22.12.2023, 17:30
Оқылды: 159

Қаратөбе ауданының 95 жылдық мерейтойы қорытындыланды

Бүгін Қаратөбе аудандық мәдени-демалыс орталығында Қаратөбе ауданның құрылғанына 95 жыл толуына орай салтанатты жиын өтті. Мерекелік шараға БҚО әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз, мерейтойға арнайы шақырылған қонақтар, аудан тұрғындары қатысты.

IMG_1296

Тереңнен сыр шертер даласы бар, дарынды өлкенің тарихи тамырын тереңге жайған дарабоз Мұхит пен саңлақ әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің, қазақтың өнер аспанында әні қалықтаған Ескендір Хасанғалиевтің есімдерімен елге танылған құтты мекен Қаратөбе еліне 95 жыл толып отыр.

IMG_1319

Салтанатты жиында БҚО әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз алғы сөз сөйлеп, жасампаздық пен жаңарудың үлгісі болған қабырғалы Қаратөбе халқын 95 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтады.

IMG_1323

Сахна төріне көтерілген аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев ауданның құрылуынан бастап баяндап, барлық саласының даму көрсеткішіне тоқталды.

– Ғасырға жуық уақыт ішінде бұл мекен ауқымды өзгерістерді бастан кешіріп, тарихтың талай сынынан өтті.

1918 жылы Қазақ зиялылары Қаратөбе жерінде сиезд өткізіп, Алаш үкіметін құру бағытында жұмыстанды. Араға тура 10 жыл салып, Қаратөбе ауданының құрылуында да үлкен сабақтастық жатыр.

95 жылдық тарихи кезеңінде аға ұрпақтың атқарған еңбектерін, тәуелсіздік ұрпақтары туын құлатпай осы күнге дейін жалғап келе жатқандығына барлығымыз куәміз. Бүгінгі таңда Тәуелсіздігіміздің арқасында етек жеңімізді жинап, қазіргідей заманға жетуіміздің өзі үлкен еңбек деп білемін.

Жыл басынан бері ауданда 95 жылдық мерейтой аясында ауқымды шаралар өткізіліп жатыр. Бұдан бөлек, аудан тұрғындарының қатысуымен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, бірқатар әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді.

Құт дарып, кие қонған Қаратөбе өңірінің әрқашан тарихта алар өзіндік орны бар. Аудан көлемінде атқарылған жұмыс легі баяндалды. Ендігі кезек, береке мен бірлікті сақтай отырып еліміздің, ауданымыздың одан әрі дамуы бағытында күтіп тұрған ауқымды жұмыстарды атқару.

Баршаңызды ауданның 95 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

Тарихы тағылымға толы туған өлкеміздің болашағы жарқын, келешегі кемел болып, жүз жылдығымызда да амандықпен жүз көрісуге жазсын! - деді аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы.

IMG_1344

Аудан мерейтойымен Қаратөбе халқын құттықтаған жерлесіміз, генерал-майор Р.Тымбаев бейне құттықтау жолдаса, Ақтөбе облысының әкімі А.Шахаровтың құттықтау хаты аудан басшысы Қ.Сүйеуғалиевке табыс етілді.

IMG_1373

Жиында сөз алған М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жаңабек Жақсығалиев пен облыстың тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы, өлкетанушы, «Дана» орталығының директоры Жантас Сафуллин жерлестерін 95 жылдық мерейтоймен құттықтап, аудан тарихына, кәмпеске жылдарында ауданда қудаланған азаматтар турасында тың деректер келтірді.

IMG_1394

Салтанатты шараның мерекелік марапаттау рәсімінде Қаратөбе ауданының 95 жылдығына арналған «Қаратөбе ауданына сіңірген еңбегіңіз үшін» мерекелік медалімен аудандағы мемлекеттік қызмет, шығармашылық, білім, мәдениет, спорт, денсаулық, ғылым, өлкетану және туризм, байланыс, энергетика, ауылшаруашылық, ветеринария салалары бойынша елеулі еңбек сіңірген бірқатар азамат марапатталды.

Салтанатты жиын соңы «Қаратөбем ән мен жырдың ордасы» тақырыбындағы концерттік бағдарламасына ұласты.

Серікбай Хасанов,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале