28.03.2024, 12:00
Оқылды: 51

Казталовта жас педагогтар тоғысты

Казталов ауданы орталығында қасиетті білім ордасы Казталов мектеп-лицейінде білім көкжиегінде қанаттарын қияға самғатқан, ізденіс жолында ілкімді жобаларды қолға алған жас мамандар тоғысты. 

image-28-03-24-11-42-1

«Жас ұстаз: ізгілік пен ізденіс» деп аталатын облыстық жас мамандар форумына аудан мектептерінен бірлескен 80-ге жуық маман қатысып отыр.

image-28-03-24-11-42-2

Форумда сөз алған аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Қанапияқызы:

- Құрметті жалынды жас мамандар! Қосөзеннің ортасында орын тепкен киелі Казталов ауданына қош келдіңіздер! Ауданда қазіргі таңда 2000 мыңға жуық педагог жұмыс атқарып жатыр. Солардың 30 пайызға жуығы жастар. Бүгінгі біздің ауданда ұйымдастырылып жатқан облыстық деңгейдегі іс-шаралар жоспарына енген жас педагогтардың форумы болып жатқанына біздер бек қуаныштымыз. Көршілес аудандардан жалпы облыс бойынша 12 аудан болса, содан 30-ға жуық жас маман қатысып отыр. Араларыңызда ұстаздық жолдың табалдырығын енді басқан ұстаздарыңыз болар, 2 жылды артқа тастап, 3-інші жыл қызмет етіп жатқандарыңыз болар, қанша жыл атқарсаңыздар да қиындығы мен қызығы мол ұлағатты жолдың мықты мамансыздар. Әрине педагог болу, оның мәртебесіне ие болу оңай нәрсе емес. Қазіргі заман талабына сай, оқушы мен ата-ананың талаптарына сай сәйкес болу жас педагогтің алдында тұрған өте күрделі мәселе. Оған қала берді әрбір білім беру ұйымында мектепте өздеріңіздің тәлімгерлеріңіз бар, іс-тәжірибемен алмасатын ардагер ұстаздарыңыз бар, өмір көрген, педагог жолынан өткен, яки сол жолды жалғастырып келе жатқан орта буын әріптестеріңіз бар. Бұның өзі сіздерге үлкен мүмкіндік. Өткенмен салыстырсақ, сіздер үшін жан-жақты мүмкіндіктерге ие болатын заман. Интернеттің, IT технологиялардың, әр түрлі бағыттағы шара мен жобаға қатысу мүмкіндігіне ие болдыңыздар. Бұның бәрі мемлекетіміздің қолдауының арқасы деп білемін. Мемлекет басшысының қолдауының арқасында қаншама құрылыс пен күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр, қаншама жайлы мектеп салынып жатыр. Бұның бәрі сіздер үшін үлкен мүмкіндік. Өздеріңіз тек еңбек жолында шығармашылықтарыңызды шыңдап, білімдеріңізді дамытып, осы педагог жолында жұмыстана беріңіздер! Мемлекеттік басшысының ұсынымен, білім министрінің қолдауымен өткен жылдаг бастап 1000 көшбасшы резерві қалыптасты. Бұл жас мамандарға үлкен белес пен мүмкіндік. Осының аясында мектепке қадам басқан жас педагогіміз сол резерке еніп, білімін шыңдап, болашақта көшбасшылар қатарына еніп мектеп тізгінін басқаруға мүмкіндік алады. Біздің ауданда алғашқы қарлығашымыз қазіргі таңда осы жылы аудан орталығындағы үлкен білім ордасына  мектеп директоры болып тағайындалды. Бүгінгі жас педагогтар форумына сәттілік тілеймін! Сіздерден үлкен үміт күтеміз. Облыстан келген өкілдерге, білім басқармасына ризашылығымызды білдіреміз, - деді.

image-28-03-24-11-42-3

Келген жас педагогтар «Кішкентай зерттеушілер» ғылыми жобалар аллегиясын, «Инновациялық жобалар- шығармашылыққа апарар жол» көркем-эстетикалық көрмесін, «Өзім жасасам үйренем» тәжірибелер алаңын тамашалады.

Сондай-ақ «Табысты сабаққа қалай қол жеткіземіз?», «Педагогтың құзіреттілігі - сапалы білім негізі», «Өсу векторындағы дарынды оқушы  - сапа көрсеткіші», «Біртұтас тәрбие бағдарламасы», «Интерактивті сервистер мен креативті презентациялар», «Тиімді жоспардаудан сапалы сабақ» бойынша әдістемелік нұсқау бағытында жұмыс түсіндіріліп жатыр.

Жұлдыз Асқар,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале