13.03.2023, 10:16
Оқылды: 11

Еңбекпен тапқан нан тәтті

Бүгінде мемлекет тарапынан азаматтарға жан-жақты көмек беріліп, тиімді бағдарламалар жүзеге асырылуда. Соның бірі - қайтарымсыз грант. Оның игілігін ауыл тұрғындары көптеп көруде.  Тасқала ауданы жастарының бірі Дәурен Жакуповта осы грантқа қол жеткізгендердің бірі. Ол Тасқала ауылының тумасы. Әкесі Маркс пен анасы Гүлайымның екі қыздан кейінгі үміт артқан   жалғыз ұлы. Дәурен жас болсада бизнеспен айналысып,  қой өсіріп,  оны кәсіп көзіне айналдырған жан.

Грант Дәурен Жакупов

   Себебі нарықта ет өніміне деген сұраныс жоғары. Соның ішінде қой өсіру басқа малға қарағанда тиімдірек екенін ол жақсы біледі. Әсіресе, қойдан алынатын өнімнің пайдасы көп болғандықтан ата кәсіпті одан әрі дамыту мақсатында былтыр 1 млн 225 мың теңгенің қайтарымсыз грантын ұтып алған. Бүгінде кәсіпкер қорасын қойға толтырып, Шопан ата төлін көбейтуге ден қойып отыр.

- Негізі кәсіпкерлік саласы маған бөтен емес. Әкем марқұм көзі тірісінде етпен айналысып жүріп, орталықтан үлкен дүкен ашқан болатын. Сол кезден бастап бала болсам да бизнестің не екенін түсіне бастадым. Ол өмірден өткеннен кейін салмақтың бәрі анама түсті. Үйдегі жалғыз ер адам мен болғандықтан, оған көмектесуге тура келді. Сөйтіп жүріп өзіме біраз тәжірибе жинақтадым. Анамда үнемі менімен ақылдасып отырады.

дәурен IMG_4377

 Қазіргі таңда «Бәйтеректің» жұмысы жаман емес. Тұрғындар сұранысын қанағаттандырып отыр. Жартылай дайын өнімдерді де саттыққа шығарып келеді. Бірақ кәсіппен айналысқаннан кейін оны одан әрі дамытқың келеді екен. Етпен айналысқандықтан қой етіне деген сұраныстың көп екенін байқадым. Сол бағытта  жұмыстанғым келіп былтыр мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грантына қол жеткізіп, «Маркс» жеке кәсіпкерлігін аштым. Оған 30 бас қой сатып алдым. Оған дейін де үйде 65 бас қойым болатын. Мұндағы мақсат қой басын көбейтіп, одан ысталған құйрық май, жартылай дайындалған кәуәп пен әсіп дайындау болатын. Тап қазір осындай пайда көрдім деп айта алмаймын. Себебі бұл бір жылға жетпейтін уақытта мүмкін емес. Бірақ жоспарым біртіндеп жүзеге асып келеді», - дейді Дәурен Марксұлы.

Әңгіме барысында жалындап тұрған жас кәсіпкердің бойынан еңбекке деген ынтасын байқадық.  Шаруаның қыр-сырын  жақсы меңгеріп үлгерген. Әр сөзін ойлана отырып, салмақпен жауап береді. Бос уақытыңда немен айналысасың? деген сұрағымызға:

Менде бос уақыт жоқ. Бірақ алға қойған мақсатым көп. Қазірдің өзінде 15 ірі қараны бордақылауға қойдым. Қой басы да өсіп келеді. Болашақта бизнесімді одан әрі ұлғайтып шаруа қожалығын ашу ойымда бар, - дейді жас кәсіпкер.

-Ол былтыр әрқайсысын 5 мың теңгеден 50 руллон шөп сатып алған. Сондықтан болашақта техника алып, мал тамағын өзі дайындауды да ойластыруда. Бұл алдағы күннің еншісіндегі шаруа. Қазіргі таңда бір адамды жұмыспен қамтып отыр. Жаз шыға ауыл шетіндегі анасының атына берілген жерге қора салып,  қойларын сонда ұстамақ ойы бар. Жас кәсіпкер жүнді де сұрыптап, түттіріп оны кәдеге асыруды да жоспарлап қойған.

- «Еңбекпен тапқан нан тәтті» деп бекер айтпаған ғой. Ерінбей еңбек етсең бәріне қол жеткізуге болатынына көзіміз жетті. Жұмыссыз жүрген жастар үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларды дұрыс пайдаланып, қайтарымсыз гранттарды ұтып алып өз кәсібін ашса нұр үстіне нұр болар еді. Сонымен қатар, ауылымызда жұмыссыздар саны азаяды. Сондықтан, өзім сияқты жастарға мүмкіндікті құр жіберіп алмаңыздар дегім келеді», - дейді.

 

 

Назгүл Серік,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале