20.09.2022, 11:01
Оқылды: 59

«Геройдың баласы» немесе дос туралы сыр

Ол мынау ағысы қатты арналы өзен секілді тасып жататын тіршілікте 68 жыл ғұмыр кешті. Аз ба, көп пе?! Оған баға беру – біздің құзіретіміздегі нәрсе емес. Көнекөздерше айтсақ, тағдырдың маңдайға жазуы солай болған шығар?! Тек бір анық нәрсе – көпке танымал Талғат Қарасайұлының елдің алдында өскені, адал еңбегімен абырой биігіне көтерілгені, айналасына қадірлі болғаны. Күні кеше арамызда көш бастап жүрген сол жігерлі жанның қазасы біраз дос-құрбының қабырғасын қайыстырып кетті.

IMG-20220920-WA0007

Иә, Талғатты білетін жұртшылық әлі күнге оның атқарған істерін сүйсіне әңгімелейді. Соған қарап, сәулелі ғұмырдың сөнбейтіндігіне тәубе дейсің! Қазақтың біртуар ұлы Жұбан дүниеге келген топырақта кіндік қаны тамған Талғат та жастай тәлім-тәрбиенің бесігіне тербеліп өсті. Еңбек Ері болған әкесі Қарасай – Алматы, Мәскеу қалаларында өткен түрлі жиындардың төрінде отырған адам. Мұны көрген ұлдың да «Әкемдей абыройлы болсам» деген арман жетегінде өскені  анық.

Енді тарихқа сәл шегініс жасасақ, 1952 жылы Нарын құмындағы Орда ауданы аумағында «Капустин Яр» және «Азғыр» әскери полигондарының құрылуына байланысты аталмыш аудан таратылғаны көпке мәлім. Сол жылы маусым айында Орда ауданының Теректі ауылдық кеңесіне қарайтын «Карл Маркс» колхозынан 177 отбасы (651 адам)  600 жылқы және 3000 қой малымен сол кездегі Тайпақ ауданының Қырыққұдық ауылына көшіп келді. Бұл кезде Ұлы Отан соғысының ардагері, менің әкем Құжат Ихсанов Қырыққұдық ауылдық кеңесінің төрағасы әрі әскери сынақ аймағынан келген ағайындарды орналастыру жөнінде құрылған комиссия басшысы болған. Әкемнің өз аузынан естігенім – Ордадан келген жұрт Жайық жағасына жеткен соң арғы бетке өтпей, «Елім-ай» деп зарлап тұрып алған. Соғыстан кейінгі кезең ғой, көштің басында келген әскери адам: «Бұл екінші майдан, өзеннен өтулерің керек» деп талапты қатайтып, халықты межелі жеріне  жеткізіпті. Тағы бір есте қалғаны, ордалықтардың қатарында колхоздың басқарма төрағасы Қарасай Сариев, партком хатшысы Қабден Темірғалиев, жылқы фермасының меңгерушісі Қалеш Ғилыманов,  жылқышы Кенже Құрмашев пен шопан Төлеген Өтешев сынды бес Социалистік Еңбек Ері болыпты. Сол 1952-1956 жылдары Тайпақ өңірінде «Карл Маркс» колхозы ірілендіріліп, оның басқарма төрағалығына Қарасай Сариев сайланады. Бүгінде Азынабай-Тайпақ суландыру жүйесінің бойында Қарасай атындағы  қауыз  бар.

Талғат досымыз туралы естелікке оралсақ, ол Қырыққұдықта 1952 жылы 25 қыркүйекте өмір есігін ашқан. Біз екеуміз бір жылдың төліміз. Мектептен кейін Ақтөбе қаласындағы пединституттың физика-математика факультетін бітіріп, Қарауылтөбедегі Тайпақ орта мектебінде ұстаздық еңбек жолын бастады. Осылайша екеуміз қайыра қауышып, аз уақыттың ішінде дос болып кеттік. Оның маған «Геройдың баласымын» деп бәлсінбейтіні қатты ұнайтын. Әрі жастайынан көпшіл, бауырмал болды. Сол мінезінен о дүниелік болғанша бір айныған жоқ асыл дос! Тіпті есейген сайын жан жомарттығы, бауырмалдық қасиеті, ешкімді жатсынуды білмейтін дарқандығы һәм ерекше қонақжайлылығы арта түсті.

Сонымен, бұла күші бойын кернеген жалынды һәм сөзге шебер жігіт бір жылдан кейін облыстық телерадио комитетіне қызметке ауысты. Бірқыдыру уақыт облыстық студенттік құрылыс отрядтары штабының командирі болды. Одан беріде облыстық су құрылысы тресінің партком хатшысы, облыстық партия комитеті құрылыс бөлімінің нұсқаушысы сынды жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Ең айшықты қолтаңбасын қалдырған жер – сол кездегі Приурал ауданы болды. Ол мұнда  аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының және аудан әкімінің орынбасарына дейінгі жолдан өтіп, ел-жұрттың орынды сый-құрметіне бөленді. Облыс әкімі аппаратына бас инспекторлыққа келіп, артынан облыстық басқармаларда өзіне сеніп тапсырылған міндетті мінсіз атқара білді. Әр кез бірсөзділігімен, уәдеге беріктігімен өзгеден ерекшеленіп тұратын-ды. Айтпақшы, біреулер «Мамандығы – мұғалім, құрылыс саласында не істеп жүрген жан?» деп ойлауы мүмкін-ау! Ол Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының механикаландыру факультеті мен Алматы жоғарғы партия мектебін сырттай бітірді. Әңгіме арасында өзінің маман ретінде өсіп-жетілуіне, азамат ретінде қалыптасуына сол кездегі өңір басшысы М.Ықсанов пен облыстық партия комитетінің хатшысы М.Ғизатоллин айрықша қамқорлық көрсеткенін мақтаныш сезімімен жеткізетін. Талғаттың еселі еңбегі де ескерусіз қалған жоқ. Әр жылдары өңіріне «Құрметті жолшы», «Құрметті құрылысшы», «Кәсіби саладағы сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерін тақты.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі атанып, тәуелсіздік жылдарында да бірнеше мерекелік медаль иеленді.

Әрине, Талғаттың өмір жолы тақтайдай теп-тегіс бола қоймады. Талай қиындық-кедергіге тап болды. Оның қайсыбірін заман, қайсыбірін адам көлденең тартты. Бірбеткей азамат алған бағытынан қайтпады, сынға сынбады, ертеңге үкілі үмітін жалғаудан танбады. Сенімі алдаған жоқ. Осылайша ол соңына өзінің өрнекті ізін қалдырып, мәңгілік мекеніне жол тартты. Қазіргі күні сүйікті жары Бибігүл екеуі құрған шаңырақ отын маздатып отыр. Балалары мен немерелері әке, ата бейнесін бір сәт естен шығарған емес. Тәкең салған сара жол ұрпақтарын ешқашан адастырмасы және хақ. Әттең, қырыққұдықтық құрдастары «Геройдың баласы» деп қалжыңдайтын сол Талғатымызға 70 жасын ағайын-туыс, дос-жарандарының ортасында тойлауды тағдыр жазбады.

Бір кем дүние... Алдың пейіш, артың кеніш болсын,  қайран  дос!

Ғиззат Ихсан  

еңбек ардагері,

Ақжайық ауданының құрметті азаматы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале