26.12.2019, 21:23
Оқылды: 38

Көлік жөндейтін келіншек

Бүгінде бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербеткен әйел затының атқармайтын жұмысы кемде-кем. Олар отбасы, ошақ қасынан басқа әртүрлі салада басшылық етсе, енді бірі кәсібін ашып, соның нәсібін көруде.

Кейбіреулерінің ерлер атқаратын жұмыстарды ұршықша иіріп әкетіп, темірден түйін түйетіндерінде көзіміз көріп жүр. Осы сөзімізге дәлел ретінде Тасқала ауданының Достық ауылында тұратын Нұрғайша Аханованы атап өтуге болады. Отбасындағы төрт баланың тұңғышы саналатын ол кішкентайынан техникаға әуес өскен екен.

-Кішкентайымнан әкемнің қасынан бір елі қалмайтынмын. Оның тракторына отырып алып, айдап далаға барған кездерім де болды. Техникасы істен шықса қасында жүріп, қажет құралдарын алып беріп көмектесетінмін. Сол себептен болар үйдің жұмысынан гөрі түздің жұмысына көп әуес болдым. Бір сөзбен айтқанда ер азамат секілді өстім десем де болады. Көзімді ашқалы көріп келе жатқаным темір-терсек болғандықтан ба күннен күнге техникаға деген қызығушылығым одан сайын арта түсті. Кейін тұрмысқа шыққанда жолдасымның да техникаға деген құлшынысын көріп, тағдырдың маңдайға жазғаны осы шығар деп ойлайтынмын. Өйткені, жолдасым ауылдағы істен шыққан техникаларды жөндеп, дәнекерлеп, жарылған дөңгелектерін жасап беретін. Жалғыз өзіне қиын болғандықтан үнемі қасында жүріп қолғабыс етемін. Содан бері бірнеше жыл өтті. Техниканың қыр-сырын одан сайын біле түстім. Тіпті, қалаға барып, керек темірлерді де өзім алып келетін болдым. Содан ойлана келе жолдасым екеуміз ауылдан көлік жөндейтін шеберхана ашуды жоспарладық. Сәті түсіп, бұл ойымыз бірден іске асты. Үкімет тарапынан 505 мың теңгенің қайтарымсыз грантына қол жеткізіп, соған өзіміздің шағын жөндеу цехын аштық. Дөңгелек жөндейтін құралдарды қаладан сатып алып орнаттық. Өзім төрт баланың анасымын. Үлкен ұлым аудан орталығындағы колледжде электрик мамандығы бойынша білім алуда. Бітіргесін ауылға келіп, бизнесімізді одан әрі дамытпақ, -дейді кейіпкеріміз.

Бүгінде ерлермен қатар көлік жүргізетін әйелдер қауымын көп кездестіреміз. Бірақ, солардың барлығы бірдей темір тұлпарды тізгіндегенмен Нұрғайшадай көлік жөндейтіндері некен саяқ. Сондықтан кейіпкеріміздің еңбегі басқаларға үлгі етуге әбден лайық.Жақында ғана Достық ауылына кіреберіс көшеде бой көтерген аталмыш шеберхана енді ауыл тұрғындарына тұрақты түрде қызмет көрсететін болады. Осыған дейін дөңгелек немесе автокөліктерін жөндету үшін аудан орталығына ағылатын жүргізушілер енді ауылдан-ақ көліктерін жөндетіп алуға мүмкіндік туды.

-Меніңше жұмысты ердікі, әйелдікі деп бөлмеген дұрыс. Өйткені, әйелдер қандай іспен айналысса да өз отбасының ұйтқысы, балаларының анасы, жолдасының асыл жары екенін әсте естен шығармайды. Үй тірлігі мен жеке кәсібіне де уақыт табады. Сол үшін әркім өзі қалаған ісімен айналысқаны жөн. Жаңа жыл қарсаңында меніңде кәсібімді ашсам деген ойым жүзеге асып, шағын бизнесімізді бастап кеттік. Тапсырыс берушілер жоқ емес. Сол үшін де биылғы жыл мен және менің отбасым үшін ерекше жыл болды. Доңыз жылы өзінің осындай жағымды жаңалығымен есімізде қалды. Жаңа жыл қарсаңында бізге қолдау білдерген аудан басшыларына шынайы ризашылығымды білдіремін. Болашақта кәсібіміздің нәсібін көріп, еліміздің одан әрі дамуынаазда болса да үлесімізді қосатынымызға сенімім мол, -дейді нәзік жанды кәсіпкер.

Ер азаматымен тең жүріп, өмірлік жолдасына қамқор болған Нұрғайша Аханованың қолға алған кәсібі ауылдастарын қуантатыны айдан анық.

 

Назгүл Жәрдемова

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagr am-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале