарымыз көп болсын, - деген тілегін білдірді Думан Ғазез.

Содан кейін сөз алған спикер отбасында екі ұл, бір қыз тәрбиелеуші әке «Сәулет» мектеп-лицейінің география пәнінің мұғалімі Айтжанов Жанболат отбасында балаларға беретін экологиялық тәрбие мен мәдениет хақында тұшымды ой айтты.

«Менің сіздердің алдарыңызға шығып қозғайтын тақырыбым - «Әке – табиғат жанашыры, танымның көкжиегі». Отбасында әкенің әр әрекеті бала болашағының бейнесі. Бала отбасында әкесі арқылы табиғатты аялауды, оны күтіп ұстау мен баптауды білсе, ауласында жайнап өскен табиғат кереметтерін көрсе, табиғатқа деген жанашырлығы қалыптасар еді. Бүгінгі таңда табиғатымыздың бүлінуі мен ластануы осындай тәрбиенің жетіспеушілігінен туындайды. Экологиялық тәрбие қашанда ұрпақ тәрбиесінен бірелі қалған емес,- деді Жанболат Халенұлы.

дәулетов қайырбек

Форум әр түрлі бағытты қамтыды. Соның бірі бүгінгі таңда өзекті болған – діни тәрбие. Сол бағытта сөз алған отбасында бір ұл мен бір қыздың әкесі, аудандық мешітінің бас имамы Құлтөре Нажмитдинов. Бас имам «Әке тәрбиесіндегі діни сауаттылықтың маңызы» тақырыбында сөз сөйледі. «Жаратылыс жағынан әке бір саты жоғары тұрса, ана құрмет жағынан бір саты жоғары тұрып, бала үшін тең деңгейді қамтиды. Оны біздің шариғатымыз да, қазақы таным-түйсікте де дәлелді сөз жетерлік. Қасиетті кітабымызда әкенің де ананың да орны шегеленіп көрсетілген. Оны анық жеткізетін – әкенің тәрбиесі. Әкенің балаға беретін ең жақсы мұрасы – жақсы тәрбие. Әке - әр шаңырақтың қорғаушысы, ең қадірлі темірқазығы. Біздің бағыт алған бағдарымыз анық болса, соңымыздан ерген ұл-қызымыздың болашағы жарқын болмақ, - деп сөзін түйіндеді бас имам. Сөз кезегі одан кейін спортшы әкеге бұйырды. Ол ауданымызға танымал спорт маманы, Қ.Сәтбаев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі - Қайырбек Дәулетов. Қайырбек отбасында 1 ұл, 1 қыз тәрбиелеуші әке.

Оның тақырыбы: «Әке – отбасы мен қоғамда тәлімгер және жаттықтырушы». «Мені спортқа баулып, тәрбие берген әкеміз болатын. Әйгілі бір футболшының «Менің мақсатым – әкемнің алдында мақтаныш сезімін көру» деген жақсы сөзі бар. Мен үнемі әкемнен көрген жақсы тәрбиені алдыма мақсат қойып қоғамда, отбасымда жақсы жүруге тырысамын. Үнемі балаларыммен жаттығу жасап, бірге спортпен шұғылданамын. Себебі менің балам көшедегі әкені өзіне үлгі тұтып, жасымауы үшін. Әрқашан қоғамның жақсы жағын еңсеріп, бойымызға дарытып, ұл-қызымызға өнегелі тәрбие берсек, қоғамның жақсара түсері анық, - деді Қайырбек Дүйсенғалиұлы. Форумда отауын жаңа көтеріп, отбасы болған жас әке -   Қожағұлов Мақсат сөз алды. Мақсат «Айнабұлақ»  НМ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, 1 ұл тәрбиелеуші әке. Ол «Жас әке – жаңа өмірдің тұтқасы» тақырыбында танымды ой айтып, көпшілікті бір серпілтті. «Менің әкем үш ұл,бір қыз тәрбиелеп, олардан 7 немере сүйіп, ата атанып отыр. Әкемнің мінезі – қатал, бірақ жүрегі мейірімге толы. Анамыздың «Әкең келе жатыр», «Әкең ұрсады» деген сөздері біздің тәрбиеміздің қайнар көзі болатын. Жалғыз қарындасымызға үнемі дұрыс жүруін ескертіп, ағаларының тәрбиесіне сөз келтірмеуді айтып жүретін. Сан түрлі кәсіп иесі болған әкеміздің еңберқорлығы, асын адал жолмен табуы бізге өнеге. Әрқашан әкеміздің тәрбиесін алға ұстап, ұл-қызымызға жақсы тәрбие беру міндетіміз, - деді жас әке.

Форум спикерлерінің соңғысы болып Алматы қаласынан келген құрметті қонақ Азизжан Ташбаевқа сөз берілді. Ол алып шаһардағы «EDUCOM» компаниясы директорының орынбасары болып қызмет жасайды екен. Бір ұл мен бір қыз тәрбиелеп отырған білімпаз әке. «Менің бүгінгі айтар ойым бір әкенің тәрбиесін жүз мектепте бере алмайды.  Бүгінгі форум сан түрлі бағытты қамтып, оның түбі – дұрыс тәрбие беру. Менің әкем мен үшін қалай қаһарман болса, мен де ұл-қызыма солай батыр иесі болу керекпін. Ұл-қызымызға көбірек көңіл бөліп, оларға мейіріміз бен махабатымызды аямасақ, кейін бізге де солай жанашыр болары анық. Әрқашан әке мерейі үстем болып, әкелеріміздің тәрбиесі жасай берсін, жаңара берсін», - деген тілегін білдірді Азизжан Халыбекұлы.

Сонымен қатар форум барысында аудандық мәдени-демалыс орталығының көркемөнерпаздарының орындауында «Әке туралы ой», «Әке-ана» әндері, балалар музыка мектебі мұғалімдерінің ұсынған «Әке арманы» күйі,  «Қиялдан» би тобының  «Қазағым» биі  көрсетілді. Форум соңында «Менің әкем ең жақсы адам» әні көрермендермен бірге шырқалып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

 

Меңдібек Нұрболатұлы,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале