29.08.2023, 14:45
Оқылды: 416

БҚО-да құрылысшы бау-бақша егумен айналысады

Казталов ауданында ағаштан, темірден түйін түйген шебер, талай нысанда қолтаңбасы қалған құрылысшы Ақылбек Қабдығалиевті білмейтіндер кемде-кем.

жп бак (4)

Құрылыс саласында аты шыққан ағамыздың тағы бір қасиеті — бағбандық екенін дүйім жұрт біле бермейді.

Жуырда Казталов ауылында тұратын Ақылбек ағамыздың үйіне барып, таң-тамаша болдық. Ат шаптырымдай шарбағының ішін тал-терек жайқалған бау-бақшаға айналдырған ағаның еңбегіне сүйсіндік.

жп бак (3)

«Біздің Казталовтың топырағы нашар, не ексең де өспейді» деген қауесетті жоққа шығарғандай.

Ауласына кіреберісте небір түске боялған гүл көшеттерін көрсеңіз, көздің жауын алады. Бақша дақылдарын есептемегенде жемістері төгіліп тұрған теректердің түр-түрі бар. Біз білетін алма, шиеден басқасы жайқалып өсіп тұр. Мұндай тамаша көріністің артында біраз жылдың еңбегі мен төгілген тердің бар екені сөзсіз. Еңбекқор азаматты сөзге тарттық.

жп бак (6)

— Мен ауылда үй ауыстырып, осы жерге қоныс аударғаныма үш жылдың жүзі болды. Құрылыстан бөлек бау-бақша еккенді жақсы көремін. Біле-білсеңіз әрбір шөптің, көкөніс пен жемістің емдік қасиеті көп. Менің ауламда шырғанақ, итмұрын, мамыргүл, шие, қарақат, өрік, алма, мойыл ағаштары бар. Бір-екі жылдан бері жемісін теріп, мол өнім алып отырмыз. Кәдімгі шырғанақтың өзі денсаулыққа өте пайдалы. Шырғанақтың жемісі қара күзде, яғни, алғашқы аяз соққан кезде піседі. Біз жемісін теріп, тосап қайнатамыз. Жемісінде 8 пайыз шырғанақ майы бар. Шырғанақ майы терідегі жаралар мен күйіктерді жазады. Адамның ішкі ағзасының жұмысын жақсартып, бауырдың негізгі қасиетін сақтауға көмектеседі, - деп білгенін айтты Ақылбек Қабдығалиев.

жп бак (2)

Расында мұндай тамаша көріністерді кез келген ауылдастың шарбағынан кездестіре алмайсыз. Ағамыздың жайқалған бағы мен жайнаған ауласы «Менің аулам — менің бағым» жобасына сұранып-ақ тұр. Тек уақтылы қолдау болса дейміз.

жп бак (5)

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале