25.12.2019, 17:19
Оқылды: 155

Қаңғыбас иттерден құтылар күн туар ма екен...

Қаңғыбас иттер мәселесі Жәнібек ауданы тұрғындарын әлі күнге дейін алаңдатуда. Бұл туралы қанша айтылып, жазылса да, шешімі табылар емес. Күні кеше аудан орталығының батыс бетінде қаңғыбас иттер бірнеше қораға кіріп, тұрғындарды шығынға батырған.

it

-Түнгі сағат үште иттің үргенін естіп, сыртқа шықтым. Әдеттегідей қора жақты тексеріп кетейін деп келсем, үш қаңғыбас ит қойларымды талап жаттыр. Мені көргеннен екеуі қақпаның үстінен, бір ит астынан шығып қашып кетті. Бір қойдың шекқарынын ақтарып тастаған, ал екіншісінің жамбас терісін сыпырып алған. Қалған сегіз қойды жеңіл-желпі жарақаттапты. Қатты зардап шеккен қойларды табанда сойып алдық. Ал қалғандарын мал дәрігеріне ектіріп, тіктірдік. Бірақ, әлі күнге дейін жарақаттары жазылар емес. Несиеге алған қойлар еді. Жағдай өте қиын болып тұр. Қыс түскенде асырап отырған ақадал малдан айырылу көңілді қынжылтады. Зайыбым бұл жөнінде аудан, ауыл әкімдігіне барып, шағымданды. Иттің жыры жаздан бері айтылып келеді. Күні кеше орыс зираты жақтан келетін қаңғыбас иттер көрші Мақсот деген кісінің қойларын да талап кетті. Сөздің шындығына келсек, ауылдың батыс беті қараусыз қалды. Қаңғыбас иттер атылмады да, жойылмады да, әбден шаршатты бізді, - дейді Жәнібек ауылындағы Наурыз көшесінің тұрғыны Орынбек Хасанов. Ауылдың тағы бір тұрғыны Вера Қайырғалиева да тап осындай жәйға тап болған. Екі ит қораның ішіндегі 7 қойын жарақаттап, соның үшеуі союға да келмеген. Қалған төртеуінің де жарақаттары әлі жазылмапты. Олар аудан әкімдігіне барып шағымданса, «Біздер ол иттерді атуға еш құқымыз жоқ. Кімнің иттері екенін айтыңыз. Полиция бөліміне арыз беріңіз» дейтін көрінеді.

– Жекенің малын көп жылдан бері бағамын. Сіз күлерсіз, малға шабатын иттердің басшысы, «көсемі» бар. Әлгі иттердің бәрі соның тұқымы. Ешкім оны ұстай алмай жүр. Машинаның дауысын естісе, қаша жөнеледі. Осы уақытқа дейін біраз ит жойылса да, әлгі «көсемі» жаңадан топ жинап, оларды үйретіп, қайтадан малға шабуыл жасайды. Мүмкін, соның көзі жойылса, малға шабуыл тоқтар ма еді...Сосын иттердің өздерінің жиналатын жері бар. Оны көрсете аламын. Мәселен, Қапунайдың бағында төрт ит, орыс зиратында бес ит, екі-үш ит шекара маңнан келеді. Жалпы батыс бет қауіпті, иесіз он үш қаңғыбас ит бар. Осы иттерді жоюға ветеринариялық станса жауап беретін болса, олармен бірге іздеп табуға әзірмін -, дейді ауыл бақташысы Марат Гатауллин.

Осы мәселе төңірегінде аудандық ветеринариялық бөлімнің басшысы Роберт Биғалиевпен де тілдескен едік. Оның айтуынша, ауылдағы қаңғыбас иттерді аулауға биылғы жылы 1 миллион теңге ақша бөлінген. Жылдың басынан бері 571 ит ауланып, жойылған. Ал шығынға келсек, тұрғындар полиция бөліміне арыз түсірулері қажет көрінеді. Негізінен қаңғыбас иттерді жоятын аудандық ветеринариялық станция. Бұл мекемеге біз қаңғыбас иттер туралы мәлімет сұрап, әлденеше рет хабарластық. Алайда бір айға жуық уақыт өтті, ешқандай мәлімет жоқ.

Енді аудандық аурухананың директоры Сәуле Исмағұлованың бізге берген мәліметіне сүйенсек, өткен он бір айдың ішінде 82 тұрғынды ит қапқан. Барлығына қажетті ем-шара жүргізілген.

 – Біздің аудан құтыру ауруынан қолайсыз аймақтар қатарына жатады. Аудан бойынша өткен 2018 жылы 51 адам итке қабылса, биылғы он бір айда 83 факті тіркелді. Ауылдық округтер бойынша Жәнібек, Күйгенкөл, Тау, Ақоба, Қамысты, Ұзынкөл сәйкесінше 52, 16, 3, 3, 4, 2 адам, ал басқаларында біреуден тіркелді. Көмекке 44 ер, 39 әйел жүгінді. Орталық ауруханадан бұл адамдар тиісті дәрігерлік көмек алып, құтыруға қарсы егілді. Ауданда орналасқан 2036 әскери бөлімінің бөлімшелеріндегі 7 кинолог мамандар да құтыруға қарсы екпе алды. Бұралқы иттердің, мысықтардың жыл санап көбеюі көпті алаңдатып отырғаны рас. Аса қауіпті жұқпалы ауруларды (құтыру, эхиннококкоз) таратушылар да осылар, – дейді аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Нұргүл Мұстаева

Жоғарыда айтылғандай, іс көтеріліп, иттер жойылу үшін тұрғындар арыз жазулары керек. Сондықтан біз аудандық полиция бөліміне де хабарластық.

-Иттерді ұстау ережелерін бұзғаны үшін биыл он бір айда ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы бойынша 45 тұлға әкімшілік жауапқа тартылды. Есепті мерзімде итке қабылған 12 адам аудандық орталық ауруханаға қаралса, соның 8-і ересек, 4-і кәмелетке толмаған. Аудан тұрғындары арасында ит-мысықтарды күту ережесі бойынша кеңінен түсінік жұмыстары жүргізілуде. Полиция иттердің иелерін әкімшілік жауапқа тартумен ғана шектеледі, оларды ұстап, жою полиция бөлімінің құзіретіне жатпайды. Ал иесіз иттерге қатысты біздің тараптан ешқандай шара қолданылмайды. Тұрғындар қаңғыбас иттерге қатысты ветеринариялық станцияға барып, арыз түсірулері керек, – деді аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Тимур Мамытов.

Өздеріңіз көріп отырғаныңыздай, аурухананың мәліметі бойынша 82, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасында 83, ал полиция бөлімінде 12 адам итке қабылған есебінде тіркеліп отыр. Сонда қайсысының ақпараты дұрыс деген сұрақ туады. Бұл жерде аталған мекемелердің арасында ешқандай байланыс жоқ екені көрініп тұр.

Гүлзара Тілекқабылқызы

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagr am-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале