24.02.2021, 9:31
Оқылды: 87

Құрметті байланысшыға құрмет қане?

Ақпанның тоғызыншы жұлдызында «Құрметті байланысшы», «Еңбек ардагері» медалінің иегері, Файруза Усманова сексеннің сеңгіріне шықты. Әкесі Исмағұл Усмановтың отбасында көрінген тоғыз баладан Файруза апай, бір сіңлісі мен інісі қалды. Файруза Усманова Жымпитының топырағында туып, орыс сыныбында білім алды. Қызылорданың қазақ педучилищесіне оқуға қабылданып, бірақ оқуды аяқтамай елге келеді. Туған жерге оралып, 1958 жылы Жымпиты аудандық байланыс торабына жұмысқа орналасты. Содан табан аудармастан, зейнетке шыққанша 1990 жылға дейін және одан кейін алты жыл тағы қызмет етті.

CC27741F-1C44-40A7-B129-0EC15587BE4C

Алғаш байланысшы-үйренуші болып кірген соң, Алматыға бір айлық курсқа жіберілді. Айлық курсты аптада үздік бітіріп, Жымпитыға келіп, аға байланысшы болып орналасты. Сөйтіп, Файруза апаның құлағы, қолы, аузы, аяғы айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызуда тыным көрмеді. Ауданның құлағы мен аузына айналды. Байланысқа шыққан жердің сымын коммутаторға тез тығып, аяғымен құрылғының тетігін басып отыруда көз ілестірмеді. Ол кезде қазіргідей әр адамның қолындағыдай смартфон түгілі, нөмірі саусақпен бұрап терілетін үй телефондарының өзі жоқтың қасы болатын. Басшыларды, әкімдерді облыс, республика, шетелмен байланыстырып, алыс пен жақынды тілдестіру Файруза Исмағұлқызының мойнында еді. Қасындағы екі байланысшы кеңшарларды байланыстырды. Қапиза Нұрмұханова, Ұмсын Жалмұханбетовалармен әріптес болды. Электр жарығы сөніп қалса, жүгіріп барып, моторды дүрілдетіп қосу да нәзікжандылардың міндетіне кірді. Байланыстағы адаммен сөйлесу мәдениеті де маңызды еді. Жаңадан жұмысқа орналасқан сегіз қызға тәлімгер боп, жұмыстың қыр-сырын меңгертті. Файруза Исмағұлқызы 38 жылда Ғиззат Жұмаевтан бастап, Сыдық Тәжмұханға дейін сегіз басшымен қызметтес болыпты. Халыққа мінсіз еңбек етті. Автоматты телефон байланысын нығайтуда,  межеге жетуден биіктен көрінді. Облыстық партия  конференциясына делегат болып сайланды.

D21C4456-FA81-4543-A789-8BC638C1B4F1

–    Уақытпен санасу дегенді  мүлдем білмедік. Түнгі сағат 00.00-де шұғыл сөйлесу қажет болған жағдайларда ұйықтап жатқан орнымнан ұшып түрегеліп, жұмысқа баратынмын. Күніне 100-дің үстіне адамды телефонмен байланыстырып отырдым. 1990 жылы зейнетке шыққанда ұжымымның берген естелік қызыл телефоны үйде әлі бар, жасап тұр,- дейді Ф.Усманова.

9C6582E0-9C61-4F1A-927F-8B02D343157F

Алайда, қызметте үздік болған Файруза апаның тағдыры жеке өмірінде өте ауыр болды. Қиындыққа сынбай, қабырғасы да қайысса да, төзе білді.

  –   1960 жылы қазақтың жігіті Сайын Ғаниевтың етегінен ұстадым. Сайын да аудандық байланыс торабында монтер боп жұмыс жасады. Мені көздеп жүр екен. Маған қолы жетіп, жар еткен соң, бір айдан кейін басқа қызметке ауысты. Үш жыл әскерде болды. Құрылыс саласының маманы болып оқуын оқыды. Екі қыз, екі ұл өмірге әкелдік. Алайда, үлкен қызым Гүлвира қырқынан шыға, екінші қызым Гүлшара бірер жасында қайтты. Үлкен ұлым Тахир он жыл бұрын 40 жасында өмірден озса, екінші ұлы Талғат 1980 жылы 13 жасында  бақиға аттанды. Балаларымның төртеуі де көзігіп қайтты. Азаматым Сайын аяқ-қолы жасамай, тілден айырылып, сал болып науқастанып қалды. Есіктен үйге кіріп келе, «мен кетіп барам» деп шалқасынан құлап бара жатқанда, балам екеуміз ұстап қалдық. Бақтығали Ахметов деген дәрігер өзі келіп қарап,  санавиация шақырып, Орал қаласына алып кеттік. Бір ай ауруханада жатты. Қасында болдым. Баратын жерлеріне арқама салып сүйреп жүрдім. Үйге қос балдақпен келді. Солай жиырма жыл бақтым. Қайнағаларым бар, келіні болсам да,  «бауырымды  бақтың» деп риза болып, алдымнан кесе өтпейді. Жұмысқа да үлгердім. 2010 жылы үлкен ұлым өмірден озды. Төртінші перзентімді жер қойнына тапсырдық. Сол жылы баланың уайымы батты ма, отасқанымызға елу жыл толуына бір ай қалғанда артынан әкесі де дүние салды. Бір жылда үйден екі сүйек шықты,- дейді Файруза Исмағұлқызы ауыр тағдыры жайында.

8824510B-ABCB-464A-86CE-09B0FAB72AF0

Одан кейін 2017 жылға дейін жалғыз тұрып, қолына қос жанарының жарығы сөнген інісі, І топтағы мүгедек Тауфихты алды. Інісінің де жары өмірден өткен, бір қызы бар, тұрмыста. Бүгінде сексендегі әжей көзі көрмейтін жетпіс жасар інісін бағып отыр. Тауфих аға бір көзіне ота жасатқан, ота жасалған көзі бұлдырап болса да, сәл қарайып-ағараңдап, көргендей болады.  Оған аудандық аурухана жолдама беріп, порталға салып, емделуге мүмкіндік берсе, жақсы болар еді дейді әже. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің үйден әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінен Жансая есімді әлеуметтік қызметкер аптасына бір келіп, үй-ішінің шаруаларына көмектесіп кетеді. Бұрын Жымпиты ауылдық округі әкімдігі ер-азаматтарды жіберіп, үйдің сыртқы жұмыстарын жасауға қол ұшын созатын еді. Қазір ондай көмектесетін азаматтар жіберілмейді екен. Ер азаматтың қолы болмаған соң, әрине, қиын. Файруза әженің жарылып-сынып біткен шатырынан су кетіп тұр. Алдыңғы жаңбырларда төбеден су сарылдап ағыпты. Үйге газ кіргізілгенімен, еден салқын. Үйдің ішінде Файруза әже мен Тауфих аға тәпішкемен жүреді екен. Ызғар аяқты қаритынын сол үйде отырғанда, біз де байқадық. 2014 жылы ауыстырылған пластик терезелер терлеп, жақтаулары дымқыл тартып, қарайып кетіпті, сылақтары түсіп жатыр. «Осы терезелер мені әбден шаршатты» дейді үлкен кісі.

Қос жанарынан айырылған Тауфих аға аяқ жолын жаттап алған соң, сыртқа өзі кіріп-шығады. Алайда, екі бірдей қария тұрған үйге ішкі әжетхана, су шығатын септик, кәріз жүйесі өте қажет. Сексендегі кейуанаға шелектеп су төгіп жүру оңай шаруа емес. Бір қараған жанға үй сыртынан жақсы жағдайда көрінуі мүмкін. Қабырғасы – силикат, терезесі – пластик. Ауласы тап-тұйнақтай. Ал, үйдің ішіне кіріп көрген адам «Құрметті байланысшының» жағдайы мәз емес екеніне көзі жетеді. Балалары жасап береді дейтіндей, олар да өмірде жоқ. Сіңлілерінің балалары Финляндияда, Ресейде, Германияда тұрады екен. Бір жақсысы, Файруза апайға қалааралық, мемлекетаралық сөйлесуге «Қазақтелеком» АҚ жеңілдік беріпті, айына 90 минөт тегін сөйлесе алады екен. Шетелдегі туыстарымен хабар алысып тұрады.

Кезінде қандай абыройлы қызмет жасап, отбасындағы қайғылы жағдайға қарамастан, елге еңбегі сіңген Файруза әжей бір әкімнің есігін қағып, өздігінен көмек сұрап көрген емес. Сұрамсақтанудан гөрі, шүкіршілікті дұрыс санап келіпті.

Қолы босай қалса, Файруза әже Құран кітаптың қазақша, татарша мағыналарын оқиды. Жұма сайын мешітке барады. Мешіттен құр қайтпай, оқуға діни журналдар әкеледі. Айналадағылар үйлеріне Құран оқытуға, қайтыс болған адамды оң жаққа салып беруге әжейді шақырады.

–   Көрші-көлем «апалап» құрақ ұшады, сәбилер «әжелеп» жүгіріп келіп  жатады. Осы Жымпитыда тудым, өстім, бойжеттім, тұрмыс құрдым, еңбек еттім. Мені Жымпитының итіне дейіне таниды. Бәрі сыйлайды. Оларына разымын. Шатырым мен тереземді жөндеп берсе, көзімнің тірісінде басшыларға рақметімді айтып өтер едім, -дейді әжей.

Файруза әже мен інісі Тауфих аға жуырда «Отау ТВ» қондырғысын алыпты. Суретін көрмесе де, Тауфих аға телеарналардың даусын тыңдап отырғысы келеді екен. Теледидарға орнатып беретін адам керек дегесін, бұл істің маманы Гайдар Мещеровке хабарласып, мән-жайды айтып, «Отау ТВ» құрылғысын қондырып беруге уәдесін алдық. Енді үйді жөндеп беруге қол ұшын созатындар болса дейміз.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале