13.05.2020, 11:12
Оқылды: 543

Қос қарлығаштың қасіреті

Маусым айының май тамған жайма-шуақ күндерінің бірі. Нұрша әжейдің жүзіне қуаныш ұялап, қария көңілі дария боп жүр. Оның қуанышына мұрындық болған бүгін студент немересі Айдардың оралуы еді. Өзін бір сәт бақытты сезініп, қалбалақтап шауып жүр. Немереcі жақсы көретіндей дәмі тіл үйіретін тәтті құрт қайнатып, қазан-ошақ басындағы басқа да ұсақ-түйек жұмыстарын ыңғайлап болғанша, күн шақырайып тас төбеге жетіп қалды.

300B8BF1-61F1-4D8E-8D56-2E185B7EA6E5

Ысып бара жатқан күннен бой тасалап, сәл демімді алайын деген оймен ауладағы көлеңкеде құрылған сәкіге отыра кетті. Бар шуағын мейірлене Жер-Анаға төккен ару Күн тіршілік атаулыны пісіріп жіберердей. Аспанда шөкімдей бір бұлт болсайшы. Ап-ашық. Маужыраған тымық күн. Биылғы жаз да аптап ыстықтан арылмай қоятын түрі бар, сірә.

Терең тыныстаған кейуана айналасына көз тігіп, тіршілік иесі біткенге барлай қарады. Тағдырдың қилы қиындықтарына шыдас берген, әжім торлаған қоңырқай тартқан жүзі күлімсірей, туғанынан бір кем санамайтын ауласындағы асыранды құс-жануарларына қарап, іші жылып, майдай еріді.

Қара тауығы мен қызыл тауығына қарады. Екі тауық айналасын қоршай шүпірлеген сүп-сүйкімді балапандарымен жайбарақат серуендеп жүр. Әрқайсысы балапандарына мұқият. Басқа ешкімді елер емес. Екі тауықтың балапандары араласып кетіп еді, қара тауық жүнін қоқырайтып, жетіп барды да, өз шөжелерін қайтарып әкелді. Маңғаздана басып, балапандарын тарыға қарай бастады.

Міне, мынау сәкінің арғы шетінде қапырық ыстықтан қашып, пырылды соғып жатқан мысығы Вискас. Бір құлағы өткен қыстың сақылдаған сары аяз түнінде сыртта қалып қойып, үсіп кеткен. Үсік шалған құлағының ұшы сынып кетсе керек. Ой, ұйқының тәттісін-ай! Бәрін ысыра сап ұйықтап, тынығып алар ма еді Вискас құсап. Әй, бірақ, жасым жетпістің бесеуіне келсе де, ондай әдетімде болмапты. Оның үстіне Айдарым келе жатыр. Одан да жыбырлап тірлігімді істегенім ләзім. Айтпақшы, Вискас деп мысығына ат беріп жүрген немересі Айдар ғой. Сол бір сәтті есіне алып, көз алдынан кинофильм лентасындай зырлап өте берді.

Екі жыл бұрын ғой.

- Әже-ау! - деп, Айдар үйге жүгіріп кірген. Қолында кіп-кішкене мысықтың баласы, жаурап қалған көрінеді.

- Әже деймін, міне, қарашы менің не әкелгенімді.

- Ойбай-ау, мұның не? Қайдан алып жүрсің?

- Сен үйде тышқан бар сияқты, мысық болса ғой, тырп еткізбей, сазайын тартқызар еді демеп пе едің? Әлидің үйінің мысығы балалаған екен. Сабақта «кімге бала мысық керек» деп сұрады. Үш бала барып, бір-бір мішәйдан алдық.

- Қой, қайтесің апарып таста. Мынауың өзі тышқандай-ақ, бұл тышқан аулап, менің көсегемді көгертпес.

- Түу, әже, қалдырайықшы үйге. Өседі әлі-ақ.

- Еркек мысық па өзі?

- Әрине. Өзім бағып-баптаймын, өсірем. Сосын тышқан ұстағанның көкесін танытады. Атын да ойластырып қойғам.

- Әй, жарайды онда. Қалса қалсын.

Әжелі-немерелі екеуі шаңырақтарына жаңадан қосылған бала мысыққа сүт беріп, орын дайындап, бәйек болды.

- Балам-ау, енді мұның атын қалай қоймақшысың?

- «Вискас», әже!

- Не дейді, құдай-ау? Қандай қиын ат еді.

- Түк те қиыны жоқ, әже. В-и-с-к-а-с.

- Бес кісі? Апырмау, мысыққа сондай да ат бере ме екен?

- Қайдағы бес кісі? Вискас деп отырмын ғой.

- Енді айтып тұрмын ғой Бес кісі деп.

- Әжетайым-ау, мейлі сен үшін Бес кісі-ақ болсын!

«Ұра берсең, құдай да өледі» дегендей, айта-айта, тілін сындырып, «Вискас» деп дұрыс айтуға үйреніп еді-ау.

Ой, айналайын-ай! Бүгін Айдарым бірінші курсын кілең бестікпен тәмамдап, ауылға келмекші. Өзінің айтуынша, болашақ мұнайшы. Жаным сол. Оның бір мұнай мекемесінің бастығы болғанын көрер жарық күнге жетер ме екем?

Қораға қарай жүрер жолдағы үйшігінің алдында байлаулы жатқан Собалаққа қарады. Кішкентай күнінде жүндері жалбырап, собалақ-собалақ болған соң, Собалақ атап жүргенбіз. Өсе келе бір мықты ат қоярмыз деп ойлағанбыз. Алайда, мысықтың атын қоюды қатырғанымызбен, күшікке жаңа ат қою жайына қалып, Собалақ аталып кеткен жайы бар. Өзі ит болып үрмейді де. Әйел адамдарға ғана үргенсымақ болады. Ер адам келе қалса, үйшікке тығылып қана жатады. Нұрша әже балапандарын жеп қояр деп сонда да байлап қойған. Әрі Вискасқа да күн бермейді. Қасына Нұрша жақындаса арсалаңдап, қуанып кетеді.

Бір кезде шырылдап, балапандарына тамақ тасып, олар үшін жаны шығып жүрген қос қарлығашқа көзі түсті. Не деген әдемі құстар еді. Өзі кіп-кішкене. Бауыры аппақ. Құйрығы аша сияқты екіге айрылған. Жемсауынан басқа жері қап-қара. Қап-қара болғанда да, жылтыр қара. Оларды көріп, сүйсіне бере, денесі мұздап қоя берді. Көңілі елегізіп, дегбірі қашты. Былтыр талмай-тапжылмай, ұясын тезек қораға кіреберістегі төбенің бұрышына салған. Сол тезек қораның сынық терезесін қарлығаштар кіріп-шығатын саңылау ғой деп немересі Айдарға көздетпей қойған. Қарлығаштардың бір-біріне деген адалдығын, балапандарына деген шексіз мейірімін көріп, «Е, Алла, менің жалғыз ұлым мен келінім сол қасиеттерді бағалай білмеді-ау» деп жанға батардай ауыр күрсінді. Іштей «қос қарлығаш – келін-балам, балапандары – немерем» деп, қиялдап, олардың осындай бақытты шақтары қайта оралатындай, кейуана көңілі өзін-өзі алдап жүретұғын. Манадан бергі қуаныштың, жадыраған кәрі жүзінің табы да қалмады. Қарт ана жүрегі қарс айрылды. Немерем келерде көңілімді бұзбайын әрі оған да ауыр тиеді ғой деп жанын ауыртқан жараның аузын тырналағысы келмеді. Ойын басқа бір нәрсеге аударып, өз көңілін аулағысы келді. Жан жарасын ұмыту қашан оңай болып еді, өзін торлаған ойдың шырмауынан шыға алмай отырғанда көршінің үйіне келіп тоқтаған мәшиненің дүрілдеген даусы естілді. Мазалаған ойлары әп-сәтте ұмытылып, алып-ұшып, қарт ана солай қарай тұра жүгірді. Өйткені Айдар кеше телефонмен сөйлескенде көрші Берік ағасымен келетінін айтқан. Асып-сасып, кемпір жарық дүниедегі жалғыз қуанышын көруге асықты.

Ақ түсті «Фольксваген-Пассат» көлігінен көгілдір түсті футболка, тізесінен екі-үш елі-ақ асатын джинсы, аяғының башпайларын жылтыңдатып сандал киген, бойшаң, қоңырқай жүзі ашаң тартып, күнге күйіп үлгірмеген, өзіне жарастырып қырқылған кекілі бар, желке шашын ұзындау ғып өсірген, күннен қорғайтын көзәйнегін құлағына іліп, маңдайына қойған бозбала түсті. Айдар деген Нұршаның күте-күте екі көзі төрт болған немересі бұл.

- Сәлеметсіз бе, Нұрша апа! Айдар келіп, бізге тіпті мойыныңызды бұрмадыңыз ғой.

- Амансың ба, Берік балам. Қайтейін, осыдан басқа кімім бар еді менің. Келші, құлыным! -  деп құшағын кең етіп жайды.  

- Әжетайым! - деп, әжесінің айқара ашқан құшағына қойып кетті.

- Жарығым, балапаным!

Немересін құшып, маңдайынан сүйіп, сағынып қалған иісін құшырлана иіскеп, рақаттанған әженің көзінен моншақ жас домалай берді. Кәрі жүрегі елжіреп, майдай ери берді.

Бірін-бірі сағынысқан екі дәуірдің өкілі көршілеріне алғыс айтып, құшақтасқан күйі үйге беттеді.

Қуанышы қойнына сыймай, балаша жүгіріп жүрген Нұрша бар тәттісін тосып, немересіне деп сақтап қойған сыбағасымен шай демдеп жіберді. Шәугімін көтеріп әкеліп, күрең шайды шүпілдетіп құйды.

Әжесінің кіршіксіз көңілі, шексіз сүйіспеншілігіне Айдар да марқайып, әке-шешенің жоқтығын сезбейтіндей. Бір-біріне деген мауқын басып, әжелі-немерелі екеуі әңгімеге көшті.

- Сабағың қалай, балам, қиналып жүрген жоқсың ба? Өңің де аппақ  боп кеткен бе?

- Жоқ, әжетай, үлгерімім өте жақсы, өз тобымның алдыңғы қатарлы студенттерінің бірімін. Сендей әжесі бар менің қалайша сабағым жаман болуға тиіс? Аппақ болуымның себебі қалада ауылдағыдай күн көзіне күйіп кетпейсің ғой. Өзің қалайсың, әже, денсаулығың сыр беріп жүрген жоқ па?- деп Айдар жастыққа ыңғайлана жантайып жатып, әжесінің күрең шайынан тамсана ұрттап, қойылған дәмнен кезекпе-кезек алып, тамақтануға кірісті.

- Сен үшін ауырмауға тырысам. Көрші Берік ағаң отын-суыма, мал қарасуға көмектеседі. Өзі бетінен иманы тамған жігіт. Айналайын-ай, тек осы күнге дейін оған бір шүйкебестың бұйырмай жүргені болмаса.

Айдар іштей есептеді де:

- Иә, Берік ағамның жасы отыздың бесеуіне келіп қапты ғой.

- Кеше Берікке сен келетін болғасын, бір марқаны сойғызып қойғам. Сен шайыңды ішіп алып, кішкене демалып ал.  Мен қазан көтеріп, көршілерді шақырайын,- деді қолын созып, немересінің басынан аялай сипап.

Оны-мұны әңгімелей отырып, Нұрша мен Айдар шайларын ішіп болып, ас қайырды.

Айдар сыртқа шықты. Кеудесін кере кең тыныстап, сағынып қалған туған жердің ыстық ауасын саф самалдай көріп, құшырлана иіскеп, рақаттана жұтты. Содан өзі бір қуат алғандай сезінді. Туған жеріне, туған үйіне жеткеніне қуанып, айқайлап алғысы келді. Өзіне бала күнінен таныс, жүрегіне жылы тиетін тірлікке сүйсінді. Аулада «қыт-қытқа» басқан қара тауығы мен қызыл тауығы «келдің бе?» дегендей, «қыт-қыттарын» үдете түсті. Қайдан келгені белгісіз манадан бері көзіне шалынбаған Вискас та келіп, Айдардың аяғына денесін жанай, майысып, маңғазданып, сағынғанын білдіргендей көрінді.  Собалақ та, «мені де ұмытпа» дегендей, қарғыбауын үзердей секіре ұмтылып, босай алмағасын еркелей қыңсылады. Айдар онысын түсінгендей итіне жақындай түсіп:

- Собалақ, қалайсың? Әжем сені байлап қойыпты ғой.  Немене тентек болдың ба? Ондайың жоқ еді ғой,- деп Собалақтың мойнынан құшақтап, жалбыраған жүндерін сипады.

Құлағына өзіне таныс қарлығаштардың үні келді. Солар ма? Биыл да келген екен ғой. Қораға қарай жалғанған электр сымының үстінде шықылықтап, бақытты әнге салған қарлығаштарды көріп қуанып кетті. «Жандарым-ау, сендер де мені танып, келгеніме қуанып тұрсыңдар ма?»

- Қандай ақылды да, әдемі, бауырмал, мейірімді құс едіңдер? Қане, балапандарыңды көрсем бола ма?- деп тезек қораға кірді. Қорада ортасынан сәл аздау отын жиналып тұр екен. «Әжем отынды менсіз  бастап кіргізіп қойған ба?» Оң жақ бұрыштағы қарлығаштың ұясына мойнын соза қарап, шиқылдап, аузындарын ашып, бастарын созған сары ауыз балапандарға:

- Сүйкімділерін-ай!- деп таңдана сүйсінді. – Тіпә-тіпә! Тіл-көзден сақтасын,- деп кейін шықты. Айдардың қарлығаштарға деген ерекше ықыласы анасының айтып берген «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деген қазақ халық ертегісінен бастау алса, әжесі әңгімелеген Қарлығаш би туралы аңыз арттыра түскен еді.

Әжесі артынан қарайлап жүрген болуы керек. Бері қарай келе жатыр екен.

- Айдар, киіміңді бүлдірдің ғой. Үстіңдегі киіміңмен қораға кірмесеңші.

- Әже, қарлығаштар биыл да келіпті ғой. Көргенде қуанып кеттім. Шыдай алмай, балапандарын қарап жатырмын.

- Сен де оларды күттің бе? Сен де сол қарлығаштарды жақсы көресің бе, жаным?

-Иә, әже, олар маған өте ыстық.

Нұрша немересін бауырына басып, көзіне іркіліп қалған жасты көрсетпеуге тырысты. Бірін-бірі үнсіз түсіністі... Әрі қарай ләм-мим деспеді. Айдар әжесінің иығынан құшақтап, үйге бет алды.

Бесіндіден аса бере, Нұрша етін қазаннан түсіріп, нанын салып алды. Қасында көрші Жанаргүл деген келіншек  бар. Өзі ай жүзді ару. Балғын келіншек. Толған. Толықсыған. Бар нәрі бойында. Бар сезімі әлпетінде. Көмектесейін деп әдейі басқа қонақтардан ертерек келген. Ауылдың бір жақсысы осы ғой. Үлкен-кіші демей, көмектесуге кірісіп кетеді. Асар десе алдарына жан салмайды. Басқа қонақтар – Айғали атай, Бәтима әжей, Берік ағасы, оның аға-жеңгесі  Серік пен Нұргүл жиналып қалды. Айдар қонақтарға көрпе төсеп, шынтақтарына бір-бір жастықтан берді. Оны көрген оң жақ көрші жеңгесі Жанаргүл іліп әкетіп:

- Осы үйге келін әкелсең, көрпе-жастықты төсеп жүрмес едің. Біз де званиеміз жоғарылап шыға келер едік,- деді сыңғырлай күліп. Айдар үлкендердің көзінше бірдеңе деуге қысылып, жымиып күлуден басқа амалы болмады.

- Әй, жігітім, өтірік ұялғансыма. Аһ, бір сұлу жоқ деймісің жүрегіңді жаулаған. Әжеңді өлтіремісің?

Сөзге Нұргүл араласып:

- Кім екенін намекать етіп жіберсең болды. Қаланың қыздарын қой, өзіміздің ауылда да үріп ауызға салғандай, керемет қыздар жетеді. Өзім-ақ керек десең басын айналдырып-айналдырып, басына ақ орамал жауып, осы араға әкеп берем,- деп бейне сиқыршыдай қолдарын олай-бұлай ербеңдетіп, қасында жатқан сүлгіні желпілдетті.

Айдар байғұс одан сайын ұялды. Қап, қара басып, аузына да ойнап жауап қайтара салуға сөз түсер емес, мылқау болды да қалды.

- Әй, жеңешелерім-ау, Айдарды қайтесіңдер, ондай қасиеттерің болса, алдында біз бармыз ғой, тегі. Бәсе, сендердей жеңгелерім тұрғанда,  бойдақтықтан құтылар күн алыс емес екен-ау,- деп Берік отырғандарды ду күлдірді. Айдар да мәз, өзін ыңғайсыз жағдайдан құтқарған Берік ағасына риза.

Айдар қонақтардың қолына су құйып, бата-алғысқа кенелді.

Жерге төселген дастарқанға буы бұрқырап, иісі мұрынды жарған ет келді. Кеңдігі қазақтың пейіліндей үлкен табақта соғымнан қалған сиырдың сүр жамбасы, үш елідей майы шылқыған жылқының қазысы, қойдың басы, жағы, жамбасы, жілік, төс бар екен. Астында жайма наны. Бас Айғали атайға ұсынылды. Қойдың бір құлағын кесіп, Айдарға берді. Екінші құлағын Нұргүлге, таңдайды таңдайың әрдайым тақылдап тұрсын деп Жанаргүлге, Тілдің ұшын кесіп қыздардың алдында сөзуар бол деп Берікке, Айдарға көз бол деп Нұршаға көз берді. Бәтима әжейге жілік, Серікке жамбас, Берікке төс бұйырды. Ет туралып, сүйек мүжіліп болған соң, Нұрша бастап ас алған соң, қонақтар «ет дегенде бет бар ма» десіп, ет жеуге кірісті.  Дастарқанды жағалай отырған кісілер ет жеп бола бергенде, Нұрша болмай, асатар алғызды. Ет желініп болған соң Жанаргүл сорпа әкелді.  Сары сорпадан отырғандар бір-бір тостағаннан ішті. Дәмді еттен көбірек алып қойғасын болар, одан артық ішуге ешкім батпады. Айғали қарияның жасаған дастарқан батасынан кейін ас қайырылып, Жанаргүл ас табақты алып кетті. Нұргүл дастарқанды жинап алды. Айдар өзінің әдетінен жаңылмай, қонақтарға жағалай қолдарына су құйып шықты. Тағы да жаудырылған алғыстың астында қалды. Оған Айдар кәдімгідей марқайып, көңілі өсті.

Жанаргүл мен Нұргүл күле сөйлесіп жүріп, тәтті-мәттімен  шай әзірледі. Үлкендер, ер адамдар жағы да қызу әңгімеге кірісіпті. Шай да әсерлі әңгімемен,  қонақтардың жас ерекшелігіне қарамастан, әдемі әзілмен ішілді. Айдардың құрметіне бас қосқан көрші-көлем әбден шер тарқатысып, думан жасап, ду-ду күлісіп отырғанда, қараңғы түсіп кеткенін байқамапты да.

Терезенің жабынынан күлімдеп шапағын шашқан күн сығалап тұр екен. Таңғы шапақ жанын жадыратып, Айдардың бетін күн сүйіп,  ұйқысынан оятты. Айдар қасындағы қалтафонын алып, сағатын қараса, сегізден асып барады. Әжесі бұл уақытта қойларын кезекке қосып, екі сиырын сауып, өріске айдап, сүтін тартып болып жататын кезі болуы керек. Қап, телефонымды оятқышқа қойып, әжеме сиыр сауысқанымда ғой. Түнімен агент арқылы достарымен хабарласып жатып ұйықтап қатып-семіп қалғаннан оянғаны осы. Әжесі сүт мәшинесін тартатын шоланнан  шығып үлгергенше, шай қойып қойды. Арт жаққа барып келіп, жуынып-шайынды. Баласын көріп Нұрша:

- Тұрып кеттің бе, балам. Кішкене ұйықтасаң қайтеді. Сабаққа үнемі ерте тұрып ұйқың қанбай жүр-ау.

- Түк те етпейді, әже. Қайта жайырақ тұрғаным осы. Үйреншікті уақытымнан артық ұйықтай алмайтынымды ұмытып қалғансың ба? Қартаяйын дегенсің-ау, әжетайым,- сөзінің соңын әзілге айналдырды.

Таңертеңгі әндерін шырқаған қарлығаштардың бақытты үні тағы да дүниені шаттыққа бөлегендей естілді. Айдар балапандарына таңғы ас тасып жүрген бақытты ақ бауыр құстарға қарады.  

- Әже, бүгін тым бақытты сияқты ғой өздері,- деп қарлығаштарды иегімен нұсқады. Қалай-қалай шырқайды. Жанға жағымды дауыстарын айтсаңшы.

- Тәуба. Тіпә-тіпә, түкіріп қой, Айдар.

- Тіпә-тіпә.

- Жүр, балам, шай ішейік. Күн ысып кетпей, шаруаларымызды тындырып алайық.

Шайдан соң Айдар бұзауларды суарып, жайылымға айдады. Ауыл іргесіндегі бұзаулар өрісіне дейін белсебетімен барды. Иісі мұрыныңды жарып, сарайыңды ашар жусан, қалы кілемдей жерге тегіс біткен көк майса туған жердің дархан даласын жайната түсіп, әсемдікті еселеп тұр. Дала деген, шіркін, рахат қой! Бойыңа қуат, ойыңа қанат бітіреді. Аспанмен ұштасып жатқан көкжиек сағымданып, алыс арманға жетелейді. Ауасының тазалығы тіптен бөлек. Бала күніндегідей аунап-қунап алғысы келді. Бірақ әрігіректе жүрген өзі сияқты бұзау айдаған кісілерден қысылды. Әттең, ақын болып жаралмағаны-ай! Мына сайын далаға қарап тұрып салмақты ойлар мен ғажап теңеулер тауып, өлеңді төгіп-төгіп жіберер еді. Қазақ қандай дана, ақылгөй халық. «Ер туған жеріне» деп қалай дәл тауып айтты екен, ә? Шеті мен шегі жоқ шежіре тұнған даланы қимай-қимай, белсебетінің педалін еріне айналдырып, Айдар ауылға қарай қайтты.

Ауланы жинастырып, тырмалап, қоқыстарды өртеді. Су тасыды. Көрші Берік ағасы көмектесті дегенмен де үйде бәрібір азамат жоқтығы көрініп-ақ тұр. Шарбақтың құлаған, сынған жерлерін түзеп, қалпына келтірді.

Әжесі қазанға  көже пісірді. Өзі даладан теріп әкеп, жуып, кептіріп қойған құртқашаш деген шөпті шоқаяқтағы шоқтың үстіне салды. Ол бықсып жана бастағанда, көже құйып жүрген ағаш бөшкені майлады да, төңкеріп шоқтың үстіне қойды. Осылайша, көженің ыдысын ыстап алды. Қазандағы көжені суытып, ысталған бөшкеге қотарды. Ыстың дәмі шығатын тіл үйірер көжені ұлы Асқар жақсы көретұғын. Енді Айдар  да тамсанып, рахаттанып тұрып ішеді.

Күйбеңі көп күйкі тірлікпен айналысқан Нұрша мен Айдар бір мезетте сүйіктілеріне айналған қос қарлығаштың жанұшырып, қинала шырылдаған дауыстарын естіді. Не боп қалды екен деп үрейленген екеуінің денелері түршігіп кетті. Жандары ашып, шыдай алмай қараса, ақ бауыр, айыр құйрық құстары ерсілі-қарсылы ұшып, жанталасып жүр. Біреуі терезенің сынық көзінен кіріп-шығып шырылдап жүргенде, сынық әйнек тамағынан бауырына дейін сойып кетті.

         - Сірә, тегін емес, Айдар. Тез қарасаңшы!

Айдар қолындағы саймандарын тастай салып, құстар ұя салған тезек қораға шапты. Кемпір қалбалақтап, тұла бойы дірілдеп, немересінің артынан жүгірді. Қараса, бір балапан жерге құлап түскен! Қасында екі-үш қарға. Жаңағы әйнек аппақ бауырын сойып кетіп, қып-қызыл қанға боялған қарлығаш сонда да балапанын қорғау үшін аянар емес. Алдын кес-кестеп, балапанының қарғаның жемтігіне айналмауына өзінше әрекет қылуда. Қалт кетсе, қарғалардың біреуі балапанды жұта салмақ. Қарғаларға қаны қайнап, түтігіп кеткен Айдар:

- Қақбасқа бір тартып, қылжита салайын ба?- деп, төне беріп еді, әжесі «қой-қойлап» безектеді.

Жалмаңдаған ашкөз қарғаларды Нұрша үркітіп қуды. Олар да қар-қар етіп, әзір астан оңай айрылып қалғысы келмейді. Терезенің сынығынан оп-оңай кірген қарғалар ашық тұрған есіктен әрең дегенде шықты-ау. Айдар болса, әлсіреп қалған балапанды қос алақанымен көтеріп алды. Әжесі жүгіріп орындық әкелді. Айдар балапанды жарақаты байқалмаған соң ұясына салып қойды.

-Астапыралла, мына терезенің сынығынан жемтік іздеген жауыз қарға қалайша сыйды екен? Сынық әйнектен аман өтуін қарай гөр. Күнде кіріп-шығып жүрген мына байғұсты қалайша сойып өтті екен? Балапанының өмірі қыл үстінде тұрғанда, сірә, не істерін білмей, қиналғаннан есінен адаса жаздаған ғой.

- Әже, аман қалар ма екен? Балапаны не істер екен? Екеуі де өліп қалса ше?- деді Айдар аласұрған көңілі беймаза боп.

- Қой, балам, олай деме. Жақсылыққа жориық. Олардың тілеуін тілеуден басқа не істей аламыз?

Ұясына қонған жаралы қарлығаш жанын қоярға жер таппады ма, әлде, тепе-теңдігінен айрылды ма, жалп етіп құлап түсті.  Тыпырлап,  жаны қиналып жатыр. Жан дәрмені қалмады. Ұшқысы, қанатын қаққысы-ақ келеді. Алайда оған дәрменсіз.

- Әже, көтеріп салайын ба ұясына? Ұша алмай тұр ғой.

- Жоқ, балам, адамның алақаны улы болады. Өзі жаралы құстың өмірінің тез қиылуына сеп болуы мүмкін. Қозғамағаның дұрыс.

Екінші сыңары жаны ашып, дегбірі қашты. Қасында шыр айналып, шықылықтап жүр. Сыңарын өлімге қиғысы келмейді. Байыз табар емес ол да. Жаралы қарлығаш қанатын қағып қалуға жанталасуда. Қанатын құлаштай сермеп, көк әлемінде қалқып ұшқан сәттері келмеске кеткеніне сенгісі келмейді. Бар күшін жинап, үһ, қанатын қағып, көтерілді-ау. Қанатын қаға бере, тағы да құлады. Өлер алдында балапандарын көріп, иіскеп кеткісі келетіндей. Солардың қасына жетіп, содан кейін жантәсілім еткісі келеді. Жата берсе, өмірінің санаулы сәттері ғана қалды. Тағы да бір әл-дәрменін жинап, ұясына қарай жоғары ұша түсті.

- Е, Алла, бір өзің байғұсты қолдай гөр!

- Иә, Сәт!

- Жетті!

- Алақай!

Кемпір мен бозбала қарлығаш үшін жүректері жарыла қуанды.

Ұясына көтерілген жаралы қарлығаш балапандарының қасында мауқын басып, өмірімен қош айтысты. Оның жансыз денесі жерге сылқ етіп құлады. Адал сыңары шыр айналып, қайғыруда. Шырылынан қайғының үні естіліп, қанатын толассыз қағып, тыншыр емес. Онымен бірге Нұрша мен Айдардың да жүректері ауырып, бастарына зіл батпандай қайғы түскендей күйде болды.  

Нұршаның көңіліне қаяу түсіп, санасын мұң торлап, ұлы мен келінінің қайғысы жүрегін тырнады. Жан жарасына тұз сепкендей күйде болды. Біреу жүрегін пәрша-пәршасын шығарып, тілгілеп тастаған сияқты. Бүкіл әлемге айқайлап, өкіріп жылағысы келді. Қатты қиналды. Кәрі жүрегі қалайша осынша қайғыны көтеріп жүр екен?

Кейуананың қайғысын оқырмандармен бөлісер кез де келген сияқты. Сол қайғылы күндер  көз алдына елестеді.

* * *

Нұрша он сегіз жасында өзінен он бес жас үлкен, Ұлы Отан соғысынан жараланып қайтқан Ақылбай деген кісіге тұрмысқа шықты. Бірнеше жыл бала сүйе алмай жүрді. Жалбарынған тілектері тәңірдің құлағына жетті-ау ақыры. Нұрша тоғыз ай көтерген ұлын да дүниеге әкелді. «Асқар» деп атап, өздерінің бақыттарының асқар шыңына балады. Көп ұзамай, соғыстан алған жарақаты меңдеп, Ақылбай дүниеден озды. Жастайынан жесір қалса да ерге шықпай, Асқарын жалғыз өзі ешкімнен кем қылмай өсіріп, өмір бойы қайтыс болған күйеуіне адал боп келді. Кеңес үкіметінің талабы қатты жұмысына да үлгерді. Асқары ер жетіп, агрономдық жоғары білім алды. Келін алып, немере сүйсем деген арманы ғана болды. Бір күні ұлы да үйленетінін айтты.

- Апа, мен үйленсем қайтеді?

- Қайтедің не? Үйленуге тиіссің. Жасың келіп қалды.

- Кімге деп сұрамайсың ба?

- Иә, кімге?

- Балеркеге.

- Ол әлгі ауылға жолдамамен жұмысқа келген медсестра қыз ба?

- Иә, дәл өзі.

- Ол қалада өскен қыз, саған жарар ма екен?

- Апа, ол – жетім. Детдомда өскен. Көп қиындықтарды басынан кешірген. Оңы мен солын біледі. Өмірдің ақ-қарасын айыратын жан.

- Ә-ә, солай ма? Өз жарыңды мен емес, өзің таңдауың керек қой. Таңдағаным сол Балерке десең, батамды бердім. Сен де, ол да жетімдік көргенсіңдер. Бір-біріңді жақсы түсінісіп кетерсіңдер.

Сөйтіп, Балерке бір күні осы үйдің табалдырығын аттады. Тоғыз ай, тоғыз күнде толғатып, торсықтай ұлды жарыққа әкелді. Немересі Айдардың қылығы күн өткен сайын тәтті боп барады. Бәрі Нұршаның армандағанындай өтіп жатқан. Бір «әттең-айы» Асқар неге екені белгісіз, өте қызғаншақ болды. Кім көрінгеннен Балеркені қызғанып, бәле салатынды шығарды.

Бір күні Нұршаның құлағына ауыл арасында тараған «Балеркенің жұмысына бір еркек қайта-қайта келгіштеп жүр екен» деген қауесет тиеді. Келінін жамандыққа қимаған Нұрша «қой, олай болуы мүмкін емес, мұндайды естірткенше, құдайым неге керең ғып қоймады?» деп естіген сөзіне сенбеді. Бірақ өсек тыйылар емес. Қаймақ ерін әйелдер сөзді өршітіп, үйді-үйге сып-сып жүгіртті. Сөйтіп, ол алып-қашпа әңгіме бір күні Асқардың да құлағына жетпей ме? Сол күні үйге ашудан ақылынан адасып, арыстандай ақырып келген:

- Балерке, қайдасың? Сенен ондайды күтпегем. Енді маған жасаған опасыздығың үшін мен сені өз қолыммен өлтірем.

-Асқар, не болды? Жай емессің ғой, балам?

Асқар ештеңе естір емес, көрер емес. Көзі қанталап, шатыраштанып кеткен.

- Балерке, шық бері! Жаныңды жаһаннамға жіберем!

- Қой, балам, оның не? Айқайлама, елден ұят емес пе?

- Апа, маған Балерке сатқындық жасады! Оның көңілдесі бар екен!- деп өкіріп қоя берді.

- Оны қайдан білдің?

- Зоотехник Мүсілім айтты. Мені табалап, келемеждеді, апа! Не істеймін, апа? Балеркеден қатты көңілім қалды.

- Балам, көре алмаған жұрт не демейді. Желөкпе сөзге сену - аса үлкен ағаттық. Балерке жұмыста, келуіне әлі екі сағаттай бар. Жұмыс уақыты аяқталған жоқ қой. Босқа балаңды қорқытпа. Құр айқайлама. Анық-қанығына жет. Балеркемен сөйлес. Бірақ Балеркеден ондайдың шығуы мүмкін емес. Мен келініме ондай тәрбие берген жоқпын.

Анасының сөзіне құлақ түрген Асқар сәл басылғандай болды. Асқар істің ақ-қарасын ашып алмаққа Балеркеге медпунктке бет алды. Ойы аласапыран. Жан дүниесі алай-дүлей. Сүйген жарының мұндай қиянат жасағанына сенгісі де келмейді. Бірақ жел болмаса, шөптің басы қимылдаушы ма еді? Аптығын басып, Балеркемен ашық сөйлеспекші. Медпунктке жете бергенде, есік алдына бір мәшине тоқтады. Ішінен бір ер адам түсіп, ішке кіріп кетті. Ауылдың кісісі емес. Бөтен. Демек, Балеркенің көңілдесі осы болды ғой. Аһ, оңбаған! Менен аяушылық күтпе!

Асқар ішке кірмей, сыртта тұрып қалды. Жүгіріп, терезеге барды. Балерке отыратын бөлменің терезесінен қарады. Әлгі еркек Балеркені құшақтап тұр екен. Асқар жынданып кеткеннен кем болмады.

- Өлтірем! Екеуіңді де өлтірем! Сен қатынды аямаймын! Мені таптадың! Көрсетем!- деп Асқар үйден пышақ әкелмекке бекінді. Бар ойы әлгі еркек пен Балеркені өлтіру ғана. Асқар сүрініп-қабынғанына қарамастан, бар жылдамдығымен жүгірді. Үйге келе сала, ас бөлмедегі суырмадан кеше ғана жүзі қайралған, жалт-жұлт еткен пышақты алды.

Нұрша болса, Асқарға басу айтып әлек. Алайда баласы бір жамандықтың куәсі боп келгенін іші сезіп тұр.

- Қой, балам! Ашуыңды бас!-деп, ақырып қалды.

- Жоқ, апа, мен оның қасындағы еркекті көрдім терезеден! Екеуі құшақтасып тұр! Екеуін де өлтірем. Қара да тұр. Аямаймын! Қандарын судай ағызам!

- Не дейді, құдай-ау? Құшақтасып тұрғаны несі? Сонда елдің өсегі рас болғаны ма? Масқара болдық-ау!-деп есінен танып, бетін шымшыды. Тез есін жиды. – Қой, балам, кісі өлімін мойныңа жүктемекшісің бе?

Осы сәтте Балерке мен әлгі ер адам да мәшинемен зырлап жетіп келген еді. Оларға үйге кіре бере, айқай-шуды естіп, үрейленіп кетті. Ер адам тосылып қалды. Не кірерін, не кірмесін білмеді. Аяқ-қолы дірілдеп, ойы сан-саққа жүгірген Балерке не жағдай екенін білмекке  асықты. Аяғын тез-тез басып, ішке еніп кетті.

Үй-ішіндегі көрініс Балеркенің зәресін алды. Енесі күйеуінің қолындағы тас қып ұстап алған пышақты алмақ боп әлек. Ал Асқар... құтырған бұқадан бір кем емес. Ашуға булыққан жүзі құп-қу боп кеткен. Түтігіп, ашуы бетіне шыққан. Көзі жылағаннан ба, әлде, ызадан ба, қып-қызыл. Айқайлап, былапыт сөздер айтып, біреуді балағаттайды. Тосын жаңалығымен отбасымен, жылы ұясымен бөліспекке келген Балерке түк түсінсе бұйырмасын! Үйдің іші астан-кестен. Жердегі шашылған заттардың бәрін Асқардың ашуланып быт-шытын шығарғанын Балерке айтпай-ақ ұқты.

- Апа, не болды? Асқар қойсаңшы, мынауың не? Неге сонша ашулысың? Неге долданасың? Айдардың зәресін алдың ғой.

Айдар келесі бөлменің босағасында бақырып жылап тұр.  Балерке шыдай алмай көтеріп алды.

- Таста баланы! Саусағыңның ұшын тигізбе, салдақы! Кет үйден! Әйтпесе өлтірем сен қатынды!

- Асқар, балам, садағаң кетейін, қоя қойшы. Бір ашуыңды берші. Ашу бар жерден ақыл қашады. Дұрыстап сөйлесіңдерші. Отбасыңның ойранын шығармақсың ба? Сенің қасыңда мен өмір бойы жүрмеймін ғой. Әйелің мен балаң сенің болашағың ғой, неге түсінбейсің?! Қой дедім ғой! - деп Нұрша Балеркеге төне берген Асқарға араша түспекке ұмтылды.

- Кет былай, апа! Әйтпесе, сен де жазым боларсың! - деп, итеріп жіберді.

- Асқар, не болғанын айтсайшы енді, зірк-зірк етпей? Өлтірсең де, айтып өлтір!

- Сен сияқты салдақының керегі жоқ маған! Көзіңді біржола құртып тынам! Кегімді қайтарам. Әлгі еркегіңді де жоям! Оңбаған қатын! Қылығыңды кешірмеймін! Өлтірем!- деп, Балеркенің қолындағы баланы жұлып алып, әжесіне лақтырды да... жалақтаған пышақты Балеркенің кеудесіне сұғып-сұғып жіберді.

- Ы-ыһ!- деуге ғана шамасы келді Балеркенің. Бәрін көзімен көріп тұрған Нұрша еңіреп қоя берді. Жүгіріп келінін басынан құшақтап, бетінен аялай сипады. Жер-жаһанды түршіктіріп, айқайлап, даауыс салып жылады. Естіген жанның сай-сүйегі сырқырайды. Асқар да есін енді ғана жинады. Баласы да бақырып жылап жатыр. Асқар өзінің не істегенін көріп, есінен танып қатты да қалды. Жайлап жақындап, Балеркенің мойнын басып, тынысын байқады. Ешқандай тыныстың белгісі жоқ. Мұрынына саусағын тақап көрді. Дем алмайды!.. Балеркенің қолынан ұстады. Әлі суып үлгірмеген екен.  Алақанымен бетін сипап, көзін жапты. Өмірдегі адал серігін, жазықсыз жанның өмірін қиғанын енді түсініп, өкіріп қоя берді. Екі қолымен басын соққылап, екі аяғымен жерді тепкілеп  еңкілдей берді, еңкілдей берді...

Міне, осындай қайғылы сурет Нұршаның көз алдында әлі сақтаулы. Қос қарлығашының бақыты сол күні бітті. Мәңгілікке... Асқардың одан кейінгі жағдайы не болғаны түсінікті ғой. Түрменің түбінен бір-ақ шықты. Ар азабы қинады ма, әлде, сүйгенін қолдап өлтіргені өмір сүруге мүмкіндік бермеді ме, бір күні түрмеден Асқардың өз-өзіне қол жұмсап өлгені туралы хабар келді. Асқардың сүйегін Берік алып келді. Сөйтіп, ұлын да қара жердің қойнына тапсырды. Содан Нұршаның өмірге деген құлшынысы да бала-келінімен бірге жерленді. Жынданып кететін шығармын деп ойлаған. Алайда, артындағы жалғыз ұрпағы үшін қайтадан сілкініс жасап, өмір сүруге тура келді. Одан кейінгісі белгілі.

Айтпақшы, Балеркенің жұмысына келгіштеп жүрген еркек оның туған ағасы боп шықты. Ата-анасы қайтыс болып, ағасы мен Балерке балалар үйіне тапсырылғаннан кейін екеуі бір-бірінен ажырап қалады. Балерке тым кішкентай болғандықтан, есін білмейді екен. Одан бес жас үлкен ағасы ержетіп, аяққа тұрып, үйлі-баранды болғаннан кейін қарындасын іздеумен келеді екен. Жұмысқа келгіштеп, үйіне келмей жүрген себебі Балерке ағасын үй-іші қалай қабылдар екен деп жүрексініпті. Үйіне кенеттен табылған ағасын әкелуге бата алмаса керек. Ал Асқар көрген күні Балеркені құшақтап тұрған себебі ағасына отбасымен таныстыруға бел байлағанын айтқан екен. Нұршаның қос қарлығашты ерекше қадірлеп, аялауының сыры осы еді.

Ал, тезек қораны паналаған қос қарлығаштың тірі қалған сыңары балапандарын жалғыз өзі өсіріп, қанаттандырды. Ұшырды. Күзге таман үшеу боп ұшып кетті.  Енді Нұрша мен Айдар келесі жылға дейін оларды күтумен болады. Тек, қарлығаштың бір сыңары осы ұядан өлді, тауы шағылып келер жылы бұл үйдегі ұясына оралмай қояр ма екен? Содан қорқады, олай болмаса екен деп тілейді...

Шынар Молданиязова

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале