13.04.2022, 16:15
Оқылды: 252

«Құмды ауылым – Көздіғара, Жүрегімде өзің ғана!»

«Құмды ауылым – Көздіғара, Жүрегімде өзің ғана!» - деп шарықтайды әнші, сазгер Армат Алдамжаровтың туған ауылы туралы әні. Десек те, тек Арматтың емес, Көздіғарада туған, тумақ түгілі дәмін татып, суын ішкен әр адамның жүрегінде осы сөз салтанат құрып тұр десек артық айтпаспыз. Оған кеше куә болдық.

1577FB56-12EA-48EB-9AD1-30B04BA026D2  Сырым ауданы Сарой ауылдық округіне қарасты Көздіғара ауылында кешегі жексенбіде «Көздіғара бәйгесі – 2022» атты мәдени-көпшілік шара өтті. Даладағы думан Құранмен, батиқамен басталды. Ауыл ақсақалы Орақ Әдиұлы Алланың Қасиетті кәләмынан аяттар оқып, елдің амандығын, жердің игілігін сұрап, бата жасады.

Шараның салтанатты ашылуында Сырым ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов, ақын, «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің директор-редакторы Бауыржан Ширмединұлы және Көздіғара негізгі мектебінің директоры Жақсыгелді Қайыров сөз сөйледі. Әрі қарай далалық сахнада құмды ауылдан түлеп ұшқан өнерпаздар концерт қойды.

Думанды тойды, дүбірлі қызықты көруге тек аудандағы ауылдардан емес, көршілес Тайпақ, Қаратөбеден де тойшыл қауым келді. Әрі шараның «жылдың алғашқы бәйгесі» деген лақабының өзі атсүйер ағайынды үйінде жатқызбасы анық еді.

Көздіғарадағы аналар, жеңгей – келіндер «Елге келген қонақтардың сыбағасы» - деп, көк майсаның үстіне қызыл кілем төсеп, ақ дастархан жайып қойыпты. Тойға келген әр қонақ тізе бүгіп, дастархандағы ақтан, ет-бауырсақтан ауыз тигесін ғана сахна мен атшабарға қарай беттеп жатты. Ауыл аналарының ақ ниетінен ешкім аттап кете алмады.

4A704013-1F25-41AB-961C-83A94AA90CCE

Халық сахнадан ән тыңдап, жаны еніп отырған. Оның үстіне Ақтілек Пионеров "Тойбастар" әнімен ашып, Көздіғара мектебінің ұстаздары мен оқушыларынан құралған би тобы қазақтың ұлттық биін орындап, көздіғаралық әншілер Армат Алдамжаров, Габдрахимов Хасанбек, Бекей Қанатов, Мейірбек Мейрамұлы, Ермек Қали, Бектас Қали, арасында мейман ретінде қатысқан Нұрлыбек Байнияз бар ән шырқағанда көңіл елеңдемей қайтеді? Дегенмен, сазға елітіп отырған дала қазақтары бір уақта өре түрегеліп, көрермендер орыны бос қалды. Сөйтсе, жарыс жолының шаңын алып бермекке тайлар жиналып жатыр екен.

 ***

Міне, сөренің басында тоғыз тай тулап тұр.

- Өзіміздің Ақниет, Ахмет, Қайырболаттар шабайын деп жатыр!

- Саят, Біләл, Нұртұлғаны көрдің бе?

- Анау біздің Жолдыбек пен Ақберен ғой! – деп шулады көздіғаралық ағайын ауылдың шабандоз балаларын көріп. Тайлар үш шақырымға кетті. Мерген Тоғжанның Ершат мінген Желқанаты желдей есіп, бәйгенің басы болып келді. Мақсот Ақбереннің өзі баптап, өзі шапқан Айқасқасы екінші, Қаденов Нұргелдінің Маэстросы үшінші келді. Үшеуінен бөлек, жүлде қорынан тай мінген барлық балаға жүген тарту етілді. Көздіғара ауылының тумасы Мұратбек Мұхамбедиев әр шабандозға он мың теңгеден қаржылай демеушілік жасады.

Тайлар жарыс жолын босатып, ортаға құнандар кірді. Қанша дегенмен сүйектері өскен, сықпыттары келіскен жылқы балалары ғой, құнандардың арасында көз тоқтатып, сүйсінерлік жүйріктер бар екен. Мәселен, Бұлдыртыдан келген төрт сирағын қасқа шалған Саржайлаудың  аяқ тастасы халыққа ұнап қалды.

Сол көңіл алдамады. 9 шақырымдық жарыста Саят тақымдаған тайпақтық Асхат Қамешовтың Жұлдызы жұлдыздай ағып, бірінші келді. Жасыл белдің ар жағынан сарғайған жүйріктің Бұлдыртының Саржайлауы екенін ел бірден білді. Сәкен Ғарифуллин шапқан Қуандық Бердіқожинның сарықасқасы екінші орынға табан тіреді. Шабандоз Нұрдәулет Рашитов мінген «Верный» үштікті аяқтады. Құнанның иесі - Нұрлан Дәулетқалиев.

***​​​

 - Баста! – деп белгі берді жүргізуші. Адырнадан атылған жебедей болған 10 жүйрік тұмсығымен топ жарып, төсіменен жел жарып қойып кетті. Аламан бәйгеге кетті олар.

Сырымның суырылған, Қаратөбенің қараүзер, Ақжайықтың айтулы, Бөрлінің бөлек жүйріктері ауылдың қасында бәйгеге түссе, олардың арасында көздіғараның Тұмары мен Таңжұлдызы болса, көрермен қиқу қоспай тұра алар ма екен? Аттың дүбірі мен халықтың ұран-айқайы бірін-бірі басты. Ернар Алдамжаровтың Таңжұлдызы соны түсінгендей. Таңда туған жұлдыздай жарқырап, көсіліп шапты. Бәлкім басы қатты болып, шабандозға ерік бермеді ме екен, әйтеуір әп-дегеннен аққан жарықтық төрт айналым бойы сол қарқыннан танған жоқ. Әттеген-айы сол, соңғы айналымға күші жетпей қалды. Дәурен Жылқайдаровтың тақымындағы Байторы ондай мүмкіндікті жібермейді. Байторы Таңжұлдыздың қасынан салып өтті. Ақыры, Бөрлі ауданы, Достық ауылынан келген НұрболатЖиреншиевтің тұлпары бірінші келді. Екінші жүлдені Талдыбұлақтан келген Жалын елге алып қалды. Шабандоз -Қуандық Арыстанбек, иесі – Абзал Өтегенов. Бұлдыртылық Бақторының Байторыға жетуіне сәл қалып еді. Араға Жалын кірмегенде... Нұрсұлтан Көкенов шапқан Мейрам Аманбаевтың торысы үшінші орынды талғажау тұтты.

Бәйгеден кейін әйелдер арасында жаяу жарыс, бағана өрмелеу, арқан тартыс секілді ұлттық ойындар ұйымдастырылды.

 - ҚР Президенті Қасым – Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялады. "Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық - бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз" – деді Мемлекет басшысы. Сондықтан, осы шараны жас ұрпақтың тәрбиесі үшін ұйымдастырдық. Тай мініп, бәйге шапқан шабандоздарымыз ауыл балаларының қандай болуы керектігін көрсеткен шығар.  

- Тойға келген барлық бүлдіршіндер мен жас жеткіншек балаларға "Серік" шаруа қожалығы тегін балмұздақ, тәтті сусындар таратылды. Сырым аудандық мәслихат депутаты Ернар Байдашов құнан бәйгесінің сыйлығына қосымша қаржылай және Көздіғара негізгі орта мектебінің оқушыларына Сырым музейіне тегін жолдама сатып алып беріп, демеушілік жасады. Алаңдаұлттық тағамдардан сауда қатары ұйымдастырылып, қызу сауда жасалды. Бұл шарада Көздіғараның барлықазаматының үлес - жәрдемі бар. қаржылай жиналып. Жүлде қорын қамдау үшін Дәурен Бүркітұлы баспақ, Қуаныш Мақсотұлы қой, Сәндібек Орақұлы ешкі, Серік Тарғынұлы мен Қамбар Темірбекұлы қаржылай көмектесті. Тойдың тамаша өткені ауыл азаматтарының ауызбіршілігі мен келген қонақтардың ыстық ілтипатынан деп білеміз, – дейді шараны ұйымдастырушы топтың өкілі, ауыл мектебінің директоры Жақсыгелді Қайыров мырза.

Көздіғара мамыр айының 6-шы жұлдызында тағы да даланың шаңын көтеріп, ат шаптырмақ. Демек, той тарқамайды.

 Б.Шерім,

Көздіғара ауылы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале