4.10.2021, 16:18
Оқылды: 300

Бөрліде дүбірлі бәйге өтті

Ақсай қаласы күніне орай Бөрлі ауданында көптен күткен «Жайық жүйрігі-2021» атты ат спорты ойындары өтті. Қала күнін тойлауға жоспарланған он күннің тамаша нүктесін қойған айтулы шара аудан тұрғындары мен қонақтарына керемет мереке сыйлады. Өйткені күннің суығына қарамаған үлкенді-кішінің бәрі атшабар алаңынан табылды. Әр ауылдық округ ақшаңқан киіз үй тігіп, мерекенің ажарын ашты.

F22E6720-DBFD-48C5-B4B9-24A6CD647FDD

Шаң қаптырар шабандоздар жарысы аудан тұрғындары үшін мерейлі тойға айналды. Қала күніне арналған ат бәйгесі бес бөлімнен тұрады. Шабандоздар 3 және 6 шақырымдық тай, 12 шақырымдық құнан, 21 шақырымдық топ және 31 шақырымдық аламан бәйгеге қатысты.  

Ал облыстық ашық чемпионатқа әрісі Ресей Федерациясы Орынбор қаласынан, берісі Алматы, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облысы мен Нұр-Сұлтан қаласынан шабандоздар қатысты.

Бөрлі ауданының әкімі Миржан Сатқанов пен БҚО «Бәйге» федерациясының атқарушы директоры Сатқали Байзуллин жұртшылықты мерекелерімен құттықтап, шабандоздарға сәттілік тіледі. Сонымен қатар ардагер атбегі Мүтәлі Серікқалиев жиналған қауымға батасын берді. Шара барысында батыс өлкесінде және ауданымызда ұлттық ат спортын дамытуға қолдау білдіріп, ерекше жанашырлық танытып жүрген бір топ азаматқа аудан әкімі атынан алғысхаттар табысталды.

Көпшілік алдымен 3 шақырымдық тай жарысы бәйгесін тамашалады. Бір қызығы жарыс жолына шыққан 10 тай да бәйгеге алғаш рет қатысып тұр. "Ақжайық" тұқымдас тай жарысына жүлде қоры 2 млн. теңге болып, оны кәсіпкер, "Ернұр-Ж" шаруа қожалығының басшысы Жаңғабыл Сәтбаев сынды атбегі азамат тікті. 20 жылдан аса атбегілікті қолға алған ол болашақта жаңа тұқымдас жылқыларды шығаруды жоспарлап отыр.

7BBB9FA3-6679-4C0A-A195-19421CA197F4

- 2010 жылы өзіміз шаруашлық құрып, "Ернұр" деп ортаншы баламыздың атын қойып, жылқы малын өсіріп жатырмыз. 2015 жылы қазақтың жабы тектес жылқысы деп атағын алып, бүгінгі таңда Мұғалжар айғырын алып, сонымен жұмыс жасап келе жатырмыз. Бұл тайларды өсіру, баптаудағы мақсаты өзіміздің қазақы жылқыларымызды насихаттап, жарыққа шығару. Бұйырса, 10-15 жылда Ақжайық тұқымдас жылқы шығарғым келеді. Олар қазақы жылқылар. Яғин қазақы бәйгелерге қосылып, өзара шабатын болады. Бүгін біздің қожалықтан шыққан 10 тай бөлек шапты. Соның бесеуіне жүлде қоры тігілді. Бұған дейін бұл тайлар еш жерде шапқан жоқ. Бүгін бірінші рет шабыстарын байқадық. Өзіміздің жоспарымызды айтсам, болашақта қазақы жылқы мен ағылшын жылқысын шағылыстырып қазақы мініс аттарын шығарғымыз келеді. Бұрынғы Ақан серінің Құлагері, Қабанбайдың Қобландысы сияқты қазақтың қарабайыр жылқыларын шығарғымыз келеді, - дейді қожалық жетекшісі.

Тайлардың арасынан бірінші болып келіп, 1 млн. теңгені ұтып алған Серікқали Берегеновтың "Жайторысы" болса, жүлде қоры 500000 теңге тігілген екінші орынды Ринат Мизамгалиевтың "Байторысы" жеңіп алды. Мәреге үшінші келген  Қуан Әбдрахмановтың "Тұмары" (250 000 теңге) болса, төртінші және бесінші орындарды Жомарт Байтақовтың "Фломастері" (150 000 теңге) мен Нұрқанат Амирдің "Сүлікқарасы" (100 000 теңге) өзара бөлісті.

6 шақырымдық тай бәйгесінде Бөкей ордасы ауданынан келген "Қазына" атты тайға бұйырды. Ат иесі Асқар Мұқанғали жарысқа тігілген мотоциклдың бірін ұтып алды. Екінші орында және 300000 теңгені ақжайықтық Еламан Жәрдемовтың "Қоянқасқасы" ұтып алса, үшінші орын және 200000 теңгені казталовтық Нұрболат Әдилетовтың "Тасқын" атты сәйгүлігі алды.  

- Атбегілік өнерге нағашым Нұрболат бала кезімізден баулыды. Бүгінгі жарысқа "Қазына" деген тайымызды алып келдік. Бөкей ордасы ауданы Саралжын деген ауылдағы Асқар деген ағамыздан шықты. Тайдың үстінде Ершат деген туған бауырым болды. Өзім атбегілікке келгеннен соң, інім Ершатты да баулыдым. Басында 5-6 рет тайдан құлап-құлап бүгінде тақымын қысып отыратын нағыз шабандозға айналды. Осыған дейін қомақты ақша ұтқанымыз рас. Бірақ бүгін бірінші рет мотоцикл ұтып жатырмыз. Өте қуаныштымын. Бұған дейін өткен Президент кубогінде тай бәйгеде "Қазынамыз" бірінші келген болатын, - дейді атбегі Бекзат Омарғалиев.

12 шақырымдық құнан бәйге де көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Жарыс жолына 21 жылқы шығып нағыз аламан бәйге көрсетті. Бірінші орынға мотоцикл тігілген бұл бәйгеде Ақтөбе облысынан келген Мәлік Жантелековтың  "Төрт қара" атты сәйгүлігі топ жарды. Екінші болып Казталов ауданынан Мербол Мендіхановтың "Еркеқызы" (300 000 теңге) келсе, мәреге үшінші болып бөрлілік Нұрболат Жириншиевтың "Бесқонағы" (200 000 теңге) келді.

Аламан сайыста топ бәйгеге 29 жылқы қатысты. Жүлде қорына тігілген  қос көліктің бірі осы бәйгеге берілген еді. Сондықтан шығар, көрермен қиқулап, шабандоздар тақымын мықтап қысып, 21 шақырымдық жолға шықты. Жүзден жүйрік танылған алматылық Әлинұр Назарбайдың "Қарлығашы" бірінші болып келіп, автокөліктің бірін ұтып алды. Екінші болып, Сейітжан  Балжігіттің "Қымбаты" (500 000 теңге) келсе, үшінші орын казталовтың "Байрағына" бұйырып, ат иесі Миржас Төлеген мотоцикл ұтып алды.

Ал бәйге төресі аламан сайысында шашасына шаң жұқтырмаған қарағандылық Мади Махмудтың "Бақторы" атты тұлпары бірінші келіп, екінші автокөліктің кілтін алды. Екінші орынды және 1 млн. теңгені қанжығасына байлаған оралдық Асхат Тахамбетовтың "Сұлтаны" болса, үшінші орынға тігілген мотоциклды ақжайықтық Мирболат Адайдың  "Саясатторысы" алды.  

- Алматы қаласы, Қарасай ауданынан келдім. 30 жылдан бері атбегілікпен айналысамын.  Қазақтың бір атқұмар баласымын. Батыста осындай дүбірлі дода болатынын естіп, топ және аламан бәйгеге қос бірдей сәйгүлігімді алып келдім. Шүкір, екеуі де бірінші орын алды. Аламан бәйгеде бірінші келген атымның аты "Бақторы". Иесі Қарағандынікі. Бірақ бұл ат менде дайындалады. Бұл аттың дайындалғанына бір жыл болды. Жақында Президент кубогін ұтқан. Ағылшын тұқымдас. Жасы төртте. Бүгін топ бәйдеге шапқан екінші атым да чемпион атанып жүр. Бүгінге дейін 5 көлік, 1 түйе ұтты. Шабандозым Байхан. Шауып жүргеніне үш жыл. Жасы он үште. Ұйымдастырушыларға көп рахмет. Керемет шара өтті, - дейді алматылық атбегі Секенай Бөбекбай.

Айта кетейік, аламан бәйгеде төртінші орынға ие болған шабандоздар атыраулық атбегі азаматтар атынан қаржылай марапаттарға ие болды.

 - Көптен күткен "Жайық жүйрігі" шарасы жоғары деңгейде өтті. Биыл үшінші мәрте өтуі керек еді. Пандемияға байланысты өтпей қалды. Алтай мен Атыраудың ортасынан, Ресейден шабандоздар келді. "Жайық жүйрігі" шарасы республикалық "Дарабоз", "Алтын тұлпар" сияқты дәстүрлі түрде өтетін үлкен бәйге болады. Қазір облысымызда үлкен атбегілер бар, республикалық, халықаралық дәрежедегі шараларда үлкен жүлдеге ілігіп жүр. Федерацияның деңгейі жылдан-жылға көтеріліп келе жатыр. Жалпы, ұлттық спортқа қызығушылық жоғары, лайым солай болсын, - дейді ардагер атбегі Серікқалиев Мүтәлі.

Бөрлі ауданы әкімдігінің қолдауымен, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі және облыстық «Бәйге» федерациясы қоғамдық бірлестігінің бірлесіп ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Ақсай қаласы күні мерекесіне орай өткен шара осылайша өз мәресіне жетті.  

  Айым Нұрғалиева,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале