8.01.2020, 17:11
Оқылды: 207

 Ғасыр жасаған әженің әңгімесі

Біздің буын батыр десе, тау көтерген Толағайды, Алпамыс пен Ер Тарғынды һәм Қобыландыны көз алдына елестетері анық. Ал бүгінгі ұрпақ үшін батырдың рөлін «Өрмекші адам», «Бэтмэн» секілді қиялдан туған кейіпкерлер сомдайды. Шындығына келсек, батыр болу үшін дәу денелі болудың да, ерекше қасиеттерге ие болудың да қажеті шамалы. Тіпті, ерлік қылу үшін еркек боп туудың өзі міндет емес. Нағыз батырға намыс пен Отанға деген адал махаббат болса жеткілікті екен. Бұл сөзімізге мақаламыздың кейіпкері Рабиға Зайнуллина әжеміздің әңгімесі айқын дәлел.  

tasqala rabiga (1)

Тоқсанның жетеуіне келген кейуанамен дидарласудың өзі қандай ғанибет еді! Өткен күнге көз жүгірткен Рабиға ана әңгімесін қан майданға не үшін барғанынан бастады.

-Майданға үлкен ызамен, ашумен бардым. Негізгі мақсатым - отбасымның намысын қорғау болды. Оған себеп, ауылдағы көрші үйге майданнан қарақағаз келді. Сол күні анама ілесіп, 19 жасар мен де көңіл айтуға бардым. Сонда көз жасын тия алмай, егіліп тұрған анама көрші әйел: «Сіз неге жылайсыз, майданға аттанар ұлыңыз жоқ. Қайта қуанбайсыз ба?» демесі бар ма?! Оған шешем «Сен не деп тұрсың, бір інім үйден кеткеннен әлі хабарсыз, бір інім аяғынан айырылып келді. Бұл соғыс қайғыны менікі, сенікі деп бөлуге мұрша беріп жатыр ма?» деді. Расында үйде кілең қыз, ұл кішкентай. Қыздың үлкені өзім болғандықтан, отбасымның намысын қорғаймын деген шешімге келдім. Ертесіне ауданға барып, әскери комиссаритқа өз еркіммен соғысқа барамын деп арыз бердім. Майданға орыс қыздарын алып жатқан кез еді. Маған ауылға бара бер, соңынан шақырту жібереміз деді. Бірақ үй ішіне жақ ашпадым. Тек шақырту келгенде бір-ақ білді. Мен майданға өз еркіммен кеткенімді соғыстан оралған соң ғана айттым, - дейді кейіпкеріміз.

Қиыр шығыстан әскери борышын өтеп келген жан-жары Ізіммен шаңырақ көтергендеріне әлі жыл да толып үлгермеген-ді. Алғашқылардың қатарында майданға алынған сол ерінің артынан енді өзі де Орал облысынан аттанған 100 қыздың бірі болып сапқа тұрды. Кейіпкерімізге соғыс отын алғаш Сталинград майданында көру бұйырыпты. 1942 жылы қоршауда тұрған Сталинград қаласының маңындағы Михайлов ауданына келгенде соғыс үнін анық естиді. Осы жерде үш ай алғашқы медициналық қызмет көрсету бойынша дайындықтан өтеді.

-Неге екенін білмеймін, жаудың қоршауында қалғанда да, өзек жалғар ештеңе таппағанда да біз жеңіске жететінімізге сенімді болдық. Айнала кілең өлік... біреу қолынан, біреу аяғынан айырылып жатқан көріністер менің әлі де көз алдымда. Ол кезде біздің қорқуға, өліп қаламын-ау деп уайымдауға мұршамыз да болған жоқ. Тіпті олай ойлауға қақымыз да жоқ еді. Тек кейде жаныма жылу іздеген шақтарда жолдасымның суретін қолыма алып, үнсіз қарап қоятынмын. Әйтеуір, жолдасыммен қайта қауышып, бейбіт аспан астында бақытты ғұмыр кешеміз деген сенім кеудемнен өшпеді. Сол сенім де бізді жеңіске бір табан жақындатқан сияқты, - дейді ағынан жарылған кейуана.

Майданда медбике, зенитші, байланысшы қызметтерін атқара жүріп, Сталинградтан бастап, Қырым, Керчь бұғазын азат етуге атсалысқан кезде де сол бір сенім ең жақын серігі болған. Осылайша талай қанды қырғынды басынан өткізіп, 1945 жылы туған топырағына оралады. Бір жылдан кейін жолдасы Ізім де келіп, жауынгер жұп отбасылық ғұмырын қайта жалғастырады. Әрі олар ауылдың қайта түлеуіне білек сыбана кіріседі.

Әсемгүл Аманова

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале