21.12.2020, 10:04
Оқылды: 151

Егіз балалар – табиғаттың ерекше жаратылысы

Бәйтерек ауданына қарасты Мичурин жалпы орта білім беретін мектеп-балабақша кешенінің бастауыш сыныптарында 6 егіз тәлім алуда. Биылғы оқу жылында мектептегі ерекше жаратылысты оқушылардың саны артты. Өйткені 1-сыныпқа 3 егіз бала келді.

Рисунок3

- Сыныбымда Хасан, Хамза Сабыр  және Айназ, Назерке Бақтығали тегі атты егіздер бар.  Балалар өте қарапайым, тәрбиелі отбасынан шыққан, мінездері ұяң әрі сыпайы. Хамза математика пәнін ұнатса, Хасан ауызша сабақтарға өте белсенді қатысады. Екеуі де өнерлі, ән салып, би билейді. Ал Айназ бен Назеркенің мінездері бір-біріне ұқсас, сыпайы, орынсыз сөйлемейтін, берілген тапсырмаларды уақытында орындайтын ұқыпты қыздар. Айназ қазақ тілі мен әдебиеті пәндеріне көп қызығушылық танытатыны байқалады. Ал Назерке математика сабағына белсенді қатысады, - дейді егіздердің сынып жетекшісі Гүлайша Дүсенғалиева.

Рисунок6

Сондай-ақ үшінші сыныпта да Захар және Егор Влас атты егіздер оқиды. Олардың сынып жетекшісы Бақтыгүл Сақыпкерейқызының айтуынша, Захар мен Егор үнемі бірдей киініп, оқу-құралдарына ұқыпты қарайды екен. Сабақтарына да алғыр көрінеді.

Мінездері ашық, ортамен тез тіл табыса білетін Захар мен Егор бір-біріне әрдайым қамқорлық танытып жүретінін айтады ұстазы.

Ұстаздар егіз балалардың бірін-бірі сезінуі өте ерекше екендігін айтады. Сыңары ренжісе немесе мұғалім ескерту жасаса, екіншісінің де көңілі түсіп қалады екен. Олардың жанашырлығы, бауырмалшылдығы ерекше. Алайда қабілеттері әртүрлі келетінін де көпшілік байқаған. Бірі ұяң болса, екіншісі алғыр. Біреуінің сабаққа ынтасы жоғары, қабілетті болса, екінші сыңары сабақты бәсең қабылдайды екен.

Рисунок8

Оларға зер салып қарасаң, бірінде жоқ қасиет, бірінен табылып, бір-бірін толықтырып тұрады. Кейде ұқсас жақтары да кездесіп қалатын көрінеді. Әсіресе, олардың бірі білмегенін бірі біліп, ойды жалғастырып алып кетуі адамды таңқалдыратынын да ұстаздар байқаған.

Мұғалімдер қанша жыл еңбек етсе де егіз балалардың ерекше қарым-қатынастарымен  бөлісіп, жаратылыстарының ерекшелігін айтып, тамсануын тоқтатпайды екен.

Айгүл Серғазиева,

Мичурин мектебінің

қазақ тілі мен әдебиет пәнініғ мұғалімі

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале