Бұл туралы аудан әкімі Асланбек Сарқұлов ауданның белсенді жастарымен кездесуінде айтты. Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, жастар саясатын, спорт және мәдениет, кәсіпкерлік саласын дамыту, діни мәселелер талқыланды.
Аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы кездесуде «Казталов ауданының жастар кадрлық резерві» жобасы жүзеге асатынын мәлімдеді. Ол жобаның жастар саясатын жетілдіруге ықпал ететіндігін атап өтті.
-Ауданның қай салада болмасын дамуында жастардың үлесі зор. Сіздер қоғамның қозғаушы күші, жастар саясатын жүзеге асырушысыздар. Біз жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыру, жастар саясатын жетілдіру, жастарды мемлекеттік басқару ісіне тарту мақсатында «Казталов ауданының жастар кадрлық резерві» жобасын қолға алып отырмыз. Бұл жастардың мүмкіндігі мен белсенділігін арттыратын бірден-бір жоба. Баршаңызды ауданымыздың дамуына үлес қосып, белсенді болуға шақырамын, - деді аудан әкімі.
Ал жобаны аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Әбішева таныстырды.
Асланбек Ахметоллаұлы өз сөзінде жастардың саяси көзқарасын қалыптастыру бағытында «Жас саясаткерлер» мектебі мен студент жастарды еңбекке баулу мақсатында «Студенттік құрылыс жасақтарын» құру қажеттігін атап өтті.
Кездесуде жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының директоры Мұқағали Шоқпанов жастар саясатын дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмысқа тоқталды. Белсенді жастар кездесуде аудан әкіміне бірқатар сауал қойып, қоғамдағы кейбір мәселелерді шешу жолдарын ұсынды. Жастар дебат үйірмелерін, ұлттық өнерді, ұлттық спортты дамыту бағытында және «Жас ақындар» клубын құру, «Көкпар» спортын қолға алу, жат ағымдармен күрес, балалардың бос уақытын тиімді пайдалану, жастардың басын бір арнаға тоғыстырар ұйым құру жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар аудан әкіміне жекелеген сауалдар да қойылды. Екі сағат бойы жастардың үніне құлақ түрген аудан әкімі айтылған ұсыныстарға жеке-жеке тоқталып, назарға алатындығын жеткізіп, жастарды тыңдап, бастамаларын қолдауға әзір екендігін айтты.
Белсенді жастар аудан әкімімен өткен кездесу жігерлендіргенін де атап өтті.
- Бүгінгі кездесу әсерге толы болды десем артық айтқандық болмас. Өйткені біз жастар және аудан әкімімен бірге қоғамдағы түйткілді мәселелерді талқылап, өз ұсыныстарымызды нақты айттық. Бұл жергілікті атқарушы орган мен жастардың арасында алтын көпірдің қалыптасқандығының, яғни, биліктің халық үніне құлақ асатындығының айқын көрінісі. Аудан әкімінің жастармен кездесіп, сырласуы бізді жігерлендірді. Сондай-ақ, кездесуден өмірімізге қажетті құнды мәліметтер мен кеңестер алдық, - деді психолог, белсенді жас Айнұр Болатова.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz
26.09.2023, 17:30
26.09.2023, 15:30
26.09.2023, 14:45
26.09.2023, 12:45