27.12.2023, 17:00
Оқылды: 53

Казталов ауданы әкімінің шыршасы өтті

Бүгін Казталов мектеп-лицейінде «Қош келдің, Жаңа жыл – жаңа белес, жаңа арман!» атты дәстүрге айналған Казталов ауданы әкімінің шыршасы өтті.

image-27-12-23-02-20-2

Аудандық білім беру бөлімі әр ауылдық округтен келген балалар үшін ертегі кейіпкерлерімен байланыстырып шоу-бағдарлама дайындаған. Көпшіліктің телеарнадағы сүйікті кейіпкерлері Ая мен Әли мерекенің басты қонақтары болды.

image-27-12-23-02-20

Мерекелік іс-шараға көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан зерделі де зерек, білімді де білікті 35 бала қамтылды. Мерекелік кеште аудан әкімі Асланбек Сарқұлов:

- Жаңа жылымызда жақсы жетістіктерге жетіп, табысты аяқтадық. Білім саласы үшін жемісті жыл болды. Жыл бойы атқарылған жұмыстың біразын өздеріңіз көрдіңіздер. Білімді, мінезді болыңыздар. Еліміздің өркендеуіне үлес қосатын азамат, азаматша болыңыздар! - деп білімді, талантты, білім байқауларында оза шапқан оқушыларға сыйлықтар мен ақшалай сертификат табыс етті.

Жоғары деңгейде өткен кеште ғажайыпқа толы қойылымдар қойылып, мерекелік думанды жандандыра түсті. Балаларға кеңінен таныс ертегі кейіпкерлері, жаңа жылдың символына айналған Аяз ата мен Ақшақар шырша қуанышын бірге бөлісіп, балаларға әр түрлі ойын ұйымдастырды. Одан бөлек, балғын балақайлар жаңа жылдық әндерден поппури орындап, өнерлерін ортаға салды.

Ертегі әлеміндегі әсем көріністер,  көз тартарлықтай безендірілген жасыл шырша айналасындағы әр түрлі кейіпкерлер, сахна төріндегі балалардың көңілін көтерген ғажайыпқа толы қойылым әнмен өріліп, дүбірлі думанға айналды.

Бұндай көріністің артында көзге көрінбейтін еңбек жатқанын біріміз білсек, біріміз білмейміз. Бұл ретте аудандық білім беру ұжымын және аудандық балалар музыка мектебі, аудандық балалар шығармашылық орталығы және аудандық мәдениет үйі кәсіби мамандарының еңбегі зор.

 

Жұлдыз Асқар,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале