12.02.2024, 15:30
Оқылды: 34

Боранмен арпалысып қызмет етті

Ақпанның ақырған боранының алғашқы соққысын сырымдық электромонтерлар қабылдады.

боран

Ышқынған жел алдымен электр желілерді үзді, бағаналарды құлатты. Ол аз болғандай ауыл ішіндегі электр жинақтағыш шкафтардың, ауызекі тілмен айтқанда трансформатордың қойын-қонышы қарға толды. 6 ақпанда 23:00 шамасында аудандағы соңғы жарықшам өшті.

Сырым аудандық электр торабы мекемесінің бастығы Мақат Шамардың айтуынша, негізгі жұмыс аудандағы аурухана, телемұнара секілді нысандарды электр желісіне жалғаудан басталған. 7 ақпан күні сағат 10:00-де тұрғындарға ең қажетті деген нысандарға жарық беріліп, қалыпты жұмыс режимі қамтамасыз етілді. Алайда көше-көшелерде электр тоқтары салпылдап жатты.

боран сырым (1)

Аудандағы жағдайдың күрделілігін көрсету үшін, Сарой ауылдық округіндегі 35/10кв электр торабының аумағы толықтай қар астында қалғанын, Аралтөбе ауылдық округінде су таратушы мұнараға қуат тасып тұрған трансформатордың құлағанын айта кетелік. Сол секілді, Бұлдырты ауылдық округінде ауылішілік желілер үзілді. Қарақұдық елді мекеніне жарық жеткізетін 7 бағана сынып, құлады.

боран сырым (2)

Сырым аудандық электр торабының электрмонтерлері ұйқыны ұмытып, боранмен арпалысып қызмет етті.

Атап айтсақ, бас инженер Серікбол Мұқанов, шебер Қадырбек Өтеғалиев, монтерлар – Ақылбек Құрматов, Шәкәрім Қуанышқалиев, Болат Райымов, Эльдар Суровцев, Қолғанат Есенғалиев, Әділхан Нахметов, Арман Алиевтер - трансформаторларды қардан қолмен аршып, тазартып, желге тербелген бағананың басында сымды сымға жалғап тұрды. Диспетчерлер Ернияз Кенжебаев, Ербол Ғафурин мен Нұрлыбек Теміров толассыз қоңырауларға жауап беріп, әріптестерінің нәтижелі жұмысын ұйымдастырды.

Сырым ауданындағы авариялық жағдайды оңалтуға жәрдем ретінде Орал қаласынан үш техника келді.

 

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале