5.05.2022, 9:00
Оқылды: 79

Ішкі саясатта жаңа басшы

«Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының жетекшісі ретінде танымал болған Нұрғали Жолдасқалиев енді Бәйтерек ауданының ішкі саясат бөліміне басшылық жасамақ. 

IMG-20220505-WA0006

Жаңа лауазым иесін таныстырған аудан әкімі Марат Тоқжанов оның конкурстық комиссия отырысының 25 сәуірдегі №26 хаттамасына сәйкес аталмыш лауазымға тағайындалғанын айтты. Нұрғали Қаршығаұлы 1995 жылы Шыңғырлау ауданында дүниеге келген. Білімі жоғары, газ жабдықтау жүйесі, мұнай-газ ісі, құқықтану мамандықтарын игерген. Еңбек жолын 2012 жылы «Жас Отан» жастар қанатының БҚО филиалында менеджер болып бастаған. Бір жылдан соң БҚО студенттік альянысына жетекшілік етті. БҚО студенттік құрылыс және жастар еңбек жасақтары облыстық штабының менеджері болды. 2015 жылдан бері «Жас Отан» жастар қанатының облыстық филиалының жетекшісі қызметін атқарып келді. VII шақырылымдағы Орал қалалық мәслихатының депутаты.

- Ішкі саясат бөлімінде бірнеше бағыт бар. Сол бағыттардың жұмыс ағымымен ілесіп кетпеу керек. Әр уақытта жұмысқа талдау жасап отырған жөн. Сонда іс жүйелі болады. Жалпы жұмысты үстіртін істеуге болмайды. Яғни ақпараттарды қазбалап жұмыс істеуге машықтанған дұрыс. Сол себепті өзіңді аямау қажет. Мемлекеттік құрылымдармен, қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыста болған еңбегіңнің жаңа қызметте пайдасы тиеді деп ойлаймыз. Өзіңе артылған үлкен сенімді ақтайтыныңа сенеміз, - деді Марат Лұқпанұлы.

Өз кезегінде Нұрғали Жолдасқалиев артылған сенім үшін аудан басшылығына ризашылығын білдірді. «Бәйтерек ауданының әлеуетін арттыру үшін әріптестеріммен бірге бел жазбастан еңбек етуге дайынмын, - деді Нұрғали Қаршығаұлы. - Мен мұнда өзімді емес, орнымды гүлдендіру үшін келдім».

Аудан әкімі аппаратының басшысы Нұржан Дүзбатыров кезінде осы лауазымда еңбек еткенін айтып, жұмыс істеймін деген жан үшін мұнда үлкен қиындық та, кедергі де жоқ екенін жеткізіп, әріптесіне сәттілік тіледі.

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы 

zhaikpress.kz 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале