26.11.2022, 0:10
Оқылды: 40

Көркем гимнастика үйірмесі ашылмақ

​Облысымызда балалар мен жасөспірімдерге арналған үйірменің түр түрі бар. Соның ішінде қыз балалар биге құмар келетіні сөзсіз. Бүгін Сырым ауданының орталығында әсем спорт түрлерінің бірі – көркем гимнастика үйірмесінің ашылу салтанаты өтті.
image-25-11-22-11-22-2
Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев қатысып, жас бүлдіршіндерге арналған пилоттық жоба, көркем гимнастиканың біздің ауданда ашылуы үлкен абырой екендігін айтып, болашақта жас гимнастшылар ауданның ғана емес, еліміздің туын көкке желбіретеріне сенім білдірді.
image-25-11-22-11-22-7
Шараға Ресей Федерациясының Самара облысынан «Интеллектуалдық кемістігі бар адамдардың бүкілресейлік спорт федерациясы» жалпыресейлік қоғамдық ұйымдарының өңірлік бөлімшесінің жобалық кеңсесінің басшысы Александр Некрасов, «Дипломатия спорта-дипломатия мира» жобасының президенттік гранттар қоры конкурсының жеңімпазы, Орал қаласындағы көркем гимнастика үйірмесінің жетекшісі Марина Семенова және көркем гимнастика бапкері Самира Ахмадова шәкірттерімен қатысты.
image-25-11-22-11-22-8
​Буыны қатып үлгермеген бүлдіршін қыздар замандастары алдында өнерлерін көрсетті. Ал, жаңадан жұмысын бастағалы отырған пилоттық жобаға аудан бойынша Гүлшат Нұрмұханова жетекшілік ететін болады.​
- ​Біздің жобамыздың мақсаты қалалық жерден шалғай жатқан аудандардағы жас гимнастшыларды өнерге баулып, болашақта Әлем чемпиондарын шығару. Алғаш болып Орал қаласындағы Зашаған кентінде көркем гимнастика үйірмесін ашсақ, кейіннен Сырым ауданы орталығынан ашуды ұйғардық. Жобамызға Ресей Федерациясы демеушілік жасап отыр. Ондағы мақсат екі ел арасындағы ынтамақтастықты нығайтып, тәжірибемізбен бөлісу. Жобамызда тек ресейлік гимнастшылар ғана емес, Украина, Әзірбайжан республикаларының мықты деген бапкерлері тәлімгерлік жасап жүр. Аудандарыңызға да шеберлік сағаттарын өткізуге мамандарымыз келетін болады. Болашақта осы үйірмеден әлемді мойындатар гимнастшылар шығады деген сенімдеміз, - дейді осы салада бес жылдан астам еңбек өтілі бар Марина Семенова.
Айта кетейік, демеушілер ауданымыздың жас гимнастшыларына арнайы бағалы гимнастика кілемдерін сыйға тартты.​
Ауданымыздан боз кілемдерді тоздырып талай Әлем чемпиондары шығып жатыр, сол секілді бүгінгі бүлдіршіндер де болашақта талай бағалы кілемнің шаңын шығарып, шыңға шығарына сенеміз.​
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы,
zhaikpress.kz
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале