28.02.2024, 16:45
Оқылды: 24

«Қаладан ауылға» жобасы: ауылға кел, ағайын!

Жыл басында өңір жастарымен кездескен облыс әкімі Нариман Төреғалиев Батыс Қазақстанда бірегей бағдарлама – «Қаладан ауылға» басталғанын хабарлаған болатын. Ауылдық елді мекендердің дамуына тың серпін беретін бұл жоба шеңберінде жастарға барынша қолдау көрсетіледі.

жп адам муз

Бүгінде қай шағын ауылды алсаң да жастар азайып, ауыл шаруашылығында қол күші жетпей жатқаны шындық. Жастары үдеріп қалаға кеткен кей ауылдар бос қалып, мектептер жабылуда. Бұл жөнінде сөз болғанда жастар ауылда жұмыс болмағанын қалаға кетуінің басты себебі ретінде келтіреді.

Қанатқақты бағдарламаның мақсаты – азаматтардың ауылға келуін ынталандыру, ауылдық жерде жұмыс күші тапшылығын жою, шағын және орта бизнес нысандарын көбейту. Сол арқылы тұрақты жұмыс орны жоқ қала азаматтарының, жас отбасылардың әлеуметтік мәселелерін шешуге қолдау көрсету.

Енді «Қаладан ауылға» арқылы қоныс аударған адамның сол жерде тамыр тартып, табыс тауып, орнығуы үшін мемлекеттік бағдарламалар мен жергілікті бюджет мүмкіндіктері іске қосылады.

Мәселен, егер жас маман «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша Батыс Қазақстан облысының ауылына барар болса, 100 АЕК көтерме жәрдемақы төленеді. Одан бөлек, тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін аудан орталықтарында – 2500 АЕК (9 230 000 теңге), ауылдық елді мекенде 2000 АЕК (7 384 000 теңге) беріледі. Бұл қаржы ауылда су жаңа үй салып алуға да жетеді.

«Ауылда кәсіп бастаймын» деген жастардың жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 5 млн теңгеге дейін мемлекеттік гранттар қарастырылған. Ауылда асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау қолға алынады. Қоныс аударушыларға жеке қосалқы шаруашылық жүргізуге жер учаскелері беріледі. «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде қолдау шаралары көрсетіледі.

Бұл бағдарлама бойынша Теректі ауданында әзірге Ұзынкөл ауылына екі жас маман келген. Біреуі медицина саласында, біреуі ветеринар болып тұрақты жұмысқа орналасты. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы шеңберінде баспана, көтермеақы алады. Әзірге нақты шешім қабылдай қоймаған тағы екі отбасы ауылға көшуге ниетті.

 «Қаладан ауылға» бағдарламасы оқу бітіріп, ауылда жұмыс жасаймын деген жас мамандарға, кезінде қалаға кетіп, ауылын аңсап жүрген жастарға, пәтер жалдап, көшіп жүрген жас отбасыларға ғажап мүмкіндік.

Камелия Қарекесова,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале