8.06.2021, 17:44
Оқылды: 628

Қоқыстың да түрі бар...

Теректі ауданы Федоров ауылында бір мәселенің басын шалсаң, тағы бір мәселе қылтиып шыға келеді. Осыдан біраз уақыт бұрын таза ауыз судың азабы мен уақытқа тәуелді боп қалған жұтым судың «ғажабын» тілге тиек қылғанбыз. Ендігісі – қоқыс мәселесі. Қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу былай тұрсын, сол қалдықтарды ауылдан шығарудың өзі күрделі проблемаға айналып келеді.

20210608_174304

Рас, қалдықтың да түр-түрі бар. Дегенмен, теректіліктердің дені шөпті де, ағашты да, құрылыс материалдарын да, тіпті үй жиһаздарын да қатты тұрмыстық қалдықтардың санатына қосып тастаған. Оған дәлел – аудан орталығындағы қоқыс жәшіктерінің бүгінгі көрінісі. Қарапайым тұрғындар жергілікті билік өкілдерін тыңдағысы келмейді. Арнайы қоқыс пакеттеріне салып емес, шелекпен келіп қотара салатындар да бар. Ит пен мысықтың өлекселері, тозығы жеткен керуеттер, ірі қараның ішек-қарнына дейін кезіктіресің. Содан кейін қоқыс жәшіктерінің айналасы қаңғыбас ит пен мысыққа толады. Олар сол қоқысты шашып, сәл жел тұрса, өзің жаңа ғана апарған қоқысың сені үйіңе өзі «іздеп» кеп тұрады. Бұл мәселені шешудің жалғыз жолы – халықтың санасына әсер ету. Бірақ қалай? Қоқыс шығарумен айналысатын кәсіпкер де, округ әкімі де осы жайтты айтып дабыл қағады.

Округ әкімі демекші, мақаланы дайындау процесінде Федоров ауылдық округі әкімі Әсет Әубәкіровпен жүздесудің реті шықты. Әкім аталмыш мәселе орталық бойынша өте өзекті екендігін тілге тиек қылды.

асет

- Аудан орталығында 168 қоқыс жәшігі бар. Алайда оның өзі аз, қосымша тағы 80-100 қоқыс жәшігін қажет етеді орталық. Қоқысты шығарумен «Надежда» шаруа қожалығы айналысады. Бағасы адам басына 113 теңгені құрайды. Аудан орталығында 5200 адам тұрады десек, қожалыққа айына 600 мың теңге шамасында қаражат түседі. Бірақ ол жай есеп бойынша. Себебі, халық қоқыс жәшіктерін пайдаланғанымен, ақысын төлеуге келгенде енжар. Қоқыс шығару – өз-өзін ақтамайтын жұмыс. Қазір жанар-жағар майдың бағасы өсті, жұмысшылардың жалақысы бар, техниканың істен шығуы, оны жөндеуі бар, сайып келгенде осы істі қолға алып отырған кәсіпкерге мен алғыс айтсам деймін. Барлығы халықтың игілігі үшін. Бірақ тұрғындар «мен сол 113 теңгені төлеп отырмын, сондықтан жәшікке кез-келген нәрсені салуға құқым бар» дейді. Ол қате түсінік. Шабылған шөп, кесілген ағаш қатты тұрмыстық қалдыққа жатпайды. Осы жайтты теректіліктерге түсіндіре алмай қойдық, - дейді Әсет Сәбитұлы.

Шыны керек, округ әкімі сөзінің жаны бар. Қазір халық тіпті көше былай тұрсын, ауласының айналысын жинауға құлықсыз. Оған аудан көлемінде ұйымдастырылған сенбіліктер кезінде көзіміз жетті. Үйінен бір қадам шығады да, қоқысты ауласынан әрірек барып лақтыра салады. Оны кім жинайды? Әрине, сенбілікке шыққан мемқызметкерлер, не болмаса түрлі мекеме қызметкерлері. Сенбілікке шыққан адамдарды көріп, білек сыбанып мен де ауламның айналасын жинайын деген бір теректілікті көрмейміз. Бұл – дерт. «Маған бәрібір» деген түсінік, уақыт өте үлкен дертке айналады.  Қоқыс жәшіктерімен де жағдай солай. Өз ауласын күтіп-баптамаған адам далада тұрған жәшікті қайтсін? Бірақ әлеуметтік желіде «Әкім қайда қарап отыр?» деп ұрандатуға шеберміз.

Европалық елдерде  қоқыстардың 80 пайызы қайталама шикізат ретінде пайдаланылып, табыс көзіне айналғандығын атап өту керек. Бірақ, ол «ғажап» еліміздің өзінде зорға жүзеге асуда. Мысалы, қазіргі таңда Қазақстан  қал­дық­тардың 5 пайызын ғана өң­деп отыр. Дүниежүзінде бұл мәселеде 162 елдің ішінде 39-шы орында көрінеміз. Сол себепті біз әлі қоқыс өңдеу емес, қоқыс шығарудың мәдениетін меңгермей отырғандығымыз.

20210608_174322

Федоров ауылдық округі бойынша қоқыс шығарумен айналысатын «Надежда» шаруа қожалығы басшысы Андрей Савченко мырзамен телефон арқылы тілдестік.

- Кәсіпкер ретіндегі алғашқы қадамдарым сонау 1997 жылдары бастау алған. Ал қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару бағытымен 2019 жылдың қараша айынан айналысып келемін. Осы бағыт бойынша 3 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Әрине, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару оңай жұмыс емес. Бизнес бағытында ол өз-өзін мүлдем ақтамайды. Бірақ мен осы жердің тумасы болғандықтан, әлім келгенше көмектесіп келемін. Адамдарға барынша қолайлы болсын деп жұмыстанып келеміз. Ауған соғысы ардагерлері, тыл ардагерлері, І және  ІІ топ мүгедектері қоқыс үшін ешқандай ақы төлемейді. Тек нақты құжаттарын көрсетсе ғана болғаны. Сонымен бірге, бұрын тұрғындар «Қазпошта» бөлімшесі арқылы 113 теңгені төлеп келді. Бұл ақыға пошта қызметінің 150 теңге көлеміндегі өз жұмысы үшін алатын қаржысын қосыңыз. Халық наразы болды. Мен «БатысЭнергоРесурс» ЖШС-мен келісімге келіп, қазір тұрғындар жарыққа төлегенде бірге қоқыс үшін де төлей алады. Бастысы, ешқандай қосымша ақы қосылмайды. Халықтан тек сұрайтынымыз – біздің жұмысымызға да құрметпен қараса екен. Қатты тұрмыстық қалдық деген ұғымды түсіну бір бөлек, соны орындау мүлдем басқа әңгіме, - дейді кәсіпкер.

Осы орайда жергілікті тұрғындар не дейді? Вконтакте әлеуметтік желісіндегі «Теректі (Федоровка)-ЗКО» парақшасындағы осы бағыттағы пікірлер сан алуан.

Нұрлан Каримов, ауыл тұрғыны:

- Қоқыстың барлығын шашатын тұрғындардың өзі. Округ әкімі бір өзі барлығына қалай үлгереді? Тым болмағанда ауламыздың айналысын жинайық, көшемізді ретке келтірейік, Міне, сосын желіге мақтанып салуға болады.

Светлана Киндербаева, ауыл тұрғыны:

- Халық сенбіліктерге жаман үйреніп алған. Қоқысты шашады, жәшіктерге тіптен жеткізбейді. Сосын оны жинап жүретін мекеме қызметкерлері. Осы жайтты түсінбеймін мен...

Виталий Сизов, ауыл тұрғыны:

- Бұрын ауыл тұрғындары қоқыс жәшіктері болмаған кезде айналасын жинақтап, қалдықтарды өртейтін. Қазір жағдай мүлдем басқа. Өртеуге тыйым салынды, одан кейін өмірімізге қоқыс жәшіктері келді. Жағдай бұрыннан да қиындап кетті.

Сан алуан пікір. Бірақ көпшілік түйткілді мәселе бар екендігін мойындайды. Мойындайды, түсінеді. Алайда, Федоров ауылынан лық толған қоқыс жәшіктерін, қанша сенбілік өтсе де еш өңі кірмейтін, қоқысқа оранған көшелерді көреміз. Иә, табиғатта өте тамаша бір қасиет бар. Оның өзі бөліп шығарған қалдықтардан біздің көмегімсіз-ақ өзін-өзі тазартып ала алады. Ал адам баласының бөліп шығарған көң-қоқсығынан, ақыл-оймен өмірге келген халық шаруашылығының улы, зиянды қалдықтарынан өздігінен тазалауға табиғатта шама жоқ. Мынаны қараңыз, адамдар күн сайын тау-тау қылып күл-қоқысқа тастайтын пластмасса құтылар жер бетінде 500 жылға дейін, кәдімгі полиэтилен пакеттері 200 жылдан астам уақыт бойы шірімей, жатып алады екен. Ал консерві қалбырлары мен шыны сынықтары 1 мың жылға дейін жер қойнын ластап, «жегі құртша» топырақ құнарын жеп жатады. Қасиетті даласын көзінің қарашығындай аялайтын қазақ «ат аунаған жерде түк қалады» деп қастерлеуші еді. Енді табиғат аясына демалысқа шыққан әрбір адамның артында кемінде 10 кило қатты тұрмыстық қалдықтар қалатын болды...

Әділет Орынбасарұлы,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале