3.08.2022, 14:45
Оқылды: 52

Індеттің емі – вакцина

Күні кеше коронавирус індеті бастау алған Қытайдың Ухань қаласында қайта локдаун жарияланды.

InShot_20220803_144226565

Күншығыс елінде 2019 жылы індеттің алғашқы ошағы тұтанып, аталған қала тұрғындары карантинге қалған еді. Әлемді алаңдатып отырған індеттің қайта белең алуы жер шары тұрғындарын тағы да әбігерге салды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ғалымдар коронавирусқа қарсы тосқауыл болар жалғыз жол екпе алу екенін жиі айтып жүр. Мемлекет басшысы да бұл мәселеге қатысты пікір білдіріп, нүкте қойғанымен, халықтың бұл тұрғыда түсінігі әлі де арта қоймаған секілді.

Соңғы ақпаратқа сүйенсек, елімізде соңғы тәулікте 2713 адам коронавирус инфекциясын жұқтырды. Ал Казталов ауданында 9 адамда коронавирус инфекциясы анықталған. Бұл туралы Казталов аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Дана Ғабдуллина мәлімдеді.

– 29 шілдеге дейінгі ақпаратқа сәйкес, ауданымызда коронавирус инфекциясымен барлығы 9 жағдай тіркелсе, 7 жағдайда ауру белгілері бар, ал 2 жағдайда ауру белгілері жоқ. Эпидемиологиялық тексеру қорытындысы бойынша аурудың жұқтыру жолдарының себебіне тоқталсақ, науқастар 2 жағдайда басқа өңірлерге барған, 6 жағдайда өзге жолдары, 1 жағдайда отбасылық естелік іс-шараларға қатысқан. Аталған жағдайлар ЖРВИ белгілері бойынша тексерілген 7 адамда, профилактикалық тексеру кезінде 2 адамда анықталды. Ауылдар мен елді мекендер бойынша жіктесек, Казталов ауылдық округінің орталығынан – 7, Қарасу ауылдық округінен – 1, Бостандық ауылдық округінен 1 жағдай тіркелді. Кәсіби құрамы бойынша жұмыс жасайтын 3 азамат, 2 жұмыссыз жүкті әйел, 1 мұғалім, 2 зейнеткер және 1 бала індет жұқтырған.

Қазіргі таңда 8 науқасты амбулаториялық деңгейде ем алуға қалдырып, 1 науқас облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Олардың вакцина алған немесе алмағандығы жөнінде мәліметке тоқталсақ, 5 жағдайда соңғы вакцина алғаннан кейін 6 айдан астам уақыт өтіп кеткен, 2 жағдайда 6 ай өтпеген, 2 адам (зейнеткер мен бала) вакцина алмаған, – деді.

Елімізде коронавирус індетінің алдын алу мақсатында екпе алу жұмыстары жүргізілуде. Биыл 23 мамырда ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің «Қазақстан Республикасында коронавирус инфекциясы жөніндегі санитариялық эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу туралы» Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2022 жылғы 13 қаңтардағы №2 қаулысына өзгерістер енгізу туралы №25 қаулысы жарық көрді. Қаулыда «Қазақстанның аумағында 3 және одан да көп ай тұратын шетел азаматтарын қоса алғанда, барлық адамдар КВИ-ге қарсы ревакцинацияға жатады. КВИге қарсы ревакцинация КВИ-ге қарсы алдыңғы профилактикалық екпеден кейін 6 ай аралықпен КВИ-ге қарсы вакцинацияның толық курсын және бұрын бірінші ревакцинацияны алған адамдарға жүргізіледі» делінген. Сондай-ақ «130. КВИ-ді жұқтыру қаупі жоғары (басымдылығы бойынша) мына адамдар КВИ-ге қарсы қайта ревакцинациялауға жатады:

1) медицина қызметкерлері;

2) медициналық-әлеуметтік мекемелердің контингенті мен персоналы;

3) күш құрылымдарының қызметкерлері;

4) педагогтар;

5) пенитенциарлық (қылмыстық атқару) жүйе мекемелерінің контингенті;

6) 50 жастан асқан адамдар» делінген тармақ та бар.

Қазіргі таңда 25 мамырдан бастап күшіне енген аталған қаулы бойынша ревакцинациялау жұмыстары жүргізілуде. Жуырда ғана аудан әкімі бастаған бір топ мемлекеттік қызметкер мен аудандық мәслихат аппаратының қызметкерлері, медицина және білім саласының қызметкерлері мен жастар ревакцинацияның 4-ші кезеңі бойынша екпе алды. Аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова аудандағы ревакцинациялау жұмыстарының қарқынына тоқталып, аудан халқын екпе алуға шақырды.

– Жалпы ревакцинацияның 4-ші кезеңіндеміз. Ревакцинация қазіргі уақытта қайта өршіп жатқан коронавирус індетінің алдын алу үшін керек. Біз аудан әкімінің бастамасымен мемлекеттік қызметкерлер қайта екпе алып, ұжымдық иммунитет қалыптастырдық. Осы тұста бюджеттік сала қызметкерлері арасындағы вакцина алу қарқынына тоқталсақ. Ауданда 2257 бюджеттік салада қызмет ететін азамат болса, оның ішінде 2146 адам вакцина алып, 95,8 пайызды құрап отыр. Ал ревакцинация алғандар саны – 1312. Екінші ревакцинацияны алуға 601 адам жатқызылғанымен, олар әлі қайта екпе алмай отыр. Бұл қызметкерлер жөнінде ақпарат ауылдық округ әкімдері мен бөлім, мекеме басшыларына жолданды. Біз алдымен бұл тізімге ерекше мән беріп, түсіндіру жұмыстарын жетілдіреміз. Қазіргі таңда Бостандық және Болашақ, Казталов ауылдық округтері вакцинациялау жұмыстарын жүргізу, індеттің алдын алуда түсіндіру жұмыстарын жүргізудің үздік үлгісін көрсетіп отыр. Біз өзіміздің тарапымыздан ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жетілдіреміз. Түптеп келгенде, індеттің қайта белең алуы әркімнің санасына байланысты. Екпе алуға азаматтар саналы түрде баруы керек. Себебі мамандар коронавирус індетін таратушылардың дені екпе алмаған азаматтар екенін атап өтуде. Өйткені екпе алған азаматтарда коронавирус инфекциясына қарсы иммунитет қалыптасады. Бұл – ғылыми түрде дәлелденген аксиома. Сондықтан аудан тұрғындарын екпе алып, жақындарының денсаулығын ойлап, қоғамдық иммунитет қалыптастыруға атсалысуға шақырамын. Індетпен күресте екпе алудың маңызы зор, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Екпе алудың маңыздылығы жөнінде қоғам белсенділері де халыққа өз пікірлері мен әсерлерін білдіруде.

Күнсұлу Шаканаева, аудандық аналар кеңесінің төрайымы, зейнеткер:

– Қоғам коронавирус індетінің өзге де аурулар секілді арамызда жүргендігіне көндігуі керек. Өзге аурулар сынды оның да емі бар. Ол әрине, екпе алу. Елімізде вакцинаның шетелдік және отандық түрлері бар. Ауданда отандық QazVac вакцинасымен ревакцинациялау жұмысы жүргізілуде. Бұл – отандық медицинаның дамығандығының дәлелі. Өз басым ана, әже ретінде балаларымның болашағына алаңдаймын. Біз бүгінгі жастарға, келешек жас ұрпаққа үлгі болуымыз керек. Осы орайда барша аналарымызды, жастарды еліміздің болашағына бейжай қарамай, екпе алуға шақырамын.

Миржан Қарабалин, БҚО мемлекеттік архиві КММ-ның Жалпақтал филиалының директоры:

– Коронавирус еліміздің талай белді тұлғаларын, халқымыздың жақын туыстарын арамыздан еріксіз әкеткені анық. Бұл – бір мемлекет үшін, қала берді отбасы үшін қайғылы жағдай. Орны толмас қаза. Дегенмен емі жоқ дертке қарсы вакцина ойлап табылып, халқымыз үшін қолжетімді болды. Бұл індетпен күрестегі нақты әрі сенімді қадамдардың бірі. Ел арасында вакциналарға қарсы жалған ақпараттар да бар. Олардың дәлелденбегенін ресми ақпарат көздері растап беріп отыр. Мұндай алмағайып заманда ресми дереккөздерге сүйеніп, қоғам алдындағы жауапкершілігімізді арттыруымыз керек. Бірлік болған жерде ғана індеттің ауылы алыс болады.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpess.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале