1.03.2024, 17:30
Оқылды: 24

Гельфановалар: «Мың алғыс, қамқор жандар!»  

София мен Люция Гельфановалар – жымпитылықтар. Иә, есім сойларына қарап оларды өзге ұлттың өкілдері деп ойлауыңыз кәдік. Аққұба жүздері де соны айтып тұр.

17e4c2ba-1f45-43de-9af8-a886859a4634

«Нағашыларымыз – татарлар! Өзіміз – жауғаштымыз!»

Бірақ, София да, Люция да – қазақтың қыздары. Тіпті керек болса айтайық, рулары – Жауғашты.

- Әкеміздің аты – Халық Дабаров. Руымыз – Жауғашты, оның ішінде Қожагелдіден тараймыз. – деді бізбен әңгімелескен Люция ханым.

- Онда неге Гельфанова?

- Гелфанова – анамыздың тегі. Біздің нағашыларымыз – татарлар! – деп жымиды апамыз.

Халық Дабаров күнінде механизатор болып еңбек еткен. Кейін татар қызы Разиямен танысып, тағдырын қосыпты. София мен Люция – қос ғашықтың бағын көркем еткен қос сабақ гүл. Люция ханымнан нағашылары туралы айтуды сұрадық.

- Жымпитыда ет дүкенін ұстаған Ярулла деген татар саудагер болған. Анамыз Разия – соның қызы. Атамыз басқа балаларына қарағанда Рәзиясына ерекше махаббат пен мейірін арнаған. Бәлкім, қыз бала болғасын шығар. Анамыз жүзудің шебері еді. Суға түсу үшін Өлеңті өзеніне баратын.

 Адам білуі керек өнердің бірі деп, әкем жүзуді үйретті. Адамға еңбек керек. Мал жинап, малшыға бақтыр. Дүкен ұстап, нәпақаңды айыр, – деп насихат айтыпты ұрпағына Ярулла атамыз. Анамыз әке тәрбиесін жерге жықпай, жұрт жұмысына араласты. Жымпитыдағы май зауытының меңгерушісі болып еңбек етті, – деді ол анасы туралы.

1 миллион теңге үй салуға жете ме?

Еңбекке ынтызарлық София мен Люцияның да бойында бар.

991c7aea-1d97-4e8b-928f-6b8590aea627

Екеуі қазір Б. Майлин көшесі № 27 үйде тұрады. Үй ескі. Қабырғаларының арасы сетінеген, шатыр да тозған. Балға мен шеге ұстайтын ер азамат болмағасын, аулаға кіретін ауыз есік те, артқы жақтағы қақпа да қисайған. Шарбақтар сөгілген. Бірақ, апалы-сіңлі Гельфановалар оған бола жігерлерін жықпайды. 2021 жылы олар тәуекел деп тас жұтып, аулаларынан жаңа үйдің құрылысын бастады.

- Жинаған 1 миллион 200 000 теңгем бар еді. Апамыз екеуіміз бар қаражатымызға үй салсақ деп шештік. Әуелі жұмысшылар жалдап, іргетасын құйдырдық. Бауырымыз Рафик Камалиев жәрдем ретінде тас сатып алып, оларды қалайтын жұмысшыларды жалдап берді. Рафикке мың рахмет! – дейді Люция ханым.

1 миллион теңге үй салуға жететін бе еді?

Банктен 2 миллион теңге несие алынды, оның да керек жері табылды. Әрі қарай айналадағы қамқор кісілер, жанашыр жандар қол ұшын созып, Гельфановалардың болашақ баспаналарының құрылысына жәрдем берді.

- Әрине, ер азамат емеспіз, өндіріп жұмыс жасайтындай. Бірақ Софья екеуіміз таңғы сағат 5:00-де тұрып, кешкі 22: 00-ге дейін жаңа үйдің ішінде жүреміз. Екеулеп жүріп қабырғасын балшықпен сылап шықтық, цемент пен құмнан едендерін құйдық. Апам цементтің қабын сүйреп тасыды. Бірақ шүкір дейтін жағдайдамыз. Үйіміздің бойы көтерілді, шатыры жабылды. Енді ауызғы бөлме мен жалғап салынған ас бөлмесінің төбелерін жабу керек. Үйге терезе орнатып, жылу қосу қажет. Оның бәріне қаражат керек. Бізде болмай тұр! Сол – қолбайлау! – дейді Люция апамыз.

«Үкімет жұмыс тауып бермейді!» деп барлық кінәны атқарушы билікке артып, мемлекеттің балаларға төлейтін азын-аулақ жәрдемақысына ас жеп, қала берді жарының тапқанымен күн көріп, диванда жатқан кейбір еркектерге қарағанда Гельфановалардың тірлігі сүйсінуге тұрарлық екен.

Редакцияға келген хат

Бәрі де «Сырым елі» редакциясына келген қос парақ хаттан басталды.

- Менің қолыма қалам алуыма жақсы жандардың біздерге жасаған жақсылығы себеп болды.

Біз зейнетақымызға несие алып, ауладан жаңа баспана салып алдық. Тамақ алуға, нанға ақшамыз жоқ кезде қиын жағдайымызды ескеріп, бізге бір қап астығын және азық – түлігін берген, қала берді қаржылай жәрдем ұсынған «ҚАЛҚАМАН» дүкеніне және басқа да жылы жүрек иелеріне қайырымдылықтары үшін «Сырым елі» газеті арқылы алғыс айтқымыз келеді. Жасаған жақсылықтары, аяулы қамқорлықтары Құдайдан еселеніп қайтсын! – деп басталады хат.

e6c2aa83-6239-402c-a4e0-9b3750ae41d8

Люция мен София Гельфановалардың шынайы жүректен жолдаған алғыстарында бірқатар азаматтың аты аталады:

- Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязовқа, Жымпиты ауылдық округінің әкімі Мейрам Қайырғалиевке, бас маманы Дидар Искаковаға, аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Кенжегүл Исатаеваға, мұңымызды тыңдап, мінсіз қызмет көрсеткен мемлекеттік қызметкерлер – Айнұр Жұмағазиева, Бақытжамал Камалова, Мәлік Айнұр, Тұрар Камалов, Гүлнар Жанғожиева, Гүлнар Шамарова, Дидар Сатанғалиеваларға ризамыз.

Өмірдің түрлі сәттінде қолдаған, ал баспана салып бастағанымызда асарлатқан «Альбина» дүкеніне, Гүлмаржан Тажаяқова, Әсемгүл Мирманова, Камария Хамитова мен Қымбатқа, «Қалқаман» дүкеніне, яғни Айгүл Жаужиева мен қызметкерлері Нұрия мен Манасқа, «Алаша» кафесінің ұжымына, Тәттім Мусина мен келіні, қолы алтын Мираға, «Өркен» дүкеніне, Өркен Жаужиевқа, Жанат пен Гүлмираға, Мамбетияровтарға, Мәдина ханымға, Мейрамбекке, Айгерімге, көршім Азамат Мұқановқа, тілеулес болған зейнеткерлер Мақсот Мұхамбетқалиев пен Тұрсын Жаймұхамбетоваға қайырымдылықтары үшін алғыс айтамын.

Қаржылық әрі заңдық бағытта ақыл – кеңес айтқан «Қазпошта» АҚ Сырым аудандық торабының қызметкерлері Дамира  Мұхамбетқалиева, Райгүл Абдуғалиеваға, Алтын Ғабдуллинаға шынайы пейілмен рахмет жолдаймыз!

Өмірде осындай жақсы адамдардың, ниетіңді, ойыңды түсініп, қамқоршы бола білетін жандардың болғаны қандай жақсы!?

Жанұяларыңызға бақыт, мықты денсаулық, қызметтеріңізге табыс тілейміз! – деп аяқталады оқырман хаты.

Осыншама мөлдір көңілді арқалаған хатты газетке жарияламауды өзімізге ар санадық. Жақсылықтың насихаты болсын деп Алғыс айту күнінің қарсаңында жариялап отырғанымыз. Әйтпесе, жүректі жылытқан қайырымдылық оқиғасы туралы білмей қалар ма едік?!

Люция ханыммен жаңа үйді, ауланың айналасын аралап көрдік. Жәрдемдесемін деген адамға жол ашық. Жомарт жандар табылып, жаңа баспанаға терезе, есік тағып, жылуға қосып, линолеум төсеп берсе – ғажап болар еді. Ал ауызғы бөлме мен ас үйдің төбесінен аспан көрініп тұр. Шатырдың құрылысы да қайырымды адамдарды күтіп тұр. Жалпылай есептегенде, жарты миллион біраз жыртықты жамар еді. Ауланы мұз бен қардан тазартып, қақпа – есіктерін тіктеп, шарбағын бүтіндеп беруге қаражаттың да қажеті жоқ секілді. Еріктілер ұйымы бұл үйді неге көрмей жүр екен?!

Алда Рамазан айы келе жатыр. Жүректер ашылатын, сауаптар еселенетін уақыт! Сіз Гельфановаларға жәрдем бере алатын жүрегі жомарт адамды танымайсыз ба?

 

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале