11.08.2021, 9:25
Оқылды: 176

Қос Нұрымның жұлдызы жанған күн

Дәстүрлі әнші, термеші, республикалық телевизиялық байқаулардың лауреаты Амангелді Ғұбайдулиннің 70 жылдығына арналған "Амангелді – ақтаңгер, ән дүлдүлі" атты аймақтық-республикалық дәстүрлі әншілер байқауы өтті.

1628622072924

Маңғыстау, Атырау облыстарынан, Орал қаласы мен аудандарынан келген байқауға қатысушылар Сырым аудандық балалар саз мектебіндегі А.Ғұбайдуллин атындағы дәстүрлі ән сыныбымен танысып, кейіннен аудан орталығындағы Қадыр ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

1628622009314

Байқаудың алғашқы кезеңінде дәстүрлі әншілер Мұхиттың әндерін, келесі кезеңде Қанапияның әндерін орындап, өзара бақ сынасты.

Екі кезеңнен тұратын өнер додасында ҚР мәдениет қайраткері, І республикалық сал-серілер байқауының жүлдегері, әнші-сазгер Елемес Мағазов бастаған қазылар алқасы үміткерлерге әділ баға беріп, өнерлерін бағалады.

1628622093400

Кілең мықтылар арасында өткен байқау нәтижесі бойынша ІІІ орынды оралдық Нұралы Айтуғанов, Мирлан Жамбылов және сырымдық Дархан Қажығалиев өзара бөліссе, ІІ орынға байқаудағы жалғыз нәзік жанды, маңғыстаулық Сандуғаш Мұхамбет, күй отанынан келген атыраулық Болатбек Құбашев лайық деп танылды.
Көптің арасынан суырылып шығып, Мұхит әндерінің мұрагерлерін тудырған киелі мекен Қаратөбе ауданынан Нұршат Есламғалиев, өнерлі топырақтың перзенті, сырымдық Армат Алдамжаров І орынды иеленсе, бас жүлдені маңғаз Маңғыстаудан келген Нұрым Асқанов еншіледі.

Барлық жеңімпаздар мен қатысушыларға ақшалай сертификаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев байқау қонақтары мен қатысушыларына алғыс білдіріп, А.Ғұбайдуллиннің жары Балсекер Махметованың иығына қамзол-шарқат жапты.

1628621977244

Одан бөлек, атасының рухына арнау айтқан Нұрым Амангелдіге Халықаралық "Шабыт" фестивалі, республикалық М.Мерәліұлы және Ғ.Құрманғалиев атындағы байқаулардың бас жүлдегері, "Құрмет" орденінің иегері, облыстық филармонияның дәстүрлі әншісі Қайрат Какимов ұстазы, ән дүлдүлі Амангелдінің домбырасын сыйға тартты. Киелі домбырамен өнер көрсету бақыты Нұрым Асқановқа да бұйырыпты. Халықтың ықыласына бөленген қос Нұрымның жұлдыздары жанған күн болды.

Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале