20.09.2019, 10:49
Оқылды: 147

Газет редакторы ардагерлермен кездесті

Баспасөзге жазылу науқаны қарсаңында Жәнібек аудандық «Шұғыла» қоғамдық-саяси газетінің директор-редакторы Нұрымбек Жапақов ардагерлермен кездесу өткізді.

IMG_0006

 Кездесуде ол газет редакциясының бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырып, оқырмандармен байланыс, басылымның таралымы, болашақтағы жоспары жайында хабардар қылды.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев бүгінде «Шұғыланың» басқа елден келген адамдарға қысылмай аудандық газет деп көрсететін басылымға айналғанын айта келе, өңірдің тарихына байланысты мақалалар көбірек жазылса деген тілегін айтты. Кездесуде еңбек ардагері Қабаш Жүнісов газетте соңғы кезде мәселе көтерген мақалаларға жиі орын берілетінін, басылымның болашағы бар жас тілші-журналист қыздармен толығып отырғанын сөзіне арқау етті.

 –Газетте өзекті мәселелер жазылады. Алайда соның қорытындысын тексеріп, жариялау кемшін. Мектептерде жазу өнеріне талпынатын оқушыларға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері көмектесіп, тілшілер қолдау білдірсе жастардан мықты журналист шықпасына кім кепіл,-деді ол.

Сол сияқты Меркен Кенжеғалиев, Ибрайым Сұлтанов сынды еңбек ардагерлері сөз сөйлеп, аудандық газеттің оқырмандар үшін маңызды екенін айтты.

Кездесу барысында ардагерлер «Шұғыла» газетіне тегістей жазылып, басылымға қолдау көрсететінін жеткізді.

                                                                          А.Тұяқов

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале