26.01.2022, 12:50
Оқылды: 259

Егіздер – егіз несібе...

Егіздер көрсек бәрімізде таңырқайтынымыз бар. Олардың Жаратқанның ерекше жаратылысы екені ақиқат. Қазақ қашанда баланың көптігін бақыт деп санаған. Ал жас ана дүниеге егіз немесе үшем әкелсе, ол үйдің несібе-берекесі екі-үш еселенді деп жақсылыққа ырымдаған. Бір мезетте екі немесе үш баланы дүниеге әкеліп, өрісі кеңейген отбасының сезімін сөзбен жеткізу мүмкін емес шығар. Себебі, егіз бен үшемдер – кез келген жанға бұйыра бермейтін ерекше жаратылыс иесі.

Есьол-Ербол1

Есбол мен Ербол

Жәңгірхан атындағы БҚАТУ-дың 1 курсында оқитын Есбол мен Ербол 2004 жылы Жәнібек ауылында  дүниеге келген. Егіздердің анасы Әдемі ханым жүктілігі ауыр өткенін, босанғанша құсағында екі бала жатқанын білмепті.

-Балаларыма жүкті кезімде үнемі шаршап жүрдім. Ішім үлкен болғандықтан, ұйықтау да, жүру де қиындық тудыратын. Ол жылдары ауданда УДЗ аппараты жасамай қалған. Менің бойымда егіздер екенін дәрігер сезбеді. Тек баланың ірі екенін ескертті. Дәрігер белгілеген күннен ерте босандым. Дүниеге алғаш Есбол келді, акушер баланы қолына алған соң үрейленіп, ішің неге ісіп тұр деп жақындай беріп еді, зейнет жасына таяп қалған санитарлық қызметші апай «Егіз ғой!Сыңары бар!» деп айғайлағаны есімде. Сөйтіп 10 минуттан кейін Ербол өмір есігін ашты. Отбасым үшін өмірге келген егіздер Алланың берген тосын сыйы болды. Ер болсын, бір-біріне ес болсын деген ниетпен есімдерін аталары қойды. Есбол өмірге бірінші келгесін бе, шапшаң, еті тірі , ал Есбол сабырлы, жәйлі бала. Алғаш тәй-тәй басқан да Есбол. Ал Ербол оның иығынан ұстап жармасып жүріп үйренді. Егіздерді бағу екі есе жұмыс дейді ғой. Бірақ, мен аса қатты қиналдым деп ойламаймын. Балаларым екі айына дейін ана сүтін емді де, кейін сүт арылмай сиырдың сүтімен тамақтандыруға тура келді. Балалар өте тыныш болды. Тамаққа тойып алады да ұйықтайды. Қызығы, ұйықтап жатырғанда біреуі оянып кеткенде екіншісіне қарап алданып жататын,-деп аналары егіздердің тәтті шақтарын еске алды.

Жоғары оқу орнының «Құрылыс» мамандығында оқитын қос жігіт кішкентайынан қол өнерге жақын болады. Анасының айтуынша, кішкентай кезінде алып берген көлік ойыншықтарды бұзып, ішін қарап қызықтап, құрастырылу жолын қызықтайды екен. Өсе келе екеуі бесаспап құрылысшы әкесінің қасында балға, шеге ұстауды ерте жастан үйренеді. Мектепте де сурет салу, макет жасау сынды шығармашылық жұмыстармен қызығушылықпен айналысқан егіздер облыстық, республикалық, халықаралық конкурстардан жүлделі орындарға да ие болған.

Егіздердің ерекшелігі шығармашылық жұмыс кезінде бірі екіншісінің ойын жалғастырып, бір-біріне кеңестерін айтып, бірлесіп тамаша дүние жасайды екен. Есбол мен Ерболдың өнері олардың «Құрылыс» мамандығын таңдауына себеп болды. Жастардың арман-мақсаттары көп. Ең бастысы әке арманын орындап, кәсіби құрылысшы мамандығын жетік меңгеру жолында білім алу.

Әдила мен Әдина

адина мен адила

Ақоба ауылында өсіп келе жатқан 6 жастағы қос қызғалдақ Әдила мен Әдина отбасының көз қуанышы. Дәрігерлер дүние есігін ашқан егіздердің монозиготалы, яғни бір жұмыртқалы екенін айтқан.

-Қыздарды кішкентай шағында ажырату қиын болды. Сондай-ақ олар бір жұмыртқалы егіздер болғандықтан, бірге жылайды, қатар ауырады. Қыздар тек өсе келе мінез-құлықтарында өзгерістер байқалды. Әдила – өте сабырлы, ұяң  болса, сыңары Әдина жыбырлақ, айналаны білуге, ұстап көруге  құштар. Таппақ жаттағанда да Әдина жаттап алса, Әдила баяу қабылдайды. Екеуі бір-бірімен тату. Ойнағанда ренжіспейді. Бірақ ойын кезінде де Әдина көш бастап, не ойнау керектігін өзі шешіп, ұйымдастырып отырады. Қыздарды бірдей киіндіреміз. Өскен сайын физикалық дамуы жағынан айтарлықтай айырмашылықтар байқалып келеді. Дауыстарында да өзгешелік бар. Бүгінде екеуі мектеп алды даярлық тобына барады,-дейді анасы Гүлнар.

Әдила мен Әдинаның ата-анасы қыздарын Алланың берген сыйына балайды. Қыздардың болашағынан зор үміт күтеді.

Керей мен Жәнібек

0000

Бүлдіршіндер 2015 жылы көршілес Бөкей орда ауданында өткен Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы тұсында дүниеге келген. Сол себепті ата-анасы  оларға қазақтың алғашқы хандары Керей мен Жәнібек ханның  есімдерін береді. Қазір Т. Жароков атындағы орта мектептің 1-сыныбында оқитын егіздер әліппедегі 42 әріпті меңгеріп үлгерді.

-Керей мен Жәнібек үш қыздан кейін аңсап күткен атұстарлар. Жаратқан ием ұл аңсаған жұбайым екеумізге еке батырды қатар берді.  Ұлдарымыз өмір есігін ашқанда қуанышымызда шек болмады. Егіздерді дүниеге әкеліп екеуміз көп балалы отбасы болдық. Ата-ана ретінде жауапкершілігіміз де артты,-дейді анасы Бекзат.

Анасының айтуынша, бір-бірінен айнымайтын Керей мен Жәнібектің  мінездері әр түрлі. Керей – пысық, алғыр, алған бетінен қайтпайды. Ал Жәнібек – көнгіш, көмектесуге әзір тұрады. Сыңарына қарағанда жұмсақ мінезімен ерекшеленді екен.

Айсұлтан мен Нұрислам

0101

Жас отбасы Жарқын мен Марияның тұла бойы тұңғыштары Айсұлтан мен Нұрислам балабақшаға барады. Жас ана балалардың кішкентай кезінде өте тынымсыз болғанын айтады. -Егіздер дүниеге келгеннен тынымсыз, жыбырлақ болды. Бүгінде олар 2 жас 5 айға келді. Балабақшаға барады. Мінез-құлықтары бір-біріне ұқсамайды. Нұрислам – өте нәзік, жүдеу бүлдіршін. Айсұлтан болса толық, бойшаң, мінезі ашық болайын деп тұр. Бір қызығы екеуінің мінезі уақыт өте өзгеріп тұратынын байқадым. Мысалы, бір айда Айсұлтан жылап, еркелеп жүрсе, келесі айда Нұрислам дәл сол қылықты қайталайды. Балабақшаға Айсұлтан қуанып барса, Нұрислам барғысы келмейді. Екеуінің тағы бір ерекшелігі қатар ауырып көрген емес. Кезекпен ауырады.

Мария қос ұлы өскен сайын оларды қарау қиындағанын жасырмайды. Бүлдіршіндер бауырмал, тату болуды, бөлісуді түсінбегендіктен ойыншықтарға жиі таласып, төбелесіп қалатынын алға тартады. Алайда жас ана кішкентайлары өскесін бір-біріне қамқор, бауырмал болатыныны сенімді.

Қазақстан егіздерді өмірге алып келуі жөнінен әлемде 48 орында. Көш басында Нигерия тұр. Онда әрбір 22 адамға бір егізден келеді екен. Біздің елде мұндай әлеуметтік зерттеулер жасамайды. Елдегі егіздер санын анықтайтын нақты көрсеткіштері бар мәліметтер жоқтың қасы. Өркениетті елдерде егіздер мен үшем дүниеге келген отбасыларына мемлекет тарапынан қамқорлық көрсетеді. Оларға арнайы күтушілер бөлінеді. Қаржылай көмектер беріледі. Қазақстанда егіздер мен үшемдерге байланысты арнайы жәрдемақы түрлері көрсетілмейді. Олар басқа балалар сияқты жәрдемақы алады.

Гүләсем Қуан,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале