6.10.2020, 11:48
Оқылды: 90

Кооперация ауылды көркейтеді

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы бірінші қыркүйектегі  Жолдауында: «Жеке шаруашылық миллиондаған ауыл тұрғындарына табыс табуға мүмкіндік бере алады. Оларды өңірлік азық-түлік хабтарын құруға жұмылдыру керек. Басы бірікпеген жеке қосалқы шаруашылықтар, шын мәнінде, өлместің күнін көріп отыр. Бұл ретте, сапалы әрі мол өнім өндіру, үздіксіз  тауар жеткізу туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз. Бәсекеге қабілетсіздік  пен  импорттан арыла алмай отыруымыздың себебі де осыда. Кооперация кезінде жер және басқа да мүлікке қатысты барлық құқықтар  сақталады. Кооперация  шаруашылықтарға шикізат сатып  алу, өнім өндіру және оны сатуды ұйымдастыру барысында күш жұмылдыруға мүмкіндік береді. Ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағаланады. Бұл жасырын емес. Табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеліп жатады. Сондықтан субсидия және салық жеңілдіктерін беру бағдарламалары аясында ауылдық жерлердегі кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірлеу қажет», – деген болатын. Соған орай Тасқала ауданы Мерей ауылдық округінің мәдениет  үйінде аудан халқының табысын арттыру бойынша пилоттық жоба туралы жиын өтті.

Kooperasia

 

Басқосуды ашқан аудан әкімі Алдияр Халелов ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құру жайында әңгімеледі.

– Шаруа қожалықтарының дені мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, пайдасын көріп отыр. Демеуқаржы алып, мал басын көбейтуде. Ал ауыл тұрғындарына ең тиімдісі – ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құру. Одан не ұтамыз? Біріншіден, қазіргі таңда өздеріңіз көріп жүргендей, мал бағылмайды. Бағылмаған мал ұры-қарының жемтігіне айналады. Ешкім мал бағуға шыққысы келмейді. Себебі бақташының ауылдағы ағайыннан қол жайып, мал баққаны үшін ай сайынғы төлемін сұрап жүргісі жоқ. Екіншіден, малды асылдандыру мәселесі. Бұқашықтарды қосу, одан төл алу, яғни жекенің мал санының артуы басты назарда болуы керек. Жасыратыны жоқ, кейбір ауылда аналық малдың арасына табынға аталық мал қосылмайды. Сайып келгенде ірі қара мал қысыр қалып жатады. Ешқандай бағдарламаға қатыспағандарға субсидия төленбейді. Қазіргі таңда өздеріңіз білетіндей, мал азығы да қымбат. Ауласындағы бір-екі ірі қарасы барларға қиын, олар жем-шөбіне кеткен шығын ақталмайтындықтан, малын сатып жібереді. Содан кейін амал жоқ қалаға көшеді. Міне, қазіргі жағдай – осы, – деп түсіндірді А. Халелов.

Аудан әкімінің айтуынша, ауылдық жерлерде өндірістік кооперативтерін құру жобасы жасақталған. Жақында өткен жиында облыс басшысына жоба таныстырылған. Алдағы уақытта аталмыш жоба Үкіметке жіберілмек. Егер ол жақтан қолдау тапса, ауылдағы қарапайым халыққа жақсы болар еді. Қазіргі таңда қай ауылға барсаңыз да, айналасындағы жерден шауып алатын шөптің жоқтығын байқайсыз. Уақыт өте келе жер тапшылығы да одан сайын артуы мүмкін. Ал АӨК-ның тиімді жері шабындық немесе жайылымдық жер алған кезде, аукционға қатыспай-ақ қол жеткізесіз. Сондықтан арқаны кеңге салып, жайбарақат жүрудің жөні жоқ. Осы күнге дейін ауданда 14 АӨК құрылды. Тағы да екі ауыл шаруашылығы өндірістік  кооперативі  құрылмақ.

kooperasia 2

Жиын барысында ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылмауының себептері де сөз болды. Ауылдық округтің әкімі Мэлс Нәріковтің айтуынша, жергілікті жерде ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылған.

– Ауылдағылар жобаны қолдайды. Бес жылдың ішінде мемлекеттің қолдауынсыз мал өсірген уақытта небәрі 6,5 пайызға ғана мал өсімі болған. Егер мемлекеттік қолдаумен мал өсіретін болсақ, онда бұл көрсеткіш 12 пайызға артар еді. Егер АӨК құрғандар болса, олардың сұраған жерлерінің құжаттарын дайындап беруге көмектесеміз. Сол кезде ауылдың ішін мал кезіп жүрмейтін болады. Күзде жайылыстағы малды ауылға айдап келгенде союға жарайтындай күйде болмақ. Алдағы жылы бөгеттерді жаппай қайта қалпына келтіру жұмыстарына кірісеміз. Биыл су тапшылығы сезілді. Соның бәрін алдағы уақытта ауыл болып бірігіп шешуіміз керек, – дейді ауыл әкімі.

Аудан әкімі ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құру ауыл халқының басын қосатын, ұйымшылдығын арттыратын бірден-бір бағдарлама екендігін атап өтті. Егер сәтімен құрылып жатса, әрі қарай қолайлы жер алуға немесе мал басына субсидия алуға зор мүмкіндік тумақ. Ауылдағы қарапайым халық болашақта да мемлекеттің бағдарламаларына қатыспай, осылай үн-түнсіз отыра беретін болса, жағдай жақсармайды. Жаңадан құрылған ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріне қазіргі күннің өзінде сұраған жерлері берілетіні айтылды. Себебі жері болса, халыққа да еш қиындық болмайды. Мемлекеттің қолдауымен төленетін қаражатқа биылғы жылы техника алса, келер жылы шөп шабатын жабдыққа қол жеткізуге болатындығы да айтылды. Сөйтіп, үш-төрт жылда ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі өз алдына емін-еркін өмір сүре алатын күйге жетеді. Бақташылар да халықтан ақша жинамай, тұрақты түрде еңбекақысын аталмыш кооператив арқылы алып отырады.

Темірболат Әнуарұлы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 Қазихан Уәлиханұлы,

Мерей ауылының тұрғыны:

– Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құру мәселесін өз басым қолдаймын. Игі бастама. Ауыл үшін өте қажет нәрсе. Сондықтан ауылдастарымды аудан басшысының ұсынысын қолдауға шақырамын. Кезінде осындай жұмыстардың басы-қасында жүрдім. Сол кезден бастап бұның қаншалықты қажет екенін жақсы сезінемін. Ауылдағы ағайын біріксе ғана жақсы күнкөріс болатындығын айтқым келеді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале