11.01.2024, 19:00
Оқылды: 76

Қаратөбе ауданы: Ғарифолла Құрманғалиевтың 115 жылдығына орай көрме таныстырылды 

Бүгін Мұхит Мералиев атындағы Қаратөбе аудандық тарихи-өлкетану музейінде әйгілі әнші, композитор, Қазақстанның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтың туғанына 115 жыл толуына орай «Әнін көкке қалықтатқан» атты көрме таныстырылымы өтті.

Музей 1

Жезтаңдай әншіге арналған іс-шараны музей меңгерушісі Жұлдыз Маширова алғысөзімен ашып, Ғарифолла Құрманғалиевтың әншілік, сазгерлік, актерлік өнері, жалпы оның өнердегі жан-жақтылығын, шәкірттеріне дәріс беріп, оларды өнер жолында қанаттандырған айрықша дарын иесі болғандығын айтты.

Музей 7

Іс-шараға қатысушылар алдында сөз алған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мәулен Салахадден және аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллин жезтаңдай әншінің өмірі мен өнер жолындағы еңбектері туралы әңгімелеп, Ғ.Құрманғалиевтың 115 жылдығына орай алдағы уақытта ауданда кең көлемде іс-шара өткізу жоспарланғанын жеткізді.

Музей 2

Жас әнші Арман Махметұлы Ғарекеңнің «Сүйген жар» әнін, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллин «Ақ жайық», «Ақкербез» әндерін орындады.

Орындаушылықтың шыңына жеткен, халықтың мектебінен өткен Ғ.Құрманғалиев дәстүрлі оқыту жүйесін сақтап қалудың маңызын басқалардан артық түсінген. Сол жүйе арқылы ол Республикалық эстрадалық – цирк студиясында ұзақ жылдар бойы ұстаздық ете жүріп, шәкірттерін тәрбиеледі.

Ол кісінің отбасылық мұрағатында орындаушылық өнерге деген өзіндік көзқарасы тұрғысынан халықтық тәжрибені ой елегінен өткізген көптеген қызғылықты пікірлері, әдістемелік жазбалары мен күнделіктері сақталған. Қасиетті Қаратөбеден шыққан Ғарифолла Құрманғалиев сондай ғажайып өнер иесі болған.

Музей 5

Музейдің экскурсоводы Дулат Темірболатұлы іс-шараға қатысушы ауданның мәдениет саласы қызметкерлерін әншіге арналған «Әнін көкке қалықтатқан» атты көрмемен таныстырды. Көрмеге әншінің қолжазбалары, еңбектеріне сай алған марапаттары, жерлестерімен кездесулерде түскен суреттері тағы да басқа көптеген жәдігерлер қойылған.

                                               Ерболат Райсов, Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале