8.12.2022, 21:31
Оқылды: 67

Қаратөбеде оқушылар айтысы мәреге жетті

Қаратөбеде «Балалар жылы» аясында «Біз – тәуелсіз ел ұланы, болашаққа үн қосқан» тақырыбында оқушылар арасында өткен аудандық ақындар айтысы мәреге жетті. 

Айтыс (3)

 

 

Мәдени шараны алғы сөзбен ашқан аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев ақындар айтысына қатысушы жас ақындарға қош келдіңіз айтып, қара сөзден маржан терген балғын ақындарға сәттілік тіледі.

Айтыс (2) (1)

Айтысқа 12 балғын ақын қатысып, шымкесте өлең өрнегін төгілтіп, сөз маржанын терді.

Балалар арасындағы айтыс аламанын Егіндікөлден келген Келбет Құттыбай мен қаратөбелік Азиз Азаматұлы бастап іні мен әпке арасындағы жарасымды сөз тартысын көрерменге сыйлап, қошеметке бөленді.

Айтыс (5)

Одан кейін көркем тілмен сөз саптаған бес жұп та туған жер, достық, білім, мәдениет тақырыбында сөз қозғай келе қазіргі таңда өзекті болып отырған қазақ тілінің шұбарлануы, кітап оқуға енжарлық, балалар арасындағы телефонға тәуелділік,  ауыл-аймақтағы жолдың нашарлығы, елдегі қымбатшылық сынды мәселелерді жырға қосты.

Сөз додасына қатысқан 12 жас айтыскердің ішінен сөз саптауымен, орамды ойларымен, тапқыр тіркестерімен көзге түскен төртеуі екінші айналымға шығып, кім мықтыны анықтады.

Соңғы айналымда өнер көрсеткен қос жұп Досхан Бекболатұлы мен Азамат Абай және  Ақтолқын Қуанғали мен Азиз Азаматұлының өнеріне көрермен қошеметпен қол соқты.

 

Айтыс қорытындысында сахна төріне көтерілген қазылар алқасының төрағасы, «Ақберен» жас ақындар мектебінің жетекшісі Талап Таймасұлы бастаған  әділқазылар жеңімпаздарды жариялады.

 

Оқушылар арасында өткен «Біз – тәуелсіз ел ұланы, болашаққа үн қосқан» атты айтыстың бас жүлдесін Мұхит ЖОББМ-нің атынан қатысқан Досқан Бекболатұлы жеңіп алды. Аламан айтыста жоғары деңгейде өнер көрсеткен соналылық Азамат Абай жүлделі І орынды иемденсе, ІІ орынды Егіндікөл ауылының намысын қорғаған Ақтолқын Қуанғали еншіледі. Сөз сайысында ІІІ орынға Қаратөбе балалар шығармашылық үйінің атынан қатысқан Азиз Азаматұлы тұрақтады.

Айтыс (10)

Балғын ақындар арасындағы сөз сайысында Қажытай Кенжеғалиев атындағы арнайы жүлдемен Аружан Жалел, Құмарғали Ғұбайдуллин атындағы арнайы жүлдемен Айша Ешмат, Құспан Құттыбаев атындағы арнайы жүлдемен Жанна Аманжол, Хамит Әбілов атындағы арнайы жүлдемен Ғаділбек Аманша, Александр Қауенов атындағы арнайы жүлдемен Алпамыс Наурызбайұлы, Әсірәлі Әбітиев атындағы арнай жүлдемен Келбет Құттыбай, Дінекеш Айтжанов атындағы арнайы жүлдемен Назерке Тұрсынғали, Жалғас Жантілеуов атындағы арнайы жүлдемен Айкөркем Жандарбекқызы марапатталды. Сөз додасына түске барлық жас ақындар арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Сонымен қатар айтыс қорытындысында күйлері республиканың алтын қорына енген тыл ардагері, термеші, күйші Сәулебай Далабаев атындағы атаулы сыйлықпен айтысқа қатысушы барлық оқушылар марапатталып, күйшінің немересі Бақыт Далабаевтың атынан өнерлі өрендерге он мың теңгеден ақшалай сыйлық берілді.

Серікбай Хасанов,

Қаратөбе ауданы 

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале