27.04.2022, 10:59
Оқылды: 55

Кітап әлемге көзіңді ашады

23 сәуір – Халықаралық кітап және авторлық құқық күні. Ұлы мәртебелі кітапқа арналған бір күннің болуы заңды да. Адамзаттың рухани бай мұрасын сақтай отырып, оны келер ұрпаққа жеткізер тек кітап қана. Атаулы күнді Ақжайық аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұжымы «Кітап әлемі ғажап әлем» атты шарамен лайықты атап өтті.

IMG_4167

Алдымен осы мерекенің мән-маңызы кітапхана ауласына кіре берістен-ақ байқалғанын айта кету керек. Мұнда сан алуан шығармалардың кейіпкерлерін сомдаған кітапханашылар кітаптың құндылықтарын айшықтап, менмұндалап тұрды. Бүлдіршіндерді Кітап ханшайымы, Қызыл телпек пен Буратино, Мақтақыз, Таусоғар, Көлтауысар секілді ертегі кейіпкерлері ерекше қызықтырды. Кітапхана алдында алаң тұтас нағыз ертегідегі әлемін көз алдыңа келтіреді.

Кітап ханшайымы балаларды еліктіретін қазақ, шетел авторларының кітаптарымен таныстырды. Одан соң балдырғандар өздері жақсы көретін ертегі кейіпкерлерімен билеп, ойындар ойнап, естелік суретке түсті. Мәре сәре болған балғын оқырмандар шынайы мерекелік көңіл күйде тарқасты.

Түстен кейін жалғасын тапқан шараның қызығын орта буын оқырмандар мен ересектер тамашалады. Алаңдағы қойылған кітаптар  ақын Сағынғали Сейітовтың - 105, Мұхтар Әуезовтың - 125, Дулат Бабатайдың - 125, Ахмет Байтұрсыновтың - 150, жазушы Әзілхан Нұршайықов пен күміс көмей әнші Роза Бағланованың 100 жылдығына байланысты аңыз тұлғалар жайында сыр шертті.

Шара барысында кітапхана қызметкерлері Александр Пушкин  мен оның «Евгений Онегин» поэмасындағы Татьяна Ларина бейнесін әдемі сомдады.

«Рухани қазына» бөлімінде қыз бен жігіт айтысынан көрініс көрсетіліп, қазақ ақындарының жырлары оқылды. Ал «Әнді сүйсең, менше сүй» деп аталатын бөлімде шараға жиналғандар қосылып, алау жанында тамаша әндер шырқады.

Шара соңында қатысушыларға кітапханалар жүйесінің директоры белсенділіктері үшін ризашылық білдіріп, кітап оқудың маңызын түсіндірді: «Оқысам, білсем деген оқырмандарға әрдайымда есігіміз ашық, қазақ, шетел авторларының әлемдік деңгейдегі үздік туындыларынан сусындап, рухани бай болайық. Өздеріңіз кітаппен достассаңыз, ұл-қыздарыңыз сіздерден үлгі алып, рухани қазынадан нәр іздері анық. Бүгінгі өткізіп отырған рухани сазды шарамызға келіп, атсалысқан барлық үлкен-кіші оқырмандарға алғыс айтамыз».

Әсет Бисенғалиев,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале