4.10.2021, 17:17
Оқылды: 75

Доп додасы айтулы күнге арналды

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және қаһарман апамыз Мәншүк Мәметованың туған күніне, сонымен қатар осы айтулы күнмен тұспа-тұс келген ұстаздар қауымының төл мерекесіне арналып, Сайқында білім саласы қызметкерлері арасында волейболдан аудандық турнир өтті.

12D6E9F6-7EE3-4A10-9A8D-429D95980761

Ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Аққалиев спортшы-ұстаздарды айтулы күндермен құттықтап, додада сәттілік тіледі. Турнирді ұйымдастырушы М.Мәметова атындағы орта мектеп директоры Асылхан Аманғалиев қатысушыларға "қош келдіңіз" айтып, ХІ мәрте өткізіліп жатқан дәстүрлі турнирдің ауыспалы кубогі шын мықтыға бұйырсын деді. Бас төреші Нұрболат Бисекенов спортшыларды ережемен таныстырып, ойын басталып кетті.

Ұзақты күнге созылған дода спорт кешені мен М-С.Бабажанов атындағы орта мектеп базасында өтті. Қатысушы тоғыз команда жеңісті қолдан бермеуге тырысып, жақсы ойын өрнегін көрсеті. Әрине, жарыс болған соң озған да, қалған да болады. Сөйтіп, қарсылас шақ келтірмеген аудандық спорт мектебі командасы І орынды жеңіп алса, ІІ орын А.Құсайынов атындағы мектебінің еншісінде кетті. Ал жүлделі үштікті Жәңгір хан атындағы мектеп командасы түйіндеді. Сонымен қатар ерекше ойынымен көзге түскен  спорт мектебінің жаттықтырушысы Алихан Саматов “Үздік ойыншы”,  М-С.Бабажанов атындағы мектептің мұғалімі Нұрбек Ғазезов “Үздік қорғаушы”,  Жәңгіхан атындағы мектептің мұғалімі Нұрлау Елеуов “Үздік байланыстырушы”, А.Құсайынов атындағы мектептің мұғалімі Нұрлыбек Жахатов “Ардагер-спортшы” аталымына ие болды.

-Бұл турнирге 13 команда шакырылған еді. Өкінішке қарай, төрт команда қатысқан жоқ. Алайда, жігіттеріміз спортта шымыр екендіктерін нақты көрсетті. Реті келген соң  турнирге демеушілік жасаған жеке кәсіпкерлер  Бердібек Мақсотов пен Манарбек Ізбасқановқа, кәсіпкерлік палата директоры Бибигүл Жұмағұлова және Ауған соғысынын ардагерлері ұйымының жетекшісі  Елтай Қонақбаев есімді аға-апаларымызға бұқаралық спортқа көңіл бөліп, спортшыларды ынталандыру үшін көрсеткен көмектері үшін  ұйымдастырушы ұжым атынан ризашылығымызды білдіреміз,- деді М.Мәметова атындағы мектептің ұстазы Али Победов.

Раушан Бақытова,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале