2.05.2020, 23:19
Оқылды: 234

«Біз ол аналардың алдында қарыздармыз!»  

Бұл әңгімені Тасқұдық ауылына барғанда ақсақал Сайлау Үкиевтің аузынан естіп, жазып алған едім.

8E1EB416-89ED-431E-974A-26E9C1DEF69F

1941 жыл. Соғыстың басталған уағы. Ол кезде Өтеп Қалиев Тасқұдық ұжымшарының Тінәлі бөлімшесінің малшысы еді.  Ер болып туғасын, мылтық асынып, майданға кіру оған да міндет болды. Өтеп - тағдырдың жағалауына тура келген кезде тайсалып, өткел іздеп кететін бос жігіт емес. Ұлы Отан шақырды, ол аттанды. Бір баласын қолтығына сүйеніш етіп, бір баласын бесікте тербеп әйелі Бәлеш қалды.

Күйеуі майданға аттанарда:

- Шаңырақ – аманат! Тәңір жазса келермін, жазбаса... Жылап-сықтайтын уақыт емес, Бәлешжан! Беліңді бу, бойыңды жина! Айналаға бас-көз бол! Сосын, мына малды аздырып, тоздырып алмаңдар! Халықтың әл-ауқаты малында. Сендер мықты болу керексіңдер, сендер мықты болсаңдар, біз де мықты боламыз! – деген еді Бәлешке.

Бәлеш табынға ие болып өзі қалды. Әйел адамға 70-80 бастың бабын оңай деп кім айтты? Жазғы жайылым ештеңе емес. Утваның жағасындағы жайлау малға жайлы. Бәрінен қыстату ауыр. Шөптің бәрі іскірттеліп далаға үйіледі. Оны өгіз шанамен ауылға қарай, малдың ауызына тасу керек. Бір шанаға 7-8 центнер шөп кетеді. Бұл жұмысты баяғы әйелдер атқарды.

- Қыстаққа өгіз шанамен шөп тасығандардың ішінде менің туған апам Бағилаш Үкиева да бар еді. Бір шанаға 7 – 8 центнер шөп кетеді. Ала таңнан кеткен апам жұмыстан келгенше түн болады. Күні бойы аязда жүріп, қатып қалғаны соншалық, үйге келгенде аяқ киімі шешілмей қалады. Таңмен осы тірлік қайта басталады. – дейді Сайлау Үкиев.

Бәлештің жарын майданға аттандырғалы да 1 жылдай уақыт өтті. Жұмыстың ауырлығына, тағдырдың қиындығына аздап болса да бой үйреніп қалды. Бірақ барлық ананың көңілінде бір күні бәрі бітеді деген сәуле бар еді. Сондықтан бәрі де азаматтарының аман келген күнін аңсап жүрді.

1942 жылдың қаңтары. Тінәлі бөлімшесіне пошта келді. Поштабайдың сөмкесі осы жолы Бәлеш үшін тағдырдың ең ауыр сынағын арқалап алып келіпті. Қара қағаз. Жары Өтеп Қалиев Ұлы Отан соғысында жаумен арпалысып, қаза тауыпты. Қара қағаз бүкіл ауылды күңірентіп жіберді.

Бәлеш ұзақ жылады. Бір кезде оның құлағына Өтептің:

- Жылап-сықтайтын уақыт емес, Бәлешжан! Беліңді бу, бойыңды жина! – деген дауысы естілді. Қасында тұрған сияқты. Дір етті.

Бәлеш қайғының ең ауырын қабылдап алды. Қалған қайғы, қалған қиындық түк емес оған. Өтептің  қос жанарындай болған қос ұлды жеткізуі керек, оның үстіне өзін елдің иығындағы жүкті көтерісуге де міндетті санады. Қайран әйел күйеуі Өтептен қалған таяқты қысып ұстап, «Бисмиллях» деп орынынан түрегелді.

Көктем келді, жаз шықты. Табын мал Утваның бойын жағалап, жайылып кетті. Ел пішен дайындауға кірісті. Техника жеген жоқтың қасы, көп жұмыс қолмен атқарылды. Шабылған шөпті пішеншілер қолмен жинайды, үйеді, маялайды. Қол жұмысы болғасын, еңбек өнік болуы үшін жұмыс күшінің көп болғаны жақсы. Бір бөлімшенің қыстық азығын дайындау үшін шабындықтың басында 50-60 адам күннің астында бел жазбай еңбек етеді.

Бәлеш болса малдың қамында. Әмина Мұқатаева, Қытайы Жонысова, Жәмилә Көшеғалиева сынды сауыншыларымен бірге Утваның маңындағы көшпелі сүт қабылдау пунктіне сүт тапсырады. Оларға жүктелген жұмыс – сол.

Жоқшылық жайлаған уақыт. Жұрт қанша жерден еңбекті адал жасаймын десе де, ассыз, нәрсіз жүргесін өндіре алмай қалып жатты. Шаруалардың қайраты кеми түсті. Елге қалай жәрдем берсе, қалай көмектессе болады? Бәлеш қасындағы сауыншылармен бірге тартылған сүттен айран ұйытты. Ол айранды ағаш бөшкемен даладағы еңбекшілерге Өтептің үлкен ұлы Әбілқайыр тасыды. Араға күн салып келетін Бәлештің айраны даланың басындағы шаруаларға, соның ішінде балаларға кәдімгідей қуат болды. Әбілқайырдың бөшке сүйреген арбасының қарасы көрінсе, бәрі ыдыстарын даярлап тұра қалады. Келгесін, бөлісіп ішіп алады. Сөйтіп, Бәлештің сауыншылары 50 шақты адамды бір жыл емес, екі жыл емес, соғыс аяқталып, ел аяқтан тұрып кеткенше айранмен асырады. Білген адамға, түсінген адамға бұл  - нағыз ерлік еді!

F20A3044-7069-4272-BF56-57D6107149CC

- Сиыр сауылып, ауладан шелек-шелек сүт шығады. Олар құйылып, күн сайын 4 – 5 бидонмен тапсыруға жөнелтіледі. Біз бидонға құйылғанша шелектегі сүттен ішіп үлгеруге тырысамыз.  

Соғыс бізді ерте есейтіп жіберді. 3-4 жасымда есімді білдім. Бала болып ойын қумадық, анамызға бұзау қайырыстық. Қораның маңын қасқырлар торуылдып отыратын. Оны да көрдік. Әкеміз сол қолында кінәраты болып, майданға алынбай қалды. 1897 жылы туған әкем 91-ге келіп қайтты. Соғыс уақытында да, соғыстан кейін елді қайта тұрғызу тұсында да ерен еңбек қылды. Мен үшін әкем – батыр!

Зұлмат соғыстың бар салмағы жауынгерлерге ғана емес, ауылдағы халыққа, еңбекшілерге түсті деп ойлаймын. Біздің ауыл бірлік пен маңдай тердің арқасында бәрін жеңді. 1 үйді 2-3 жанұя паналады. Отбасылар арасында жанжалдасу, керісу болмады. Оларды ортақ қайғы мен ортақ үміт біріктірді. Быламық деп, шөптің үстінде ұйықтаған күндеріміз болды, әрине. Атыңнан айналайын, Бәлеш сияқты аналар ауызымызды ақтан айырған жоқ. Сауыншылардың бірі  Қытайы Жонысова – менің анам еді, – дейді Сайлау атай сол күндерді еске алып.

Бәлеш Қалиева 1967 жылы зейнеткерлікке шықты. Кейін ол кісі де мәңгілік сапарға аттанды. Қазір ұлы Екпіндінің жасы 80-ге келді. Шаруаға ширақтық Бәлеш ананың немерелеріне де дарып, Бөрлі ауданының Тасқұдықпен қоңсы жатқан қазіргі Достық, бұрынғы Александровка ауылында шаруашылық ұстайды екен. Ол үйде Бәлеш ананың зейнеткерлік куәлігі, «Ұлы Отан соғысындағы жеңіске – 50 жыл» мерекелік медалінің куәлігі және фотосуреті бар екен. Құжаттар мен суретті Сайлау атай Достық ауылына аяқтай барып алып, Тасқұдық негізгі мектебінің мұғалімі Сатым Қажыгереев арқылы біздерге жеткізді.

- Әуреге салдық – ау! – дегенімізде,

- Біз ол абзал аналардың алдында қарыздармыз! – деді Сайлау ата.

 Бауыржан Ширмединұлы

Сырым ауданы

 zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале