Батыс Қазақстан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде «AQJAIYQ» телеарнасының тікелей эфирінде Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиевтің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Аудан басшысы 2026 жылдың тоғыз айында атқарылған жұмыстарды баяндап, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды және алдағы жоспарларымен бөлісті.
Аудан экономикасының негізгі тірегі – ауыл шаруашылығы. Бүгінде бұл салада 474 агроқұрылым жұмыс істеп, 607 тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Ауданда 69 мыңнан астам ірі қара, 102 мыңнан астам қой-ешкі және 18 мыңнан астам жылқы бар. Биыл мал қыстағына 179 мың тонна мал азығы дайындалып, жоспар 122 пайызға орындалды. Сондай-ақ шаруашылықтар 542,1 млн теңгеге ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды.
Ауыл кәсіпкерлігін қолдауда «Ауыл аманаты» бағдарламасының маңызы зор. Бағдарлама басталғалы 117 жобаға 1,1 млрд теңге көлемінде несие беріліп, 101 жұмыс орны ашылды. 2026 жылы 35 жоба 447,7 млн теңгеге қаржыландырылды. Қаражат мал шаруашылығын дамытуға, ауыл шаруашылығы техникасын алуға және шағын кәсіп ашуға бағытталды.
Ауданда шағын және орта кәсіпкерліктің 817 субъектісі жұмыс істеп, 1936 адамды жұмыспен қамтып отыр. 2026 жылдың тоғыз айында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 5,7 млрд теңгені құрады.
Инвестициялық жобалар қатарында ет бағытындағы мал шаруашылығы кешендерін салу және асыл тұқымды мал әкелу бастамалары бар.
Инфрақұрылымды дамыту бағытында да бірқатар жұмыс атқарылды. Төлен, Сәуле және Қарақамыс елді мекендерін ауыз сумен қамту жобасы аяқталып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде аудан халқының ауыз суға қолжетімділігі 100 пайызға жетті. Аққозы ауылында мәдениет үйі, Шөптікөл ауылында мәдени-спорт кешені ашылып, Сәуле ауылындағы Жақсыбай негізгі орта мектебінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді.
Жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында Шалғын ауылына дейінгі 10,4 шақырым жолда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Жусандой, Ханкөл, Егіндікөл және Сулыкөл бағыттарындағы жолдарды күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, тиісті бюджеттік өтінімдер жолданды.
Электр желілерін жаңғырту аясында ауданда 88 шақырым әуе электр желісін қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Байланыс сапасын жақсарту үшін Қаратөбе ауылындағы базалық станция 5G стандартына жаңартылды. Ал Алакөл мен Сәуле ауылдарын ұялы байланыспен қамту жұмыстары жыл соңына дейін жоспарланған.
Жұмыспен қамту саласында жыл басынан бері 490 адам белсенді шараларға тартылып, 280 тұрғын тұрақты жұмысқа орналасты. Жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін төрт азаматқа 6,9 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант берілді.
Білім мен мәдениет саласында да нәтижелі жұмыстар бар. Ауданда 18 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Алты мектеп Starlink спутниктік интернетіне қосылған. Жыл басынан бері 1349 мәдени және 307 спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Мұхит Мерәліұлының 185 жылдық мерейтойына арналған республикалық мәдени-танымдық шаралар өткізіліп, аудан спортшылары облыстық және аймақтық жарыстарда жүлделі орындарға ие болды.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Қоскөл ауылында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында өрт сөндіру бекеті ашылды. Соңғы екі жылда қоғамдық тәртіпті бақылау үшін 393 млн теңгеге 92 бейнебақылау камерасы орнатылды. Сонымен қатар жастарды отансүйгіштікке және заңды құрметтеуге тәрбиелеу мақсатында Қаратөбе мектеп-гимназиясында «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылды.
Баспасөз конференциясының қорытындысында аудан әкімі алдағы уақытта да ауыл шаруашылығын дамыту, инвестиция тарту, инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті.
Р.Абай