31.03.2023, 17:45
Оқылды: 11

Еңбек ескерілмей қалған жоқ

Тасқала аудандық мәдени-демалыс орталығында «Еңбек ерлікке жеткізер» атты мерекелік кеш өтті. Аталмыш шарада аудан әкімі Бауыржан Айтмағамбетов өз тілегін айтып, ризашылығын білдірді.

еңбек ескірілмей қалған жоқ 2

 - Құрметті жерлестер! 10 наурызда ауа райының күрт жылынуы салдарынан қар тез еріп, аудан аумағындағы су айдындары мен елді мекендер маңы суға толды. Қыста қардың аз мөлшерде түсуі жер тоңының бір метрден асуына себеп болып, ағын судың көптеп келуінен өзен-көлдер бірнеше рет қауіпті деңгейінен асып, елді мекендерді су басу қаупі төнді. Азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесі төтенше жағдай режиміне көшіріліп, барлық қызмет су тасқынының алдын алуға кірісті. Бес күн қатарынан тәулік бойы азаматтық қорғау қызметтері уақытпен санаспай, су басу қаупін сейілту бағытында бірқатар жұмыс атқарды. Азаматтық қорғау қызметтері мен аудан тұрғындарының үйлесімді ісәрекеті нәтижесінде елді тасқын судан аман алып қалдық. Ел-жұрттың амандығы үшін осы күндері күндіз-түні еңбек еткен азаматтарға барша аудан тұрғыны атынан алғысымды білдіремін. Ауданның гүлденуі мен көркеюі, халықтың амандығы – сіздердің еңбегіңіздің нәтижесі. Тасқала – талантты тұлғалар мен жерлестер мақтанышына айналған елжанды азаматтарды өмірге әкелген мекен. Тамыры терең, тарихы кемел ауданымыз биыл өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтуде. Мерейтойға байланысты 14 наурызда Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында «Туған жерім – тұғырым» атты аудан көркемөнерпаздарының шығармашылық фестивалі өтті. Облыс орталығының төрінде бас қосқан тасқалалықтарға ауданның өнер ұжымдары тамаша кеш, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Аудан мерейтойын тойлауға арналған шаралар легіне бастау берген фестивальді ұйымдастыруға және жоғары деңгейде өткізуге өзіндік үлес қосқан азаматтарға да шынайы алғысымызды білдіреміз. Мемлекет басшысының 19 наурызға тағайындаған Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттарға депутаттар сайлауы – елімізді саяси және әлеуметтік жаңғырту бағытында жүргізілген өзгерістердің заңды жалғасы. Бүгінгі күні аудан аумағында сайлау заңнамасына сәйкес аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссиялары жұмыс істейді.

еңбек ескірілмей қалған жоқ

Осы ретте сайлау комиссиялары мүшелерінің азаматтық белсенділігін еліміздің экономикалық, саяси және әлеуметтік реформаларын жүзеге асыру бағытын қолдау деп білемін. Сіздердің жоғары кәсіби шеберлігіңізді Отанымызға деген сүйіспеншілігіңіз бен биік азаматтық ұстанымыздың көрінісі деп бағалаймын. Ендеше, ауданымыздың өркендеуі жолында еңбек етіп жатқан әр саладағы барша жерлесіме аудан тұрғындары атынан шексіз алғыс айтамын. Бұдан әрі де елдік пен бірлігімізді көрсетіп, алар асуымыз көп болсын. Еліміздің жарқын болашағы жолындағы қызметтеріңіз табысты болсын, – деді Бауыржан Есқайырұлы.

Көктемгі су тасқыны кезінде төтенше жағдайдың туындау қаупін азайту бойынша шараларға атсалысып, жерлестерімізге көмек көрсеткен азаматтар мен мекемелерге облыс және аудан әкімдерінің атынан алғыс хаттар табыс етілді.

Күні кеше елімізде өткен сайлау науқанын ұйымдастыруға және өткізуге атсалысқан жандарға да алғыс хаттар табысталды.

Көрісу күні мерекесімен тұспа-тұс Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасы сахнасында облыс аудандары көркемөнерпаздарының «Туған жерім – тұғырым» атты халық шығармашылығы фестивалі аясында концерті өткен болатын. Оның өтуіне ерекше атсалысып, ұйымдастырушылық қабілетімен дараланған жандар, соның ішінде «Надежда» халықтық вокалды тобы, Инсар Мерекеұлы, Асылған Ермекұлы аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Кеш аудан көркемөнерпаздарының концертіне жалғасты.

Гүлмира Мақанова,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале