28.07.2022, 17:00
Оқылды: 49

Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы неге тоқтап тұр?

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Нариман Төреғалиев пен Ләззат Рысбекова, облыстық мәслихат хатшысы Бибігүл Қонысбаева жұмыс сапарымен Тасқала ауданына келді.

Ынтымақ байланыс аясынан тыс жерде (1)

Депутаттар жұмыс сапарын Достық ауылдық округіне қарасты Ынтымақ ауылынан бастады. Аталмыш елді мекенде айтарлықтай мәселелер бар екеніне сол ауылдың тұрғындарымен кездескенде көз жеткізді. Алдымен мектепке атбасын тіреген қонақтарға аудан әкімі Бауыржан Айтмағамбетов мән-жайды түсіндіріп берді.

Ол кезінде тоғыз жылдық мектеп болатын. Кейін бала саны қысқаруына байланысты бастауыш мектеп ретінде жұмысын жалғастырған еді. Енді, міне, соңғы үш жылдан бері аталмыш мектептің есігінде құлып тұр. Сенат депутаттарының келгенін естіп, ауыл тұрғындары жиналды. Ынтымақтықтардың арман мен тілегі бір – мектепті қайтадан ашу. Мектеп ашылса, ауылдың тірлігі бұрынғы қалпына келер еді дегенді айтты халық. Тағы бір мәселе – ұялы байланыс. Ынтымақтықтар жақын жұрағатпен байланысу үшін қырлардан асып, ауылдан алыстап барып сөйлесуге мәжбүр. Аталмыш елді мекен тұрғындарының мақсат-мүддесіне құлақ асқан Сенат депутаттары мәселені өздеріне түртіп алып, алдағы күндері ауылдықтар қуанышты хабар еститінін жеткізді.

Ынтымақ байланыс аясынан тыс жерде (6)

Содан кейін Нариман Төреғалиұлы мен Ләззат Тұяқбайқызы Достық ауылына дейінгі үш шақырым тас жолдың құрылысымен танысты. Аталмыш ауылға кіре беріс жолдың ауыл халқы үшін маңызды екенін түсінген депутаттар мердігер компания өкілдеріне аталған жұмысты қарқынды жүргізіп, белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Одан әрі аудан орталығында бой көтеріп жатқан 320 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын көрді.

– Өткен жылдан бері құрылысы тоқтап тұр. Нысан бойынша тапсырыс беруші – «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясы, бас мердігер– «ТасқалаТрансГаз» ЖШС. Бөлінген қаражат – 493 432,7 теңге. Жобалық-сметалық құжаттаманың сәйкес еместігіне және құрылыс материалдары бағасының күрт өсуіне байланысты құрылыс-монтаж жұмысы 2021 жылы ақпан айында тоқтатылды. Сонымен қатар бас мердігер «ТасқалаТрансГаз» ЖШС-мен келісімшарт мерзімі 2022 жылдың 16 ақпанында аяқталуына байланысты келісімшарт бұзылды. Десекте қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттамасы түзетілуде.

Шілде айында сараптамаға тапсырылады. Қорыта айтқанда, сараптаманың қорытындысын күтетін боламыз, – деді аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бекжан Тоқжанов.

Одан кейін сенаторлар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңадан салынып жатқан үш қабатты 18 пәтерлі тұрғын үйдің қазіргі жағдайымен танысты.

Құрылыс бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Қазіргі таңда жасалған жұмыс 89,7 пайызды құрап отыр.

- Құрылыс мердігері жұмысты уақтылы жүргізіп жатқанына қуаныштымыз. Біразы артта қалды. Өздеріңіз көріп тұрғандай, үш қабатты үйдің ішкі жұмыстарын да бастап кетті. Алдағы уақытта нысанды белгіленген мерзімде аяқтап береді деген сенімдеміз», – деді аудан басшысы Бауыржан Есқайырұлы.

Деркөл өзені мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Көктемгі қар суы Деркөл өзеніне ағып келгенімен, кептеліп қалатын жері баршылық. Осы мәселе ауданға сапарлап келген билік өкілдері алдында қозғалып келеді. Әзірге шешімін таппай тұр. Нариман Төреғалиев пен Ләззат Рысбекова осы Деркөл өзенінің қазіргі жағдайымен танысып, мәселеге көз жеткізді. Одан соң Мерей ауылындағы мектептің күрделі жөндеу жұмысын көрді. Нариман Төреғалиұлы күрделі жөндеу жұмысын тездету керектігін атап өтті. Депутаттар мерейліктермен кездесіп, олардың ұсыныс-тілегін тыңдады. Электр желісінің тозғаны, жер мәселесі мен ауылдық клуб керектігі кездесу барысында айтылды.

– Бүгін біраз жерді аралап шықтық. «Жүре берсең, көре бересің» демекші, бірнеше мәселенің туындап тұрғанына көз жеткіздік. Осының бәрін өзімізге жазып алып, жоғары жаққа жеткіземіз. Еліміздің дамуына әрқайсысымыз үлесімізді қосуымыз керек. Сол үшін ел аралап, ауылдағы ағайынның ұсыныс-пікіріне құлақ түре жүреміз. Ынтымақ ауылындағы ұялы байланыс мәселесін кешікпей шешеміз деп үміттеніп отырмыз. Елге депутаттар келе жатыр екен деп, алтын уақытын бөліп, кездесуге жиналғандарыңызға шексіз ризамыз. Тек жақсы күндерде жолығайық, – деді сенатор Нариман Төреғалиев.

Темірболат Әнуарұлы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале